Жөндеу жұмыстары жалғасуда

314
көрілім

Биылғы жылы өңірімізде 236 шақырым облыстық маңыздағы автомобиль жолдары орташа жөндеумен қамтылып, 2,8 млрд. теңгеге 300 мың шаршы метрден астам жол шұңқырлары, су өткізгіш құбырлар мен кіші-гірім көпірлер жөнделді. Бұл жөнінде облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ресми сайтында хабарланған.

«Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Осинов асуын айналып өтетін республикалық маңыздағы «Омск-Майқапшағай», «Таскескен-Бақты» жолдарында, сонымен қатар шетел компанияларын тартумен, Талдықорған-Қалбатау-Өскемен және Қалбатау-Майқапшағай жолдары арасындағы учаскелерде қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Өскемен-Семей,Өскемен-Шемонаиха, Өскемен-Зырян-Катонқарағай-Рахман қайнарлары, Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғас бағыттары бойынша 138 шақырым жол орташа жөндеумен қамтылған.

«Мақаншы-Жалаңашкөл» автожолында жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда, Бородулиха және Шемонаиха, Көкпекті-Самар, Семей-Қарауыл жолдары арасындағы уческелер жөнделуде.

Сонымен бірге облыстық бюджеттен Абай, Зайсан, Катонқарағай және Ұлан аудандарының аудандық маңызы бар жолдарын орташа жөндеуден өткізуге 288 млн. теңге бөлінді, Зайсан ауданын қоспағанда, бүгінгі күнге барлық жұмыстар аяқталды, қосымша қаржы бөлу қарастырылуда.

Жалпы, көше-жол желілерін орташа жөндеуден өткізуге 3,34 млрд. теңге қарастырылған, қалалар мен кент көшелерінің 74,5 км жөндеумен қамтылған.Аягөз, Глубокое, Жарма, Зырян, Риддер, Шемонаиха аудандарында жөндеу жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Ерлен ОСМАНОВ