Жау дзотын кеудесімен жапқан аягөздік Сабалақ Оразалиновтың есімі ұмытылып барады

157
көрілім

Сұрапыл соғыста дұшпенмен аянбай шайқасып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батыр бабаларымыз аз емес. Соның бірден бірі – аранынан ажал атқылаған дзотты кеудесімен жапқан аягөздік Сабалақ Оразалинов. Отан үшін отқа түсуден де тайынбай, Александр Матросовтың ерлігін қайталаған жауынгер 12 жерден жарақат алса да тірі қалған. Алайда Сабалақтай саңлаққа Кеңес Одағының Батыры атағы сол күйі берілмей кетті.

Көзсіз ерлігі көпке үлгі

Сабалақ Оразалинов 1925 жылы Аягөз ауданының Көксала ауылында дүниеге келген. Қазақ даласын жайлаған аштықтың зұлматы ата-анасынан ерте айырған ол балалар үйінде тәрбиеленеді. Ержетіп Аягөз теміржол депосында жұмыс істеп жүрген Сабалақ соғыс басталғанда майдан шебіне өз еркімен сұранған. 1942 жылы Ашхабадта мергендер курсын бітіріп, 131-атқыштар дивизиясына қабылданады. Осылайша 18 жасқа толмаған бозбала адам қаны судай аққан майдан шебіне кіреді.

1943 жылдың қаңтарында Ленинград шайқасына қатысқан Сабалақ Оразалинов тек мерген ғана емес, сапер, барлаушы, байланысшы да болған. Ұрыс даласында жаужүрек батырдың қолынан талай жау ажал құшады. 1944 жылдың 18 қарашасында кеңес әскерлері фашистердің қоршауын бұзып өтіп, Эстонияның Моонзунд архипелагында шабуылға шығады. Саарема аралының Каимри деревнясы маңында гитлершілер елеулі қарсылық көрсетіп, жауынгерлерді алға жылжытпай қойған. Әсіресе дзоттан бұрқылдата оқ атқан пулеметшілер бет қаратпады. Осы кезде 131-атқыштар дивизиясының 482-полкінің ефрейторы Сабалақ Оразалинов рота командирі, аға лейтенант Климовке «Рұқсат етіңіз, дзотты құртуға мен барайын. Алда-жалда маған бірдеңе болса, жоқтайтын ешкімім жоқ» дейді. Сөйтіп жүрек жұтқан жерлесіміз тоқтаусыз оқ жаудырған дзотқа қарай бет алады. Ұстараның ұшында тұрған осы сәт жайлы Сабалақтың өзі былай деген екен:

– Бір белгісіз күш мені бораған оқ астынан тұрғызып, алға сүйреді. Жүгірген бойыммен гранатаны құлаштай лақтырдым да, жата кеттім. Граната ұяға таяу жерге барып гүрс етті. Сірә, жау атқышы жараланған болуы керек, оқ нөсері бір сәтке тына қалды. Орнымнан қайта тұрып жанұшыра екінші гранатаны лақтырдым. Мүлт жіберіппін, оқ қайта борады. Алғашқы екі жарақаттан әлсіреген менің көзім бұлдырап, бір шешімге келгендей болдым да, теңселіп жүріп оқ шашып тұрған ұяны кеудеммен жаба құладым» (Жанболат Аупбаевтың «Бір ұрыста 12 жарақат» атты мақаласынан. «Лениншіл жас» 1980 жыл, 9 мамыр).

Кедергіден құтылған кеңес әскері 200-ге жуық фашистің көзін жойып, екі бірдей елді мекенді азат етіпті. Ленинград госпиталіне жеткізілген Сабалақ Оразалинов 15 күндей ес-түссіз жатқан. «Ажалың келсе алтын сандыққа тығылсаң да өлесің, ажалың келмесе кескелі тұрған алмас қылыштан да аман қаласың» деп жазады Ілияс Есенберлин «Алтын орда» кітабында. Сабалақтың ажалы келмепті. Екі жылға жуық емделіп, ауылға қайтқан жауынгер ауа-райы жақпағаннан кейін Алматы қаласына көшіп барған. Отбасын құрып, теміржолда, шай фабрикасында ұзақ жылдар еңбек еткен.

Александр Матросовтың ерлігін қайталап тірі қалған Сабалақ жайлы 1944 жылы дивизиялық «За Отчизну», армиялық «Ленинский путь» газеттері жазса да ешқандай атаққа, марапатқа ілінбепті. Бір қызығы, аягөздік майдангер соғыс біткеннен кейін қаза болғандардың қатарына жатқызылып, ерлік жасаған жеріне ескерткіш белгі орнатылған. Бұған себеп – оның жаралы денесін көрген рота писары тірі қалуы екіталай деп ойлаған көрінеді. Сабалаққа тек 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай II дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені берілген. Бір жылдары Эстонияда және Ленинградта тұратын майдандас серіктері оған Кеңес Одағының Батыры атағын беру жайлы бастама көтеріпті. Алайда бұдан еш нәтиже шықпаған.

Тегіне тартып туған

Енді мына кереметті қараңыз. Он екі жерден оқ тисе де әзірейіл жанын алмаған Сабалақ пен оның жұбайы жеті перзент сүйіпті. Соның бірі – су добынан Кеңес Одағының 2 дүркін чемпионы, Қазақстан құрамасының капитаны болған Асқар Оразалинов екен! Асылдың сынығы, алтынның үзігі деп осыны айт! Бойында батыр әкенің қаны бар Асқар 1980 жылы он тоғыз жасында КСРО Жастар құрамасы сапында Еуропаның күміс жүлдегері атанған. Дәл осы додадан кейін ең үздік ойыншылардың бірі саналған ол 1983 жылы Кеңес Одағының ұлттық құрамасына шақырту алады. Сайдың тасындай кіл мықтылар жиналған құрама сапында көлеңкеде қалып қалмай, ең азулы вотерполшылардың біріне жатқызылады.

Асқар Оразалинов

Спорттық мәнсабында «Динамо» (Алматы), «Хет Ай» (Амстердам), «Реал» (Мадрид), «Маккаби» (Хайфа), «Кирьят Тивон», «Рахат» (Алматы) сынды клубтарда өнер көрсеткен Асқар Сабалақұлы КСРО кубогының иесі (1982), дүниежүзілік Универсиаданың 2 мәрте чемпионы (1983,1985), Еуропа чемпионы (1985), Кеңес Одағы чемпионаттарының 2 дүркін күміс, 5 мәрте қола жүлдегері, Азия ойындарының 3 дүркін жеңімпазы (1994,1998, 2002), Азия чемпионы (1995), Израиль чемпионы және Венгрия чемпионатының екі мәрте үздік мергені атағын иеленген.

Асқардың бапкерлігі де өз алдына бір әңгіме. 2000 жылдан бастап Қазақстан Ұлттық құрамасын жаттықтырып, бірнеше рет Азия ойындарының алтын медалін иеленеді. Елімізде жастар чемпионатының қайта өткізіле бастауына мұрындық болып, су добы спортының дамуына көп үлес қосады.

Бүгінгі таңда Алматыда тұратын Асқар Оразалиновпен тілдесу үшін қалалық Спорт басқармасына хабарласып көрдік. Телефон нөмірін алып қоңырау шалып едік, сөндірулі екен. Бірнеше ай бойы ала алмағаннан кейін қайтадан Спорт басқармасына жүгінгенімізде мемлекеттік мекеме мамандары «Ол кісі шетелге жиі шығады. Қазір бәлкім елде емес шығар» деп жауап берді.

Жаужүрек батырдың көшесін жарты күн іздедік

Сабалақтың бел баласымен байланысқа шыға алмасақ та Аягөз ауданын аралап жүріп, Мамырсу ауылынан немере інісін таптық. Сәті түскенде сексеннің сеңгіріне таяған Борантай Оразалиновпен жолығып, емен-жарқын әңгімелесіп қайттық.

Борантай Оразалинов

– Ағамызды үнемі мақтанышпен еске аламыз, – дейді ол, – Эстония жерінде жау дзотының амбразурасын кеудесімен жауып, тірі қалғанына таңқаласың, таңқаласың да тамсанасың. Өлімнен де қаймықпаған қайсарлығы қандай мадаққа болсын лайық. Өте қарапайым, аузын ашса жүрегі көрінетін абзал жан еді жарықтық.

Оның айтуынша, Аягөз қаласында Сабалақтың атына берілген көше бар. Бірақ тым шолақ көше іргеде орналасқан.

– Осыдан бірер жыл бұрын сол көшеге ағамыздың суреті кескінделіп, аты-жөні қашалып жазылған мрамор тақта қойылған болатын, – дейді Борантай Оразалинов, – Алайда ардан безген белгісіз біреулер ескерткіш тақтаны қиратып кеткен еді. Бұл деген ұят емес пе?! Ел үшін шыбын жанын шүберекке түйіп шайқасқан ержүрек батырдың рухын қорлау ғой. Әйтеуір көп ұзамай тақта қайтадан қалпына келтірілді. Бұған да шүкір дедік.

Борантай ағаның үйінен қоштасып шығып, Сабалақтың атына берілген көшені өз көзімізбен көру үшін Аягөз қаласына жол тарттық. Асыра айтқандық емес, қысқа көшені табу үшін тұп-тура жарты күн уақытымыз кетті. Жергілікті тұрғындардың өздері дұрыс білмегеннен кейін Өскеменнен келген бізге тіптен ауыр тиді. Арлы-берлі жүйткіп жүріп, іздеген жерімізге әзер дегенде жеткенде жерден жеті қоян тапқандай қуандық. Дегенмен қуанышымызды көшенің мүшкіл жағдайы су сепкендей басып жіберді. Айналдырған бірнеше үй орналасқан іргедегі шолақ көшенің жолы да мәз емес. Соғыс майдангеріне туған жерінде жөні дұрыс бір көшенің бұйырмағаны бізді расымен де қынжылтты.

Майдангерге арналған ескерткіш тақта

Сабалақтың аты берілген қысқа көше

– Бұл көше осыған дейін Молзовод деп аталған. 2010 жылы мәслихат шешімімен Сабалақ Оразалиновтың есімі берілді. Батыр бабамыздың атын өшірмей, ұрпаққа дәріптеу мақсатында аудандық кітапханада Жеңіс күніне орай жиындар өткізіліп тұрады, – деп Аягөз ауданы әкімінің орынбасары Болат Сүлейменов ресми сұраухатымызға қысқаша жауап қайырды.

***

«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» дейді дана халқымыз. Үмітті ақтай білген есіл ерлеріміз аз емес. Ал сол тұғыры биік тұлғаларымызды қаншалықты дәріптеп келеміз? Ұлымызды құл, қызымызды күң етпек болған жауға қарсы соғысқа аттанып, аранынан тынымсыз оқ атқылаған дзотқа кеудесін төсеген аягөздік Сабалақ Оразалиновты өскелең ұрпақ біле бермейді. Кеңес заманындағы сұм саясаттың салдарынан еленбеген қазақтың батырын біз неге ұмыт қалдыруымыз керек?! Жоғырыда айтқанымыздай, ер атағын сақтағымыз келсе сайыпқыран Сабалаққа Аягөздегі тар көшемен шектеліп қалмай, Өскемен қаласынан бір көше бергеніміз дұрыс болар… Бұл орайда «атқамінер азаматтардың құлақтарына алтын сырға» дер едік.

Біздің анықтама

Матросов ерлігі деген ұғым – пулемет ұясын кеудемен жауып, өз-өзіңді құрбандыққа шалу деген сөз. 1941-1945 жылдары осындай батылдыққа 200-ден астам әскери қызметкер барыпты (кейбір деректерде 300-деп көрсетілген). Ал олардың арасында тірі қалғандар саусақпен санарлық қана. Публицист, филология ғылымдарының кандидаты Тоқтар Бейісқұлов «Кеудесін оққа тосып…» атты кітабында Матросовтың ерлігін 15 қазақстандықтың қайталағандығын жазады. Бұл тек анықталғаны ғана. Әйтпесе бұдан әлдеқайда көп болуы да мүмкін.


Талғатжан МҰХАМАДИЕВ

Тарихи деректерді жинақтауға көмектескен Пушкин атындағы облыстық кітапхана қызметкерлеріне алғыс білдіреміз.