Жерлестері қарсы алды

527
көрілім

Үржарлықтар Баку қаласында өткен дзюдо күресінен Әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған Ерлан Серікжановты құшақ жая қарсы алды. Аудан әкімі Серік Зайнулдин спортшыға 1 000 000 теңгенің сертификатын табыс етті.

Халықаралық додада екінші орынды еншілеген Ерлан Серікжановты ауданның спорт ардагерлері мен жанкүйер жерлестері сән-салтанатпен қарсы алды. Ерлан қара шаңырақ – Абай атындағы орта мектептен білім алып, бұған дейін жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2011 жылы дзюдо күресінен «Мастер Бреман» атты халықаралық турнирінің жеңімпазы, Тунис қаласында өткен «Гран-При» халықаралық турнирінің қола жүлдегері, биылғы жылы Марокко мемлекетінің Агадир қаласында өткен «Гран-При» халықаралық турнирінің күміс жүлдегері сияқты айтулы спорт додаларында жеңіс тұғырына көтерілген болатын.

– Үржар ауданы әкімінің аппараты, күміс жүлдегерге аудан әкімінің Алғыс хатымен бірге 1 000 000 теңгенің сертификатын және спортшының ұстазы Айдар Дәулетқажыұлына 300 000 теңгенің сертификатын табыстады, – деп хабарлады Үржар аудандық ішкі саясат бөлімі, – Сонымен қатар спорт жанашырлары, жерлес ағалары Ерланға және оның бапкеріне ат мінгізіп, мерейлерін үстем етті.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ