Жеңісті жақындатуға үлес қосты

7682
көрілім

Жалпы бізде белгісіз солдаттар жоқ,

Барлығының бар аты туған жылы.

Олар сонау

Қырық бірінші жыл құрбандары,

Олар сонау қырық бесінші жылдың құрбандығы.

Біз көтердік оларды белгісіз деп,

Белгілі ерлігі мен болашағы үшін.

Олар қайтадан оралды жер-су іздеп,

Туған елдің қорғады ар-намысын.

Сырбай Мәуленов

 Өткен  2020  жыл  екінші дүниежүзілік  соғыстың  аяқталғанына 75 жыл  болса, биыл  2021 жыл екінші дүниежүзілік   соғыстың  басталғанына    80 жыл  толады. КСРО бойынша 27 миллионнан астам адамның  өмірін  қиған  бұл  соғыс талай  боздақты  қыршыннан  қиып, ананы жесір, баланы  жетім етті. Қанды шайқастарға толы 1418 күн мен түн ешқашан ұмытылмайды. Осы  жанкешті жойқынға КСРО халқымен бірге отанымыз, Қазақстан елі де  жұдырықтай  жұмыла  қатысты. Еліміздің  шығыс  өңірінде орналасқан, туған  өлкеміз Тарбағатай жерінен де соғысқа аттанған ер азаматтар, қан майданда  ортақ   жеңіс   үшін  аянбай  арпалысып, қан төкті.
        Деректер  бойынша  соғысқа  4831  тарбағатайлық  қатысып,  олардың  1630-ы соғыста  қаза  тапса, майданнан  1228-і  аман оралды, ал 1973 боздақ хабарсыз кеткен.
       Тарбағатайлық  жауынгерлер Москва, Ленинград, Сталинград, Курск, Тула, Азия  және  Европа  елдерін  азат етуде  көптеген  шайқастарға қатысты. Неміс басқыншылары  Ленинград, Москва, Сталинград  бағытымен  күшейе  түскен  кезде, ондаған  қазақстандық  жауынгерлер сол соғыс өртінің  ішінде  жүрді. Олардың   арасында  тарбағатайлық  жауынгерлердің  де  болғандығын   кейінгі  ұрпақ,  сол  аталарымыздың  айтқан  естеліктері  мен соғыстан келген  хаттары  және  «қара қағаздары»  арқылы білді.  Өз жерлестерімен  бірге менің атам Жантұрсынов  Қабидолда  да соғысқа аттанып, Отанын жаудан қорғады.
   Жантұрсынов Қабидолда 1908 жылы (құжат бойынша 1911 жыл) бұрынғы Семей облысы Зайсан уезі Маңырақ болысында, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Жаңалық  ауылында  дүниеге  келген. Осы  өңірдегі  найман – қаракерейден  тарайтын, Байжігіт  елі: алты Жұмық, бес Саты ішінде  Есенгелді  елінің Алпар-Сәрке ұрпағы. Атам дүниеге келген  кезде ауылда мектеп болмағандықтан өзі тұрған Жаңалық ауылынажақын орналасқан Ақжар  ауылына барып, сол жердегі бала оқытушыдан сабақ алып, сауатын ашқан. Ұжымдастыру кезеңі  басталғанға дейін Жаңалық (Киров), Ақжар ауылдарында ауылшаруашылық жұмыстарын  атқарған. Кейін  есеп- қисап  жүргізу ісін меңгеріп, ауыл, колхоздарда есепші  болып  еңбек  етті.

Отбасылық суретте атам қара костюммен отыр


      Ақжар  ауылында  Балалар  үйінің  есепшісі  болып  істеп жүргенде  1941 жылы 5 тамызда Қызыл Армия қатарына шақырылып, Владивосток қаласында әскери дайындықтан өткен соң «Максим» станокты пулеметінің есепті бөлімше командирі (командир пулеметного расчета ) болып  жауға қарсы шабады.
     1943 жылдың қараша айынан соғыста  болып, Сталинград  шайқасының  Дон  шебіндегі  ұрыстарға қатысады. Сталинград  қаласы азат  етілгеннен  кейін  «IV ші Украина» майданының құрамында Қырым аймағындағы шайқасқа қатысады. Атыс-шабыс кезінде жақын жерден жарылған авиабомбаның  қопарған топырағы астында қалып, ауыр жараланып контузия алады. Топырақ астында қалып қойған оны басқа дивизия санитарлары тауып алып  госпитальге жатқызады. Осы кезде атамның  өз әскери  құрамынан  ауылға  «қара қағаз» келеді. Ауылдағы  ағайындар атамның  үйіне, қайғылы  хабарды  естіртуге барғанда атамның әкесі олардың айтқанын қабылдамай, үйден  қуып  шығып, «ұлым тірі ол аман келеді» деген екен.


      Атам  соғыста  алған  жарасынан есте сақтау қабілетін жоғалтып, өткен  өмірін айтып бере алмайтындай халге ұшырайды. Госпитальде ұзақ емделіп, өз   өтінішімен қайта соғысқа баруға сұранады. Соғыста I ші Прибалтика майданына қатысады. Майдан кезінде жаяу әскерлер отыратын танкте отырғанда, зеңбіректен атылған оқтың дауысынан есте сақтау қабілеті қайта қалпына  келе бастайды.
        I ші Прибалтика майданында  Литваны азат етуге қатысады.  1944  жылы 30 шілде Литваның Кайданов уезі, Стефанов басқара біліп, жеке өзі жаяу әскерлердің қозғалысына  кедергі  келтірген,  екі неміс мергенінің көзін  жояды. Осы  ерлігі  үшін  оны гвардиялық  полк  басшылығы  «За отвагу» медалімен  марапаттайды.
         I-ші Прибалтика  майданында, соғыстың  соңғы  жылында  ең  ұзақ  жүріп, 103 күнге созылған  әскери - саяси  маңызы бар «Шығыс Пруссия  операциясы» барысында Неман өзенінен өту, Кенигсбергті азат ету  шайқастарына қатысады. Осы ұрыстар кезінде Пиллау портын жаудан азат ету  кезінде ауыр жараланып госпитальге  түседі. Госпитальде жатқанда дәрігерлер лақтырып тастай ма деген оймен бойтұмарын шайнап жұтып қойған екен. Госпитальдан емделіп шыққан соң 1945 жылдың қараша айына дейін Литва ССР-і халық шаруашылығын қалпына келтіру ісіне  қатысады. 1945 жылдың қараша айының ортасында елге оралады.  

 


     Атамыз соғыста «11 ші  гвардиялық  армия» сапында, жаяу әскер қатарында  3-ші атқыштар ротасының бөлімше  командирі болған, әскери  шені - гвардия  аға сержанты. Соғыста қан майданның қақ ортасында жүріп көптеген ірі шайқастарға қатысып, ерге тән ерлік көрсеткен. Соғыста  атқарған әскери  қызметі  мен көптеген ұрыстарға  қатысқаны үшін Жоғарғы Бас қолбасшы И. Сталиннің қолы қойылған бірнеше Алғыс хаттар мен медальдар және орденмен марапатталған. Олар: «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені  үшін», «Ұлы Отан  соғысындағы  ерен еңбегі үшін», «За отвагу», «Маршал  Г.К Жуков» медалі және «Отан соғысы» ордені мен жеңістің мерейтойлық  медальдары.


   Елге келген соң есепші болып: Қазақстан, Өмірлік (Қабанбай), Ақмектеп  ауылдарында зейнет  жасына  дейін еңбек  етеді. Бейбіт өмірде де табысты   қызмет етіп, «коммунистік еңбек екпіндісі» атанды. Бірнеше мадақтау  қағаздары  және  есімі жазылған алтын қол  сағатпен марапатталған. Отбасында бала тәрбиелеп, немере сүйіп, ақ сақалды  ата, ел ішінде ардақты ардагер   болды.


    Біз үшін атамның немерелері, бала кезімізде атама, соғыстағы  шайқастардың мерейтойлық  құттықтаулары  мен 23 ақпандағы мереке  және  9 Мамыр Жеңіс күндері берілетін түрлі  мадақтаулар, әрі қызық, әрі  мақтаныш  болатын. Менің  ерекше  есімде  қалғаны, сондай марапаттың  бірі 1995  жылы  Жеңістің 50 жылдық мерейтойына арналған сыйлық, Президент Н.Назарбаевтың құттықтауы жазылып, қолы қойылған қара түсті радиоқабылдағыш пен қолсағат  еді.
        Осылай ғұмыр кешкен ардагер  атамыз 1998 жылы 90 жасында Ақмектеп ауылында  дүниеден өтті.


     «Ер есімі ел есінде», «Жақсының аты – ғалымның  хаты  өлмейді» дегендей, атамыздың есімі Ақмектеп ауылындағы мектеп қабырғасында, тарихшы мұғалім Күмісжан Жылқайдарованың «Жеңісті жақындатқан жерлестеріміз»  атты  кітапшасында  және  Жеңістің 70 жылдығына арналған «Ешқашан ұмытылмайтын ерлікке тағзым» атты аудандық тарихи танымдық  кітапта  жазылған. Ел басына күн туған сонау сұрапыл заманда, ер азаматтық  міндетін орындап, Отан үшін от кешіп ел қорғаған атамызды біз әрқашан   мақтан  етеміз.
Атамыз туралы деректер атамның кенжесі, ағам Мұратхан Жантұрсыновтың айтуы бойынша жазылды.


    Немересі Қуаныш Қабидолдин
ШҚО. Тарбағатай ауданы
Ақжар ауылы

    Абай  атындағы орта мектебінің шебер педагог
  санатындағы тарих пәні  мұғалімі, магистрант.

 

Бұл ресми құжаттың қоршалған тұсында жазылған жазулар:

1) Приказ По 13 гвардейскому стрелковому Севастопольскому полку 3 гвардейской стрелковой Волнавахской Краснознаменной дивизии. 15 августа 1944 г № -35 Действущая армия

От имени Президиума Верховного Совета СССР награждаю: Медаль « ЗА ОТВАГУ»

2) Команира отделения 3 стрелковой роты гвардии старшего сержанта Джантурсунова Кабидолда за то, что он в бою под. д Стефаново , Кайданского у.Литовской ССР 30.07.44 года умело командовал своим отделением и лично уничтожил двух немецких снайперов, мешавших продвиженю нашей пехоты.