Жол жөндеу жалғаспақ

396
көрілім

Жуықта облыс әкімдігінде өткен жиналыс барысында 2019 жылы Өскемен қаласының жөнделуі тиіс көше жолдары жайлы сөз қозғалды. Аймақ басшысы Даниал Ахметов облыс орталығының әкімі Жақсылық Омарға Ворошилов, Потанин, көшелері мен Әуезов даңғылын кеңейтуді тапсырды.

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінде өткен жиналыста өңірдегі жол жөндеу жұмыстарының жай-күйі талқыға түсті. Әсіресе, облыс орталығындағы жол жағдайы басты назарға ілікті.

– Келесі жылы бірқатар жол мәселелері шешімін табуы тиіс, – деді ШҚО әкімі, – Ең бірінші, Ворошилов көшесін жөндеуге кірісу керек. Осының нәтижесінде біржолақты жол жабылады. Екіншіден, Потанин көшесі Ушанов алаңынан университетке дейін кеңейтіледі. Үшіншіден, Әуезов даңғылын да кеңейту керек.

Сонымен қатар 2019 жылы понтон көпірінен Ахмер ауылына дейінгі жөндеу жұмыстары аяқталып, 14 ықшам ауданнан Алматы тасжолына дейінгі жолдың жөнделуі басталмақ. Сәтпаев даңғылындағы Байбатшин көшесінен Жібек жолына дейінгі жөндеу жұмыстары да ары қарай жалғасын табады.

Даниал Ахметов Қазыбек би даңғылынан Самар тасжолына тікелей шығаратын жолдың алдағы жылы толықтай дайын болу қажеттігін ерекше атап өтті. Айта кету керек, бірнеше жылдан кейін қаладан шығатын тағы бір жол болмақ – понтон көпірі мен 19-ықшам ауданынан Самар тасжолына дейін.

– 2019 жыл Өскемен қаласы үшін өте маңызды болмақ, – деді Даниал Кенжетайұлы, – Облыс орталығындағы жолдардың жағдайы жақсарып, айтарлықтай өзгеріске ұшырайды.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ