Жол-көлік оқиғасына ұшыраған жағдайда өзіңізді қалай ұстау керексіз?

750
көрілім

Ешбір адамда жол-көлік оқиғасын көзімен көріп, куәгер болмайтынына кепілдік жоқ. Бетін әрі қылсын, бірақ осындай жағдайға өзіміз душар болсақ не істемек керек? Көлік пен көлік соқтығысса немесе автокөлік адам қағып кетсе қандай әрекет жасау керек? Күтпеген кезде көпшілігіміз заңнамалық сауатсыздықтың кесірінен басымыз арылмас бәлеге қалып, басы артық қателік жіберіп жатамыз. Аяқ астынан орын алатын осындай жағдайларда не істеу керектігін Бұқара.кз сайтының тілшісіне заңгер Алтынай Аринова айтып берді.

Сонымен, сіз жол апатына ұшырадыңыз делік. Бірінші кезекте дереу тоқтаңыз, өйткені полиция қызметкерлері сіздің көлігіңіз бен соқтығысқан басқа көліктің арасын сантиметрлеп өлшейтін болады.

Полицияға қоңырау соғу қажет пе?

Тоқтаған соң барлық адамдардың дін-амандығына көз жеткізіңіз. Соғылған екінші көлікті тексеріңіз. Зардап шеккендер болса, көмек көрсетіңіз (жол-көлік оқиғасында зардап шеккендерге көмек көрсетпеу жауапкершілікке әкеп соғады). Сақ болыңыз. Алғашқы көмек көрсету ережелерін еске түсіріңіз. Кейде ауыр жаралы адамның өзі шок жағдайында жүгіріп жүруі мүмкін. Адамның аман-сау екеніне көз жеткізген соң ғана «жедел жәрдем» көмегіне жүгінбей-ақ қоюыңызға болады. Жағдай ауыр болса «жедел жәрдемді» күтіп, болмаса көлік тоқтатып немесе өзіңіз жарақаты ауыр адамдарды ауруханаға жеткізіңіз.

Дегенмен келесіні ұмытпаңыз. Егер сіз жол апатының орын алуына себепкер адам болсаңыз, келген дәрігерлерге аты-жөніңізді анық айтып, құжаттарыңызды көрсетіңіз. Осылайша «көмек көрсетпеді» деген айыптан аулақ боласыз.

Сондай-ақ, келген медицина қызметкерінің аты-жөнін, лауазымын, сөйлескен уақытты түртіп алыңыз. Дәрігерден жаралы адамның хал-жағдайын біліп, қандай көмек көрсетілгенін сұраңыз. Мұны куәгерлердің қатысуымен жасауға тырысыңыз немесе жазып алыңыз, өйткені жол-көлік оқиғасынан соң дәрігердің жай ғана жарақат анықтағанына қарамастан «қол-аяғым сынды» деп жала жапқан оқиғалар аз кездеспейді. Сонымен қатар, егер ауруханадағы адамға қандайда бір көмек көрсетсеңіз, дәрі-дәрмек пен көрсетілген қызмет үшін төлеген ақшаңыздың түбіртектерін тастамаңыз. Онымен жарақаттанған адамға қолдан келгенше көмек көрсеткеніңізді дәлелдейсіз.

Кейде көлік астына түскен жолаушының жай ғана зәресі ұшып, денесі көгеріп қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда оған ақша ұсынып, ары қарай шағым түсірмейтіні жөнінде қолхат алып алыңыз. Қолхатта жол-көлік оқиғасының күнін, уақытын, болған жерін, жаяу жүргіншінің, жүргізушінің жеке куәлігінің нөмірін, оқиғаның орын алу жайын, ары қарай моральдық және материалдық талап қоймайтынын жаздырып алыңыз. Тағы бір жағдай: оқиға орнында ауырсынуды сезбей, қажетті қолхатты жазып берген адамның жағдайы бірнеше күннен соң нашарлап кетуі мүмкін. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін холхатты «осы күнге (апат орын алған күнді) талабым жоқ» деп жазу керек. Бұл артынан зардап шеккен азаматқа келген шығынның орнын толтыртуы үшін керек.

«Жедел жәрдемге» хабарласу керек пе?

Егер зардап шеккендер болмаса полицияға хабар берудің қажеттігін анықтап алған жөн. Әрине, заң бойынша бір-бірінің жарық шамын шаққандардың өздері тәртіп сақшыларына хабарласулары керек. Ал бір-бірімен тату айырылысқан жүргізушілерді Әкімшілік кодекс бір жылға дейін көлік басқару құқығынан айыруды көздейтінін білесіз бе?

Басқа жағын алып қарасақ, қандай болмасын жол-көлік оқиғасында сіз кінәлі болып, өзге көлікке зақым келтірсеңіз сізге 10 АЕК (22 620 теңге) айыппұл жазылып, не болмаса тоғыз айға жүргізуші куәлігінен айырыласыз (немесе 15 АЕК, егер адам денсаулығына жеңіл жарақат келсе бір жылға көлік басқару құқығынан айырыласыз). Оған қоса оқиға орнында қажетті құжаттарды ресімдеп, уақыт жоғалтып, артынан сот отырысына бару керек болады. Оның үстіне қираған көлікке берген сақтандыру полюсіңіз келесі жолы қымбатқа түседі. Бұл қателігіңіз полицияның базасында тіркеліп, келесі жолы осындай кінә арқаласаңыз жауапкершілік көбірек болады, сондықтан ойланып алғаныңыз жөн.

Сіз істі сотқа дейін жеткізбей, зардап шегушіге сұраған сомасын төлеуді шештіңіз делік. Артынан артық сөз болмас үшін оқиға орнын әр жағынан фотосуретке түсіріп алыңыз. Келген зардапты тіркеп, ақша берген кезде көлік иесінен ақшаны алғаны және шағымының жоқтығы жөнінде қолхат немесе автосервис қызметінің түбіртегін алып алыңыз. Егер сіз соққан көліктің жүргізушісі немесе ішіндегі жолаушылары жеңіл жарақат алған болса жоғарыда көрсетілген талаптар бойынша шағымдарының жоқтығы жөнінде қолхат алып алғаныңыз тіптен қажет.

Полицейлермен сөйлескенде…

Жол-көлік оқиғасын тіркеуді шештіңіз бе? Егер зардап шегушілер болса бұдан қашып құтылмайсыз. Ондай жағдайда:

1. Оқыс оқиға жөнінде міндетті түрде өз телефоныңыздан қоңырау шалып хабарлаңыз (112 нөміріне жол-көлік оқиғасын хабарлап, «жедел жәрдем» шақыра аласыз). Мұнымен сіз «өз міндеттердіңізді орындамады» деген айыптан құтыласыз (Әкімшілік құқық-бұзушылық туралы кодексінде мұндай әрекетсіздік 5 АЕК көлемінде айыппұл салу жауапкершілігін көздейді).

2. Сонан соң жол ережелері қағидаларының талаптарына бағыныңыз. Апаттық шамыңызды жағып, ескерту белгісін қойыңыз (елді мекен ішінде көліктен 15 метр, тыс жерлерде 30 метр қашықтыққа орнатыңыз) Өзіңіздің кінәлі еместігіңізге сенімді болғанның өзінде полиция келгенше куәгерлерді сұрастырып, аты-жөндері мен телефон нөмірлерін жазып алыңыз. Тар көшелерде соқтығысып, қозғалысты толықтай тоқтатып тастайтын кездер болады. Ондай жағдайда тәртіп сақшыларын тоспай, куәгерлердің көзінше көліктердің тұрысын, іздері мен қираған жабдықтарды тіркеп, фотосуретке түсіріп, автокөліктерді шетке шығарып қойыңыз.

Қоса кетсек, кейбір жеңіл жағдайларда ережелер полиция қызметкерлерін шақырмай-ақ, барлығын тіркеп, сонан соң бөлімшеге барып түсініктеме жазуға рұқсат етеді.

3. Келесі қоңырауды сақтандыру компаниясына шалғаныңыз дұрыс. Сақтандыру компаниясының штатында сақтандыру комиссары болса, ол сізге құжаттарды ресімдеуге көмектесіп, әр жағдайда қалай әрекет ету керектігін айтады.

4. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері құжаттарды тексереді (соның ішінде болуы тиіс сақтандыру полисін де тексереді. Егер ол қолыңызда болмаса, сақтандыру агентіне қоңырау шалып, оның көшірмесін телефон арқылы жіберуді сұраңыз). Куәлігіңіз бен техникалық төлқұжатыңызды әкімшілік соттың шешімі шыққанға дейін алып кетеді. Қолыңызға уақытша жүргізуші куәлігін беріп, жол-көлік оқиғасы орнының сызбасын жасайды.

Оқиға орнын өлшеген кезде полициямен қатар жүріп, сызбаны мұқият қараңыз. Оған көлікке келген зақымның барлығын жаздыруға тырысыңыз (егер бұған мүдделі болсаңыз).

Келесі кезеңде әкімшілік хаттама толтырылып, оқиғаның қалай болғаны жайында түсініктеме жазатын боласыз. Бұл құжат кейін сот шешімін шығарған кезде басты назарға алынады. Мұны сот алдындағы жаттығу деп есептесеңіз де болады, сондықтан барлығын анық, әрі рет-ретімен түсінікті етіп жазыңыз. Ең бастысы, өзіңізді кінәлі емес деп санасаңыз өзге жүргізушінің қандай пункттер бойынша кінәлі екенін көрсетіңіз. Сол жерде бейнетаспадағы жазбаларды талап етіп (бар болса), куәгерлердің куәлігін талап етуіңізге болады. Сіздің пайдаңызға түсініктеме беретін көлікте болған жолаушылардың немесе өзге адамдардың аты-жөндерін бірден жазыңыз. Бұл кейін сот «артынан келісіп алды» деп күдіктенбес үшін керек.

Хаттамаға қол қояр алдында барлық бөлімдерінің толық толтырылғанына көз жеткізіңіз. Сонан соң ғана өз түсініктемелеріңізді енгізіңіз. Хаттамамен келіспесеңіз де қол қоюыңыз керек. Бірақ астына «келіспеймін, түсініктемені жеке беремін» деп көрсетіңіз. Егер полиция қызметкерінің әрекетіне көңіліңіз толмаса, оның үстінен әкімшілік сотқа немесе басшылығына шағым түсіруіңізге болады.

Сондай-ақ, полиция қызметкері жол апаты қатысушыларының бірінің мас екеніне күдіктенсе оған медициналық куәландыру белгілеп, көлікті айып тұрағына алып кетеді. Екі тараптың бір-біріне деген дау-дамайы болмас үшін медициналық куәландырудан бірден өткен дұрыс.

Әкімшілік соттағы әрекет

Егер істі қарауға жол апатының барлық қатысушылары келіп, даулы жағдайлар болмаса, сот шешімді бірнеше минутта шығарады. Даулы жағдайлар туындап қалса, сот қосымша тергеу амалдарының қажет екендігін ескертеді (егер сіз осындай жағдайдың орын алатынын алдын ала білсеңіз ,көлікті жөндемей тұра тұрғаныңыз жөн. Оған келтірілген зақым сіздің пайдаңызға шешім шығаруға көмегін тигізеді).

Өзгенің мүлкін қиратқаныңыз үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс 10 АЕК көлемінде айыппұл қарастырып, тоғыз айға дейін көлік басқару құқығынан айыруды көздейді. Егер жүргізуші куәлігінен айыруды шешсе, көліктің сіз үшін қаншалықты қажет екеніне сотты сендіруге тырысыңыз. Өзіңіздің нәпақаңызды осы көлікпен жолаушылар тасып, не болмаса азық-түлік жеткізу арқылы тауып жүргеніңізді айта білсеңіз тіптен жақсы. Сонымен қатар асырауыңызда кәмелетке толмаған балалардың барын, әйеліңіздің жұмыс істемейтінін айтып, отбасын асырап отырған жалғыз өзіңіз екенін айтып ескертуге тырысыңыз.

Сот шешімімен келіспесеңіз, апелляциялық шағым түсіруіңізге болады, бірақ бұл басқа тақырып.