«Жүргізушіні қосқанда 10 адам болған сияқты»: Қырғызстандағы қайғылы жағдай туралы көз жұмған шығысқазақстандық бүлдіршіндердің туыстары не дейді?

299
көрілім

Ош облысына қарасты Ноокат ауданында қатты сел жүріп, әп-сәтте 10-нан астам адамның үйінің ауласына су жайылды. Маусым айының 28-і күні Кулатов ауылдық округіне қарасты Абшыр ата ауылында шелектеп жаңбыр құйып, арты алапат селге ұласты. Жаңбыр суы Шаран-Сай арнасын толтырып, кесірінен біршама адамның ғұмыры қиылды. Олардың арасында шығысқазақстандық төрт бүлдіршін бар дегенде, жақындарынан бөлек, қаншама адамның көкірегі қарс айырылды…

Балалардың денесі бортпен жеткізілді
Редакция тілшісі бірден қаза болған жеткіншектердің ата-аналарына, жақындарына байланысқа шығып көрмек болды. Қуанышты хабар болса, мұның жарасы жеңіл ғой. Бірақ қайғыдан қара жамылған шаңырақтан алып-ұшып ақпарат алу көп жағдайда нәтижесін бере қоймайды. Осы жолы да солай болды. Әр жерден сұрастырып тапқанымыз – осы отбасылардың бірінің тұратын мекенжайы. Жүрегіміз атқақтап, есігі айқара ашылған есікке бас сұқтық. Бірақ сөзге құлақ асар ешкім болмады, ақыры аулада шыт таққан жаннан жөн сұрадық. Көз жұмған періштелердің әпкесі екен. Бірақ қабарған қабағынан мұң төгіліп, мәлімет ұсынғысы келмеді.
– Сағат 14:00-де орталық мешітте ас беріледі. Әке-шешесі сонда келеді. Бір үйден бір қыз, бір ұл ажал құшты, – деп қысқа қайырды.

Сәтпаев көшесіндегі біз барған үй


Ары қарай қазбалап сұраудың реті болмады. Біз барған үй Сәтбаев көшесінде орын тепкен көпқабатты үйлердің бірі. Подъездің алдында көп адамдық орындықтар қойылған. Нақты мекенжайын көрсетудің жөні жоқ шығар. Анығы сол, үшінші қабаттағы пәтерлердің бірінің есігі айқара ашылған, ішінде егіле жылаған нәзік жандылар үні  басым. Ақпараттар интернет басылымдарда жарыса жазылып жатты. Бұл шілде айының 1-і еді. Редакцияға қайта келіп, соларды аштық. Олар да суыт ақпараттарды тізбелепті. Kaktus.media порталындағы дерекке сенсек, оқиға маусым айының 27-сі күні болған, бірақ ресми ақпар жұма күні шықты. Жергілікті құтқарушылар салған жерден екі баланың денесін тапты. Қатты сел  ағызып әкетіпті. Қырғызстанның Ішкі істер департаменті алғаш ұсынған ақпаратында маусым айының 28-і күні сел алты адамның өмірін қиғанын жеткізді. Жаңбыр тоқтаусыз құйып, таудан аққан су Абшыр ата ауылы маңындағы көпірді ағызып әкетті. Соңы селге ұласып, маусым айының 29-ы күні Ноокат ауданында төтенше жағдай жарияланды. Табиғат тосын мінез танытса, оның екпініне шыдас беру мүмкін емес. Бірақ жат жұртта болған қайғылы жайттың таяғы шығысқазақстандық бүлдіршіндерге де тиеді деп ешбірі ойламады. Шілде айының 1-і күні облыс әкімінің баспасөз қызметінен осыған қатысты ресми ақпар түсіп, аймақ басшысы Ермек Көшербаев бастаған жауапты тұлғалардың кішкентайлардың ата-анасына көңіл айтып барғандары белгілі болды. Дүйсенбі күні таңғы сағат 5:00 шамасында бүлдіршіндердің денесі Өскеменге арнайы бортпен жеткізілді.
– Ош облысының Ноокат ауданындағы ауыл тұрғындары мен туристер арасында көз жұмғандар ішінде Шығыс Қазақстанның балалары да бар. Қайғылы жайт болған күні екі ұл мен екі қыз аналарымен туыстарына қонаққа барған. Туристік аймаққа түскен сел кішкентайлардың өмірін қиып, өңірдің барлық тұрғыны үшін қайғылы жағдайға айналды, – делінген әкімдіктің ақпаратында.

Көпшілік көмек көрсетуге дайын
Одан бөлек, облыс әкімдігі тарапынан балалардың туыстарына көмек көрсету үшін жедел штаб құрылып, оған өңірдің барлық қызметтерінің мамандары жұмылдырылды.
– Өңір басшысы Ермек Көшербаев қаза болғандардың туыстарымен кездесті. Осы қиын күндерде жергілікті атқарушы органдар жерлеу рәсімін ұйымдастырып, өткізуді өз мойындарына алды. Өңірдегі кәсіпорындар мен бизнес өкілдері отбасыларға көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді, – деді әкімдіктің баспасөз қызметіндегілер.


Әлдебір ақпарат шығып қалар деген оймен, шілде айының 1-інде сағат 14:00 шамасында Халифа Алтай мешітін бетке алдық. Ас беріліп жатыр екен, жамағат іште. Шамамен 50 минут өткенде бірінен соң бірі тысқа шыға бастады. Сол уақытта жақындары болар-ау деп екі-үш нәзік жандыны сөзге тартып көрдік. Олардың сөздерінше, Сәтбаев көшесіндегі үйде тұратын отбасының балалары Ноокат ауданындағы туыстарының үйіне жылда барады. Тынығып, бой жазып қайтатын.
– Toyota Alphard көлігімен бір топ адам Абшыр ауылы маңындағы көлдерді бағдар еткен. Жүргізушіні қосқанда 10 адам болған сияқты. Төртеуі осы Өскеменде туған жеткіншек. Оқиға болған сәтте жергілікті тұрғындар мен төтенше жағдайлар қызметкерлері сел ағызған адамдарды іздеуге көшті. Біздің кішкентайларымыз да әр уақытта әр жерден табылған екен, – деді аты-жөнін айтпауды өтінген туысқандарының бірі.
Тағы бір жақыны балалардың үйі мен олар шомылуға барған жер Өскемен мен Сібе көлінің аралығындай екенін жеткізді. Осы аралықта ас берілген залдан қайғы кемесіне мініп, дел-сал күйдегі әйелді екі-үш адам қаумалап әкеле жатты. «Бұл кісі анасы ма?» дестік, олар «Иә» деп бас изеді. Жанына жақындап, тілге тартудың өзі мұң. Мұнымен қатарласа, Samar_audany парақшасында кішкентайлардың әкесі Самар ауданының тұрғыны екені жазылды. Жеткіншектердің бірі 2014 жылы, екіншісі 2015 жылы туған деп көрсетілді.
– Самар ауданы әкімдігі мен аудан тұрғындары ажал құшқан балалардың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады, – делінген парақша жазбасында.
«Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек Мұқатай Қазақстан Мұсылмандар діни бірлестігінің төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының атынан қазалы отбасыларға көңіл айтылғанын жазды.
Мәлім болғандай, Ош облысындағы жағдайдан Шығыс Қазақстанда тұратын екі шаңырақ қара жамылды. Әр отбасы  бір ұл, бір қызынан айырылды. Туыстарының сөзінше, олар 2-4 сынып оқушылары. Қырғызстанның Turmush.kg сайтында шілде айының 1-інде 1400-ден астам адам эвакуацияланғаны жазылды.
«Апат айтып келмейді» демекші, тау бөктеріндегі селдің тегеуріні бірнеше ел тұрғынының ғұмырын қиды. Облыс әкімдігі ғұмыры тым ерте қиылған төрт бүлдіршіннің отбасына жәрдем берілетінін баса айтты. Қырғызстанның Төтенше жағдайлар департаменті сел болу қаупі бар аймақтар деп Баткен, Жалал-Абад, Талас, Нарын облыстарын атады. Ал редакция ұжымы осы жайтты әрі қарай да бақылауында ұстамақ.

Нұрбек АСҚАРОВ (Фотосуреттер облыс әкімдігінен, Ермек Мұқатаевтың жеке парақшасынан)