Жат болып жалтарған көкек әкелерден алимент өндірудің жолдары бар ма?

393
көрілім

Еліміздің заңнамалары әр ата-ананы өз баласын кәмелеттік жасқа дейін күтіп-бағуға міндеттейтіні белгілі. Бірақ олардың барлығы осыны қалайды деп айтуға келмес. Егер ата-ананың бірі баласына алимент төлеуден жалтарса не істеуге болады? Қазақстанда алимент қалай өндіріледі? Сот алимент өндіру үшін қандай құжаттарды талап етеді? Жұмыссыз адамнан алимент қалай өндіріледі? Елімізде алимент бір, екі және үш балаға қалай төленеді? Қандай жағдайда кәмелетке толған балаға алимент төлеу жалғастырылады? Қандай алименттік төлемдер мен келісімдер болады? Осы және басқа да сауалдарға біз жауап іздеуге тырысып көрдік...

Ажырасу — қашан да ерлі-зайыптылардың, олардың ортақ балалары үшін ауыр күйзеліс екені белгілі. Отбасының өмір дағдысы мен материалдық жағдайы өзгереді. Ерлі-зайыптылар ың-шыңсыз ажырасып, қос тарап балаларды материалдық жағынан қолдауға келіссе бір сәрі. Алайда, бұлай болмайтыны барлығына мәлім. Міне сол кезде күн тәртібінде алимент мәселесі бас көтереді

Алиментті қалай алуға болады?

Алимент - бірінші кезектегі міндеттер қатарына жатады. Өйткені әр ата-ана өз баласын кәмелет жасына жеткенге дейін (кейбір жағдайда 18 жастан асқан соң да) басқа туыстары болуына қарамастан күтіп-бағуға міндетті.

Алимент төлеудің ерікті (келісім бойынша) және мәжбүрлі (сот арқылы) түрдегі екі жолы бар. Ерікті келісімде ажырасқан ерлі-зайыптылар ортақ балаға қандай тәртіпте және қанша көлемде алимент төлеуге келісіп, өзара келісім-шарт жасасқан соң, құжатты нотариуспен куәландырады. Егер оны төлеу кезінде алимент төлеушінің өмірінде қандайда бір өзгерістер орын алса арадағы келісім-шарт бұзылып немесе өзгерістер енгізілуі мүмкін. Ол үшін сотқа арыз жазылады. Мәжбүрлі түрдегі алимент ерлі-зайыптылар келісе алмаған жағдайда сот арқылы өндіріледі. Егер неке сотта бұзылса, сізге сол жерде алименттің төлеу тәртібі мен көлемін бірден анықтатып алуыңызға болады. Егер түрлі жағдайларға байланысты оны сол мезетте анықтаудың сәті түспесе, кез келген уақытта сотқа жүгінуіңізге болады. Арыз әкелікті анықтауға қатысты болмаса және үшінші адамдарды тартуды қажет етпесе судья сот бұйрығын шығарып, сот орындаушысына жібереді. Сот орындаушысы өз кезегінде құжатты жауап берушінің жұмыс орнына жолдайды.

Сот бұйрығы бойынша алимент төлеу арыз берілген уақыттан басталады, ал оған дейінгі уақыт 3 жылды қамтиды. Сотқа арыз жауап берушінің тіркелген орны бойынша беріледі. Ол үшін келесі құжаттар тапсырылады:

- Өтініш-арыз (түпнұсқасы+көшірмесі);

- Жеке куәлік (түпнұсқасы+көшірмесі)

- мемлекеттік алым төлеудің түбіртегі;

- өтінішті негіздейтін құжат (неке қию туралы, баланың туу туралы, некені бұзу туралы, әкелікті анықтау туралы куәлік пен басқа да құжаттар).

Еліміздегі алимент көлемі

Қазақстанда алимент кез келген табыстан өндіріледі. Оның ең төменгі мөлшері белгіленбеген. Оның көлемі ата-ананың келісіміне, балалардың санына, табыс көлеміне және төлеу тәртібіне байланысты. Дегенмен, алимент төлеу келісімінде көрсетілген сома айқын нақтыланғандықтан оны тек сот шешімі ғана өзгерте алады. Мұндай келісім арқылы алименттің көлемін ғана емес, оның төлену мерзімін де белгілеуге болады. Атап айтсақ, оның ішіне белгіленген соманы мерзімді, бір ретпен, ортақ табыстың белгілі бір бөлігі, мүлікті алу немесе басқа да тәсілдерді көрсетуге болады. Бірақ алимент көлемі заң бойынша анықталған көлемнен аспауы тиіс.

Елімізде бала санына қарай алимент көлемі түрлі болады. Ол қалай дейсіз бе? Ендеше қараңыз:

- кәмелетке толмаған 1 бала болса — табыстың 25 пайызы;

- 2 бала болса — табыстың 1/3 бөлігі;

- 3 және одан көп болса — жалақының немесе табыстың 50 пайызы алынады.

Кейбір жағдайларда бұл соманың мөлшері тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайларына қарай азайтылып немесе көбейтілуі мүмкін. Алайда, ҚР "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" заңының 95-бабында алимент төлеушінің жалақысының 50 пайызы өзінде қалуы керек екендігі көрсетілген.

Егер адамның табысын немесе жалақысын анықтау қиын болса (мысалы, ата-ана жұмыс істемесе, тұрақты істемесе немесе жалақыны заттай алатын болса) сот алиментті нақты ақшалай мөлшерде белгілейді. Мұндай кезде сот оның мөлшерін айлық есептік көрсеткішке немесе басқа жағдайларға байланысты анықтайтын болады. Оның үстіне мұндай алимент түрі егер бала күндізгі бөлімде оқитын болса ол 21 жасқа толғанға дейін төленеді.

Алимент қандай табыстан өндіріледі?

Алимент барлық табыс көздерінен өндіріледі:

- Жалақыдан (жыл сайынғы демалыс ақысынан, үстеме ақыдан);

- авторлық үстеме ақыдан;

- келісім-шарт бойынша тапқан табыстан;

- зейнетақы мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыдан;

- шәкіртақыдан;

- кәсіпкерлік табыстан;

- мүлікті жалға беру табысынан;

- бағалы қағаздар табысынан және т.б.

Жұмыссыз адамнан алимент қалай өндіріледі?

Өкінішке қарай кейбір ата-ана табысын жасырып немесе өзін жұмыссыз етіп көрсетіп өз баласына алимент төлегісі келмей жатады. 2014 жылға дейін алимент көлемі ең төменгі жалақы мөлшеріне байланысты есептелсе, 2014 жылдың қаңтарындағы заңнамалық өзгерістерден соң ол еліміздегі орташа жалақыға байланысты есептелетін болды (ҚР "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодексінің 169-бабы 3-тармағы).

Мысалы: егер 2018 жылы Қазақстанда орташа жалақы 162,7 мың теңгені құраса, кәмелетке толмаған бір бала үшін жұмыссыз әке ай сайын орташа жалақының 25 пайызы көлемінде алимент төлейтін болады. Ол шамамен 40 687 теңгені құрайды. Демек, бұл бұдан былай жұмыссыз болу керісінше пайдасыз деген сөз. Өйткені оның алатын жалақысы орташа жалақыдан әлдеқайда төмен болуы мүмкін.

Сот шешіміне сәйкес сот орындаушысы жауапкердің жұмыс істейтін-істемейтінін, жеке кәсіпкерлікпен айналысатын-айналыспайтынын, мүлкінің бар-жоғын анықтауы тиіс. Сонан соң жұмыс орнына немесе тұрғылықты жеріне ескерту жібереді. Егер алимент 3 ай бойы төленбесе сот орындаушысы оның мүлкін тәркілеу жөнінде ізденіс жасайды. Бұдан бөлек борышкер әкімшілік немесе қылмыстық жазаға тартылып, ата-аналық құқығынан айырылуы мүмкін.

Сот шешімі орындалмаса ше?

Мұндай жағдайда бірінші кезекте сот орындаушысына жүгіну керек. Өйткені нақты осы адам алименттің уақытылы төленуін қадағалайтын жауапты тұлға.

Тағы бір маңызды жайт, сотқа жүгінгенге дейінгі 3 жыл көлемінде жинақталған борышты ғана өндіре алатыныңзды ұмытпаңыз. Егер жауапкер алимент төлеуді тоқтатса оның ар-ұятының оянуын жылдар бойы күтудің қажеті жоқ, бірден шара қолданыңыз!

Кейбір кезде сот орындаушыларының әрекеттері сіз күткен нәтижеге жеткізбеуі мүмкін. Мұндай жағдайда сіз бірінші кезекте:

- борышты анықтау жөнінде қаулы шығартуға өтініш бересіз (сот орындаушысына немесе Сот актілерін орындау бойынша Департаментіне беріледі);

- қаулыны алған соң әкімшілік іс қозғау жөнінде өтініш бересіз;

- сот шешімін мәжбүрлі түрде орындату және борышкердің ел аумағынан уақытша шығуына тыйым салу жөнінде жазбаша түрде өтініш бересіз;

- егер борыш көлемі 250 АЕК асса, жауапкерге лицензия мен түрлі рұқсатнамалар беруді тоқтату жөнінде өтініш жолдайсыз;

- егер борыш көлемі үлкен болса (мысалы 500 000 теңгеден асса) жауапкердің атындағы мүлікті алуға талап қоюға болады.

Сөз соңында

Еліміздің заңнамаларында кейбір жағдайларда алимент 18 жастан асқан балаларға да төленуі мүмкін екендігі жазылған. Ол қандай жағдайлар екенін саралап көрелік:

1) Егер бала жоғарғы оқу орнында күндізгі бөлімде оқитын болса, онда алимент ол 21 жасқа толғанға дейін нақты белгіленген мөлшерде төленеді (егер келісім-шарт жасалмаған болса);

2) Егер бала жұмысқа жарамсыз болса, алимент мөлшерін сот айлық есептік көрсеткіштен, материалдық және отбасылық жағдайларды ескере отырып тағайындайды (егер келісім-шарт жасалмаған болса);

3) Бұдан бөлек сот жауапкерді қосымша шығындарды өтеуге қатысуға міндеттеуі мүмкін (мысалы, бала ауыр дертке шалдықса, жарақат алса және т.б.).

Азамат ТЕМІРБЕКОВ
Мақала shopomania.kz сайтына сүйене отырып жазылды