Жүргізуші әйелге жұрт риза

56
көрілім

Үржарлық таксиші Гүлдерай Жанғалиеваны жергілікті халық «мерс апай» деп таниды

«Өрік піс, өзегіме түс» деп қол қусырып отыруды жөн санамаған Үржар ауданының тұрғыны Гүлдерай Жанғалиева такси жүргізушісі болып еңбек етіп, нәпақасын табуда. Негізгі мамандығы есепші болған әйелдің жеңіл көлікпен арлы-берлі жүйткіп, дүйім жұртты діттеген жеріне жеткізіп жүргеніне 12 жыл толыпты. «Үржар-Семей» бағытында қатынап, күніне 1200 шақырымды еңсеретін таксиші осы күнге дейін бірде-бір жолаушысын жолда қалдырып көрмеген. Жуықта газет тілшісі халыққа «мерс апай» деген атпен танылған Гүлдерай Жанғалиевамен сұхбаттасып қайтқан болатын.

Жер алып, егін еккен

Бесқарағай ауданы, Беген ауылында дүниеге келген Гүлдерай Жанғалиева таксиші болардан бұрын әр түрлі саланы жағалап көрген. Әуел баста есепші болып қызмет етсе, кейіннен сауда-саттықпен айналысыпты.

– Бірінші отасқан жұбайым қайтыс болғанда екі баламен жалғыз қалдым. 90-шы жылдары жалақы мөлшері аз болғандықтан, тапқан-таянғанымызды әупірімдеп жүріп, күнді күнге жалғап отырдық. Қазіргі жолдасым да зайыбы бақилық болғанда алты баламен қалған, – дейді Гүлдерай Жанғалиева.

Екінші рет тұрмыс құрып Үржар ауылына көшіп келген Гүлдерай Жанғалиева әкімнің жүргізушісі болып жұмыс істейтін күйеуі іссапарға кеткенде 8 баланы қарайлап, үй шаруаларымен айналысқан. Бұдан бөлек, жер алып, күнбағыс еге бастайды. Сол кезде бірінші рет Газ-52 жүк көлігінің рөліне отырған екен.

– Алғашында көлік жүргізгенім ауылдастарыма ерсі көрінді. Ал ата-енем болса еш қарсылық білдірмей, қолдау танытты. Газ-52-ден кейін «Волга» автокөлігін тендермен ұтып алып міндім. «Mercedes-190-ды» астықтан түскен ақшаға сатып алдым. Осы үшінші көліктің тізгініне отырған сәттен бастап таксиші болып еңбек етіп келемін, – дейді кейіпкеріміз.

Жергілікті жұрттың Гүлдерай Жанғалиеваны «мерс апай» деп атап кеткені де содан. Негізінен «Үржар-Семей» бағытында жолаушы тасымалдайтын таксиші күніне ары-бері 1200 шақырым жол жүреді.

– Әйел адам болғаннан кейін көбісі жазғы каникулда балаларын ата-әжесінің үйіне жеткізіп тастауды маған сеніп тапсырады. Жолда тоқтап, бүлдіршіндердің тамақтарын беремін. Одан кейін аяғы ауыр келіншектерді, егде жастағы қарт кісілерді де жиі тасымалдаймын. «Қанша адам болса, сонша тағдыр бар» дегендей, көлігіме отыратын әрбір жолаушының мұң-наласы, басына түскен қиындықтары болады. Жолды қысқарту үшін әңгіме-дүкен құрғанда олар өздері жайлы айтып, іштегі сырларын бөлісіп жатады. Әр адамның мәселесін тыңдап, байыбына барып, тереңіне үңіліп өзімнің ойымды білдіріп, ақыл-кеңес беремін. 12 жылдың ішінде психолог болып та кеттік қой (күлді). Ал бірде тіпті «Жедел жәрдемнің» қызметін атқардым. Айы-күні жетіп отырған әйел Семейге жетпей толғағы басталып, жолда босанып қалды, – дейді таксиші әйел.

«Жол сақшыларына мың алғыс!»

Гүлдерай Жанғалиеваның ең алыс шыққан сапары – Үржардан Астанаға дейін 1300 шақырымдық жол болыпты. Ал жүрген ең жоғары жылдамдығы – сағатына 140 шақырым.

– Жол-патрульдік полиция қызметкерлеріне алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді әңгімелесушіміз, – Мойындау керек, кейде жол ережесін бұзып аламыз. Мысалы кейбір жолаушылар асығып бара жатқандықтан жол жүру жылдамдығын асыруға тура келеді. Сондай сәттерде мені тоқтатқан жол сақшылары «апайымыз екенсіз ғой» деп, ескерту жасап қоя береді. Осы күнге дейін бір де бір рет айыппұл төлеп көрмеппін. Құдайға шүкір, жол-көлік оқиғасына түсіп немесе көлігім сынып жолда қалған сәттер кездескен жоқ. Дөңгелегім жарылса, өзім ауыстырып аламын.

11 жыл «Mercedes-190» көлігін тізгіндеген Гүлдерай Жанғалиева соңғы 1 жыл бойы «Toyota Camry» автокөлігімен жолаушы тасымалдауда. Кейіпкеріміз алпыстың асуына таяп қалса да алдағы уақытта осы кәсібін тастамайтындығын айтады.

– Жолдасым да қазір таксиші болып еңбек етуде, – дейді Гүлдерай Темірболатқызы, – Екеуіміз 8 баладан 21 немере сүйіп отырмыз.

****

Әр сауалымызға ыждаһаттылықпен жауап берген Гүлдерай Жанғалиеваның дауысынан мейірбандылықты, жұмсақтық пен жылылықты байқадық. Жұрттың ризашылығына бөленіп жүрген таксиші апайымызға әрдайым ақ жол тілейміз!

Заты әйел болса да…

Өңірімізде ер азаматқа тән мамандықты игеріп, талай жыл тер төккен әйел адамдар жайлы осыған дейін газетімізде бірнеше рет жазған едік. Сондай ерек жандарды оқырман қауымның есіне тағы бір рет түсіруді жөн көріп отырмыз:

Жетпістің желкенін керіп, сексеннің сеңгіріне қадам басқан Аягөз қаласының тұрғыны Оразхан Манабаеваның такси жүргізуші болып жүргеніне 30 жылдан асыпты. 1984 жылы Аягөздегі автомектепті «В» категориясы бойынша бітірген апамыз «Запорожец» көлігінің тізгінін ұстап, сыра тасып еңбек ете бастаған.

– Үкімет құлаған жылдан бері таксист болдым, – дейді Оралхан Манабаева, – Сол кездері ешкімге зейнетақы берілмеді. Көбіміз қайыршы кейпіне түстік. Жалғыз сиырымыз сүт берген күні нан бар, сүт бермеген күні нансыз қалдық. Бірде қызым «Үйдегі «Запорожецпен» жүріп көрсеңізші» деп айтты. Ең басында ыңғайсыздансам да, арада шамамен он күн өткеннен кейін такси жүргізушісі болуға етім үйрене бастады. Қызым қазір «Машина жүргізуді таста!» десе де тастай алмайтын жағдайға жеттім.

Осы күнге дейін таксиші апаның бір рет қана дөңгелегі жарылып көрген екен. Бірде жолаушылардың арасында ер адам болмағандықтан ол дөңгелекті өз күшімен ауыстырған.

– Жол үстінде әр түрлі оқиғалар болып жатады, – дейді Оралхан Манабаева, – Аягөздің оңтүстігіндегі қалашыққа жету үшін рельстен өту керекпіз. Қайсыбір жылы сол теміржол рельстерін ауыстыру жұмыстары жүргізіліп, көздеген жерімізге жету үшін құм үстімен жүріп өтуімізге тура келді. Қарасам, бір емес жеті жеңіл көлік пен бір автобус құмға батып қалыпты. Мен ол жерден өтуге жүрексініп отыр едім, қасымда отырған ұлдар «Апай, батып қалсаңыз машинаны итерісіп жібереміз» деді. Тәуекел етіп, жүріп кетіп едім, құмға батпай-ақ, аман-есен арғы бетке өтіп кеттік. Қайтарда тағы да сол жерге келдім. Бір Аллаға сыйынып, әлгі жерден тағы да аман-есен, құмға батпай өтіп кеттім.

Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған әжеміз ақшаға деген мұқтаждықтан емес, өзінің жаратылысынан әрекет адамы болғандықтан бүгінгі күнге дейін такси жүргізуші болып жүргендігін айтты.

Ұлан ауданындағы бұрынғы Скалистое, қазіргі Ізғұтты Айтықов ауылында туған Қазия Мусина 15 жыл бойы тракторшы болып еңбек еткен. К-700 тракторын тізгіндеп, жер жыртқан еңбек адамы осы кәсіпке бала күнінен қызығушылық танытыпты.

– Ауылымызға басқа жақтан келген орыстар трактормен жер жыртатын. Сол кезде тракторды алғаш рет көрдім. Күні бойы жұмыс істейтін олар кешкісін темір тұлпарды өшіріп, үйлеріне жаяу қайтатын. Ертеңінде жұмысшылар тракторды оталдырғанда түтіндіргіштен дөңгелектеніп газ шығады. Сол түтінге таңданып та қызығып қарайтынмын. Анам өгіз айдаушы болды. Күн сайын жер жыртқан өгіздер болдырып жүрмей қойғанда әйел адамдар оны арқасынан соғып айдап отыратын. Жоқшылық белең алған заман ғой, аяғына киетін ештеңе болмағандықтан анам жалаңаяқ өгіздің соңында жүретін. Мұны көрген мен «Өскенде тракторшы боламын. Өгізге аяғымды бастырмаймын» деп өз-өзіме іштей серт беретінмін. Сол кездер әлі күнге дейін көз алдымда, – деп еске алады Қазия Мусина.

1963 жылы Тайынтыда механизаторлардың курсын 6 айда тәмәмдаған азаматша тракторшы куәлігін алған. Сөйтіп күн демей, түн демей шынжыр табанды трактордың шаңын жұтып еңбек ете бастайды. Механизаторлардың ішіндегі жалғыз әйелге кейбіреулер «Ерлердің жұмысында нең бар. Тыныш қана үйіңде отырмайсың ба!» деп те айтқан. Алайда осы саланы жүрек қалауымен таңдаған Қазия Мусина замандастарының сөздеріне еш мән бермепті.

– Әуел баста күйеуім де қарсы болды, – дейді ол, – «Балаларды қайтесің. Өзіңе лайық жұмыс істе. Денсаулығыңды неге ойламайсың?!» деп реніш білдірді. Бірақ мен үй шаруасына да үлгеріп жүрдім. Тамақ пісіріп, бала-шағаның мектепке киетін киімдерін жуып, сиыр сауып, май шайқап, бау-бақша өсірдім. Үй шаруасын тез әрі шапшаң атқаруға әбден төселіп алғанмын. Уақытымның көбі жұмыс басында, трактордың қасында өтті деуге болады.

Бүгінде Қазия Мусина 6 баладан 9 немере, 13 шөбере сүйіп отыр. Жасы 80-нен асқан әженің әлі де қадамы нық, қимылы ширақ. Ауданда өткізілетін әр түрлі іс-шаралардан да қалыс қалмайтын Қазия апа кәрілікті тұсау көрмей мал ұстап, бақша өсірумен айналысады.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ