Шығысқазақстандық жас былғары қолғап шебері Ерасыл Жакпеков Болгарияның София қаласында өткен халықаралық жарыста жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының «ШҚО олимпиадалық резерв даярлау орталығы» КММ тәрбиеленушісі бокстан Э.Джетчевті еске алуға арналған халықаралық турнирде жоғары нәтиже көрсетті. Шаршы алаң бәсекесінде барлығы 17 елден келген 2002-2003 жылғы спортшылар өзара күш сынасты.
Қазақстан құрамасы аталмыш сайыста жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленді. Ел құрамасы қоржынына шығысқазақстандық жас былғары қолғап шебері де жүлде салды. Алғашқы жекпе-жегінен бастап Ерасыл Жакпеков ширақ қимылдап, сәтті өнер көрсетті. Жас боксшы 70 келіге дейінгі салмақта жарыс жолына шығып, ақтық сынға іркілмей өтті. Алайда, шешуші сында жарыс иесі, болгариялық қарсыласына жол беріп, күміспен күптелді. Бұл сынға ел құрамасын тәжірибелі бапкер Қайрат Сатжанов жаттықтырды.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының спорт шебері Ерасыл Жакпеков Талғатбек Жакпековтың шәкірті. Өткен жылы маусымдық жарыстарда жас спортшы бокстан Азия чемпионы атанған болатын.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ