Жол апаты салдарынан арбаға таңылған Серікбек Райхан жеке кәсіппен айналысуда

1463
көрілім

«2008 жылы көлік астына түсіп, күрделі жол апатына ұшырадым» деп сұхбатының әлқиссасын бастады жеке кәсіпкер Серікбек Райхан. «Апат айтып келмейді» дегендей, ажал аранынан аман қалған кейіпкеріміздің мойын сүйегі сынып, жұлыны зақымдалған. Соның салдарынан қол-аяғы қимылға келмей қалған екен. Бір ғана сәт пенде ғұмырының күл-паршасын шығарды дегенде, жаралы жан Жаратқанға тәу етіп, өмірді осы күйінде қабылдай білді. Серікбек бүгінде жеке кәсібін ашып, арбаға таңылса да ақырын жүріп, анық басып, берекелі бастаманың бір шетін ұстаған. Одан қалса, отандық өнімді қолдау ниетімен өзіндік бренд те қалыптастырып үлгерді.

 

Жол апатынан жұлыны жаншылған

Асқан қажырлық таныта білген қандасымыз 2005 жылы Қытай асып, Үржар ауданына қоныс аударып келген. Бала күнгі фотограф боламын деген арманына ақырындап болса да жақындай түсіп, сапалы суреттер мен бейнемонтаждар жасап жүрді. Сынаптай сырғып жатқан уақыт жерлесімізге бір зауал дайындап тұрған екен. Жоғары жылдамдықпен ағып келе жатқан автокөлік жолдан ауытқып, Серікбек аударылған көліктің ішінде қалған. Айтуынша, мойын сүйегі екі жерден сынып кеткен. Алған үлкенді-кішілі жарақаттарында есеп жоқ. Жағдай жан шошырлық. Бір жеңілдігі болар деп көршілес қытайлық дәрігерлерге қоңырау шалып көмек сұраған екен, барлығы да бір үміттің барын айтып, сырқатты емдеуге болатындығын жеткізді. Аспанасты елінің ақ халаттылары «жұлыны жаншылған» деп айтса, 2014 жылы жапон елінің дәрігерлері роботпен емдеу тәсілін ұсынды. Алайда оның құны 50 миллион теңге көлемінде еді.

Өн бойында саутамтығы жоқ Серікбекке қозғалудың өзі мұң. Айуынша, жарақаттардың орны шіри бастағанда ауруханада жамбас тұсындағы майды тұтас ойып алған екен. Онысы алты жыл дегенде әрең жетіліпті. Міне осыдан кейін жапондық дәрігерлердің айтқан сомасын шамасы келгенше жинастырудың қамына кірісті.

– Қарапайым халықта ондай ақша қайдан болсын? – дейді ол. – Алдымен Мейрамбек Беспаев, Майра Ілиясова сынды өнер иелеріне байланысқа шыққан едік, олар өздері жауап бермеді. Олар кәмелеттік жасқа толмағандарға ғана жәрдем бере алатындықтарын айтты. Шенді-шекпенділер де көмек беруге тым қауқарсыз шықты. Әйтеуір мешіттегілер аз болса да барын берді. Ел-жұртқа жалтақтаудан құр босқа уақыт жоғалтып жатқанымды сезіп, өзім бір амалын тауып көрейін деп ойладым.

«Сыйлас» сахнаға шықты

Бастапқыда бір автобус алып көрген. Табысы тәуір көрінгенімен, бір бұзылса бүкіл қаражат соған кететін болғандықтан шығыны да аз болмапты. Шопырларды жиі ауыстыруға тура келді. Тіпті жарты миллион теңгеден артық қарызға кірген көрінеді. Өзі айтқандай, тірнектеп бастаған тірлігі желге ұшпапты. Осының арқасында бренд ашудың сәті түсті. Жеке кәсіпкерлігі де бар, әйтеуір үш жыл дегенде «Сыйлас» деген марканы қолына алды. Неліктен мұндай ат қойдыңыз дегенде «Ұлымның есімі Сыйлас еді» дейді жаны жаралы кәсіпкер. 2018 жылы жеке кәсібінде ширақтық танытқан қандасымыз бір жарым миллион теңге табыс тауып, сол қаражатқа тұқымы ірі шемішке және оны қуыратын станок алған екен. Қаптамаға ұлттық нақыштағы дизайн да ойластырып, сол жылы «әу бісміллә» аяқ алысын бастап жіберді. Бір өкініштісі, барған базар-дүкендерде жарнаманың жоқтығына байланысты шемішкені сатылымға толықтай шығару мүмкін болмай тұр. Бастысы, ниеті асқақ. Дүкен сөрелеріндегі сан түрлі сусын түрін көрсе, таңдап тұрып отандық өнімді ғана алуы біраз жайтты аңғартады.

– Көшеде, саябақта тұрып та сатып көрдім. Көпшілік көңілінен шықты. Жарнама болғанда сұраныстың артары сөзсіз. Жоспарымда құрт өндіру жұмысы да бар. Өтімі жағынан шыны керек, шемішкенің алдын орап кетеді. Тек «жалғыздың үні шықпас» дегендей, бір өзім көтере алмайтын шоқпарды белге байлағандай болып тұрмын. Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін қоймайтын біреумен бірлесе істесе өнбегі жоғары болар еді, – дейді кәсібін дөңгелетіп әкетуге құлшыныс білдіріп.

 

Құр сенделткен Қытай медицинасы

– Әу баста Үржар ауданындағы ауруханада болып, қажетті ем-дом қабылдадым. Бір әттеген-айы ондағы дәрігерлердің қызмет сапасының төмендігі. Мойны қозғалса-ақ өліп кетеді деп түп-түзу жатқызды. Сөйтсе ондай әрекеттің оңтайлы әсерінің болуы екіталай екен. Аз уақыттан соң Семейге бет алдық. «Үржар-Семей» бағытындағы тасжолдың тағдырыма ықпалы еткенін айтсам таң қалатын шығарсыздар, – дейді ол. – 7-8 сағатта қатынайтын жерге 47 сағат жүріп зорға жеттік. Жол машақатын айтып тауыса алмайсың.

Осылай деген жерлесіміз Семейге барғанда ақ халаттылардан мүлде басқа уәж естігенін жеткізді. Үржарда науқастың мойнына гипс салып, ұзақ уақыт қимылдауға мұрша бермеген. Ал семейліктер бұл ретте дәрігерлердің обалды қылып, ең сорақысы, жамбас тұсын қарайтып жібергендіктерін жасырмапты. Амал нешік, осыдан барып жамбасындағы қызыл етті ойып алып тастады. Ота жасаған сәтке жақындары көз алмай қарап тұрған. Алдымен анасының жылағаны құлағына жетсе, жұбайы тұрды жанын шүберекке түйіп.

– Өмірімдегі қиын-қыстау кезеңнің бірі деп осы кезді айтар ем. Ары-бері аунасам алма-кезек жараның асқынуы мазамды алды. Семейде екі ай болдым. Жәрдемін аямаған мамандарға алғыстан басқа айтарым жоқ. Екі алақандағыдай жараның көлемі екі есе кішірейді. Сөйтіп, ақ тілегімізді арқалап Қытайға жол тарттық, – дейді еске алып.

Сенесіздер ме, қытайлық дәрігерлер мұндай жараны бұрын-соңды көрмеген болып шықты. Ондағылар алдымен мойынды емес, асқынған жараны емдеуге кірісетіндіктерін айтыпты-мыс. Өйтпегенде қауіп бұлты өршіп, денеге қарай жайылатын болған. Атағы алысқа кеткен аспанасты елінің медицинасына сеніп барып еді, ойлағандай болмады. Серікбектің айтуынша, ол жаққа 2,5 миллион теңгемен барған екен. Жәрдемдесудің орнына жамбасын тартып отырып тігіп, кейін науқасқа күйік еттің күлімсі иісі білінген. Осындай ота төрт рет жасалып, төртеуінде де сөгіліп, еш көмегін бермеді. Туыс-туғандарының тізе қосуымен жиналған бар қаржы түгелімен көршілес елдің дәрігерлеріне жұмсалды. Алайда нәтиже болмады.

– Төрт ай жатып шыбын жанымыз қалды дегенде елге қайтуға қамдандық. Құйқалы жерге табан тіреп, қуқыл тартқан жүзімізге қан жүгіре бастады, – дейді ол сол бір күндерді еске алып.

Жұбайының қамқорлығы жанына медеу болды

– Арбаға таңылғанымда айналамдағыларға масыл болғым келмеді. Менің жағдайымда туғандары тастап кеткен жайттың қаншамасын естігем, – дейді өткенге бір ой жүгіртіп. – Жұбайыммен 2008 жылы шаңырақ көтердік. Аллаға шүкір, он бір жыл отасқан ғұмырымызда аяулы жарым Жайна жанымнан бір елі кетпеді. Жол апатынан кейін оның қиналғанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Сөзіне құлақ ассақ, жолдасының көпшілікке көрсетпей көз жасына ерік берген кезі қаншама… Сағат сайын төсек орнын ауыстырып, барынша қамқорлығын көрсетті. Қала берді, отбасында қатқан нанды талғажау еткен күндер де болған-ды. Бұл да басына түскен баспақшыл кезеңдердің бірі. Сол уақыттарда қандай жағдай болмасын, қарыз алмау еді басты ұстанғандары. Шақырған жерге арбаға отырғызып, киіндіріп алып барып, тазалығын да Жайна ұдайы бақылауда ұстай білді Дегенмен өзге жақындары да жан жылуын аямапты. Тағы бір қуанышы – ұлы Сыйлас. Қазір жасы он бірде.

– Ұлымның маңдайынан иіскегенімде өмірдің ащысы кетіп, тәттісі қалатындай, кеудемде келер күнге деген үміт жылт еткендей сезімге бөленемін, – дейді Серікбек.

Аяққа тұру арманы

«Өмірдің ағысы көтеріп әкеп құздан төмен тастағанда қалайша Серікбектің туы жығылмады?» деген сұрақтың болары сөзсіз. Дәрігерлердің қойған диагнозы – I топ мүгедегі. Тәубеге келіп, тағдырдың мезгілсіз жіберген тәлкегіне намазға жығылып төтеп берген екен. Өзінің айтуынша, тағдырдың берген соққысын Тәңірдің жіберген сынағы деп қабылдапты. Қайғылы оқиға болған күнге қайта бір ой жүгіртсек, көлікте төрт адам болған. Солардың ішінде үшеуінің жарақаты жеңіл болып, тек Серікбектің бейнеті қалың екен. Артқы орындағы екі серігі сүйреп алып шықпағанда, өртенген көліктің ішінде қалар ма еді...Арада уақыт өткенде бір таныс имам жолығып, ғибраты мол дүниелер айтқан. Қызығы сол, кейіпкеріміз егер күн арқан бойы көтеріліп, азан шақырғанда оянар болса, онда таң намазын бастап кететіндігіне серт берген. Айтқаны айдай келіп, ертеңінде азан шақырған уақытта бірден оянды. Талай жылдың жүзі болды, бес уақыт намазын үзген емес. Осыдан кейін кесел ойлар келмеске кетіп, ертеңге күніне үмітпен қарай бастаған.

– Күнделікті өмірімде гантельмен жаттығулар жасап, қимыл-қозғалысымды реттеуді әдетке айналдырудамын. Әйтпесе ағзада қандай да бір ақаулардың болып қалуы хақ. Той-томалақтардан қалмаймын, – дейді езу тартып. – Алдағы айларда той легі де қаптап келеді. Сәті түссе ат ізін салармыз. Ырыздығым молайып, табысым жақсарса, Жапонияға жол тартсам деймін. Сол жақта емделіп, аяққа тұрсам деген арманым бар.

Қалың елден қолдау қажет

Кейіпкеріміз о баста айтылған «Сыйлас» маркасымен бірқатар жеңсік тағамдарды өндіруге ниетті екенін айтты. Мәселен құрт өндіруді қолға алса, адамның иммунитетіне таптырмас дәрумен дейді. Одан бөлек, бір маркамен сауда сахнасында ісі өнсе, оны жан-жақты жалғастыруға даңғыл жол ашылмақ. Қолдау көрсетіп, қолұшын беретіндер табылса, онда 200-ге дейін өнімдерді сатылымға шығаруға болады екен. Өкінішке қарай, мемлекет тарапынан ай сайынғы зейнетақыдан басқа ешқандай жеңілдіктер болмай тұр. Сайып келгенде, шүкіршіл пенденің намазға жығылып, тақуалыққа бет бұруы тағдыр тәлкегіне мойынсұнбай, қамшының сабындай ғана қысқа өмірді құр өткізбеудің қамы десек артық айтпаған болармыз.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ