Жүк көліктері Көкпекті ауданы Құлынжон ауылына кіреберіс жолды қиратқан

6268
көрілім
Фотосурет аудан әкімінің жеке парақшасынан

Күршімге қарай салынып жатқан көпір біршама адамның жұмыспен қамтылуына негіз болғаны рас. Десе де Көкпекті ауданына қарасты Құлынжонды басып өтетін ауыр жүк көліктері ауылдық округке кіреберістегі жол жағдайын әбден нашарлатып жіберген.

Көптің арасында арасында қызу талқыға салынған бойда аудан әкімі Раджан Сейтқанов оқиға орнына жетті. Оның сөзінше, аталған жолды күтіп-ұстауға «ОблШығысЖол» ЖШС-нің ПДУ-6 мекемесі бекітілген.
– Әлеуметтік желіде Самар мен Құлынжон арасындағы (нақты Құлынжон ауылына кіре беріс) облыстық тасжолының жағдайы қызу талқыға түскен болатын. Кеше аталған автомобиль жолының жағдайы бойынша Самар және Құлынжон ауылдық округтерінің жергілікті қауымдастық өкілдерімен бірлесіп, «ОблШығысЖол» ЖШС мамандарымен жолықтық, – деді әкім сәуір айының 5-і күні бөліскен жазбасында.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан келіп түскен шағымдарды ескере отырып, келесідей шешімге келген:

1) Самар-Құлынжон ауылдары арасындағы автомобиль жолының шұңқырларын жөңдеп, жолды қалпына келтіру;

2) Су тасқыны кезеңіне аталған жол бойынша көпір құрылысына техникалармен ауыр жүк тасымалдау уақытша тоқтатылады.

– Мынаған не айтуға болады? Тұрғындар Өскеменге қалай қатынайды? Неліктен жанама жол салып жүрмеске? – деп наразылық білдіріп жатты желі қолданушылары.

Аудан басшысы сәуір айының 5-і күні Самар-Құлынжон ауылдары арасындағы автомобиль жолын жөңдеу жұмыстары басталғанын, мәселе жеке бақылауында тұрғанын жеткізді.