Жүрегі жомарт жандар

383
көрілім

Өскемен қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында «Жомарт жүрек» конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Туған жерге тағзым көрсетіп, мұқтаж адамдарға қолұшын созған 10 кәсіпкер 5 номинация бойынша марапатталды. Шараға аймақ басшысы Даниал Ахметов қатысты.

«Жомарт жүрек» конкурсына мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау салаларын дамытуға, туған жерді көркейтуге үлес қосқан және мүгедектерге, жетімдерге, көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған жанұяларға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, зейнеткерлерге, балалар үйлері мен интернаттарға көмек көрсеткен кәсіпкерлер іріктеліп алынды. Байқау 5 номинация бойынша өткізілді, атап айтқанда: «Жыл меценаты», «Жыл тұлғасы», «Туған өлке», «Жылдың үздік ұйымы», «Ерен еріктілік». Жеңімпаздарды Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов құттықтады.

Айта кету керек, өңір кәсіпкерлері, қайырымдылық қорлары, облыстың еріктілер қозғалысы 2018 жылдың көктемінде су тасқынынан зардап шеккен Семей қаласы мен Аягөз, Зырян және Шемонаиха аудандарының тұрғындарына қолұшын созған болатын. Мыңдаған отбасыларға үйлерін жөндеуге және жаңа баспана алуға қажетті қаржылай көмек көрсетілді. Мысалы, Болат Өтемұратов қоры «Красный полумесяц Казахстана» қоғамдастығымен бірігіп, топан су тығырыққа тіреген 21 елді мекендегі 863 отбасына қайырымдылық жасады. Бұдан бөлек, жаны жайсаң, жүрегі жомарт кәсіпкерлер «Менің мектебім» акциясын қолдап, білім ордаларына қомақты қаражат бөлді.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ