Жай-жапсары сараланды

255
көрілім

Жуықта Шығыс Қазақстанда тұңғыш рет ҚР жеңіл атлетика федерациясының қорытынды конференциясы өтті. Шара барысында федерация президенті Даниал Ахметов алдағы жылы шетелдік бапкерлерді көптеп тарту қажеттігін және Өскемендегі О.Рыпакова манежінің спорт кешеніне айналатындығын атап өтті.

Облыс орталығы соңғы жылдары біздің өңір тұрмақ, мұқым республикадағы жеңіл атлеттердің қыс кезінде жаттығатын орнына айналды. Десе де ШҚО-да бұл спорт саласын дамытудағы шаралар легі осымен тоқтап қалмайды. Қазақстан Республикасы Жеңіл атлетика федерациясының президенті Даниал Ахметовтың айтуынша, 2019 жылы О.Рыпакова атындағы манежді кеңейту жоспарланған.

Сондай-ақ қорытынды конференцияда жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасының бапкері Григорий Егеров баяндама жасады. Оның айтуынша, бөлінген қаражаттың жетіспеушілігі салдарынан спортшылардың саны азайып келе жатыр. Алайда Даниал Ахметов Егеровтың атқарған жұмыстарына көңілі толмайтындығын жеткізіп, сын садағына алды.

– Егер сіз дәл осылай өз міндеттеріңізге немқұрайлықпен қарайтын болсаңыз, онда сізді жұмыстан босатуыма тура келеді, – деді ҚР Жеңіл атлетика федерациясының президенті, – Алдағы жарты жылдың ішінде қандайда бір нәтиже шығармасаңыз, сіздің орныңызға шетелден бапкер шақыртамыз.

Айта кету керек, 2018 жылы жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасына 450 млн теңге қаржы бөлінген болатын.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ