Жүргізушіні жер жастандырған

10
көрілім

Өскеменде із-түссіз жоғалған такси жүргізушісінің денесі Зайсан ауданынан табылды

Облыс орталығында «Апару» такси қызметінде жұмыс істейтін Алтай Қалиев 30 қазан күні үйден шыққан күйі қайтып оралмаған. Түн жарымында жолаушы тасымалдауға кеткен отағасы із-түссіз жоғалғанда саналарын сары уайым торлаған оның жанұясы полиция қызметкерлеріне хабарласады. Бірнеше күннен кейін тәртіп сақшылары 54 жастағы ер адамның денесін Зайсан ауданынан тапқан. Марқұмның артында көз жасын көл етіп әйелі мен ұлы қалды…

«Әлі сене алар емеспіз…»

Қазан айының 30-ы күні түнгі сағат 02.00-дер шамасында Алтай Қалиев әдеттегідей 891 нөмірлі ақ түсті «Hyundai Accent» көлігімен жұмысқа кетеді. Алайда таңертең ол үйге қайтып оралмаған. Күйеуіне телефон арқылы хабарласа алмаған әйелі уақыт өткен сайын алаңдай бастайды. Туған-туыс, дос-жарандардың ішінен оны көрген-білдендер жоқ болып шыққан. Сөйтіп 31 қазанда сабыр суы сарқылған азаматша полиция бөліміне барып, көмек сұрайды.

– Алтайдың денесі Зайсан ауданы, Айнабұлақ ауылынан табылыпты, – дейді марқұмның апайы Гүлжан Сағиева (аты-жөні өзгертілген), – Оқиғаның нақты қалай болғаны әзірге белгісіз. Естуімізше, полиция қызметкерлері 23 жастағы жігітті күдікті ретінде уақытша ұстау изоляторына қамауға алған. Бірақ ол жазғыз өзі қылмыс жасады дегенге сенбейміз. Қандықол қасқөйдің сөз байласқан сыбайластарының болғаны сөзсіз. Қазір Алтайдың «Hyundai Accent» көлігінің терезелері сынғаны белгілі болып отыр. Сонда бауырым әлгі қарақшыларға қарсылық көрсеткен болуы керек.

Сүйеніштерінен айырылған марқұмның әйелі мен жар дегенде жалғыз ұлы суық хабарды естігенде қайғыдан қан жұтты. Олар әлі күнге дейін отағасының қайтып оралмайтындығына сене алар емес…

Әзірге осы оқиғаға қатысты Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі ресми ақпарат берген жоқ.

«Кек сақтаған ешкім жоқ»

Тарбағатай ауданының тумасы Алтай Қалиевтың такси жүргізушісі болып жұмыс істеп жүргеніне 18 жыл болған екен. Ай сайынғы нәпақасымен отбасын асырап келген ер адам жаман әдеттерден бойын аулақ ұстаған.

– Бауырым өте ақкөңіл, жайдары мінезді еді, – деп Гүлжан Сағиева көзіне жас алды, – Туған-туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болған ол бәріне көмек көрсетуге әрдайым дайын тұратын. Осы күнге дейін ол біреудің ала жібін аттап көрген емес. Алтаймен араздасып, кек сақтаған ешкім жоқ.

Алтай Нұрашханұлы құдай қосқан қосағымен бірге екі ұл сүйген. Алайда кенже балалары 4 жасында қапияда қайтыс болыпты.

– 1996 жылы ерлі-зайыптылар Өскемен қаласының іргесіндегі жер үйде тұрып жатқан болатын. Кенет үйдегі телевизор атылып, өрт шығады. Жан-жаққа лаулаған от басқа бөлмелерге лезде тарап кетеді. Өне-бойын үрей билеген 4 жасар Рауан жастықтың астына тығылып қалғанда оның үстіне жанған кілем құлап кетеді. Тұншыққан бала сол жерде жан тапсырған, – дейді марқұмның апайы.

Оның айтуынша, осы өрттің кесірінен үйдің үлкені Нұрхаттың тілі байланып, кекеш болып қалыпты. Бүгінде жасы 30-дан асқан ол әлі отбасын құрмаған.

– Алтайды жауыздықпен өлтірген сойқандар жазасыз қалмауы тиіс! – дейді Гүлжан Сағиева, – Полиция қызметкерлері тергеу жұмыстарын әділ жүргізеді деп сенеміз.

Оқиғаның ары қарайғы желісі газет тілшісінің назарында болады.

Бірінші рет емес…

Өңірімізде такси жүргізушісінің қаза болу оқиғасы бірінші рет тіркеліп отырған жоқ. Осы ретте, сіздердің назарларыңызға бірнеше мысал келтіре кетуді жөн көріп отырмыз:

2017 жылы облыс орталығында такси жүргізушісіне ақша төлегісі келмеген еркек пышақтың көмегіне жүгінген.

Жүргізушіні қаладағы боулингтердің біріне шақырған өскемендік өзін белгілі бір мекенжайға жеткізіп тастауды өтінеді. Діттеген жерге жеткен соң ол ақша төлеуден бас тартқан. Осының салдарынан екеуінің арасында жанжал шығады. Сол кезде қолына пышақ алған жолаушы қарсыласының кеуде тұсына бір рет соққы жасаған. Такси жүргізушісі сол жерде мерт болады.

Көп ұзамай жедел әрекет еткен полиция қызметкерлері күдіктіні қолға түсірген. 21 жастағы жігіт бұрын сотты болмаған екен.

Өткен жылы Жарма ауданында ішімдікке масайған ер адам такси жүргізушісін атып өлтіреді.

Қалбатау ауылында такси жүргізушісіне келген еркек өзін жеткізіп тастауды сұрайды. Алайда оның мас екендігін байқаған азамат бірден бас тартқан. Осы кезде ашуға булыққан жармалық мылтық алып шығып, жүргізушіге оқ атады. Ауыр дәрежедегі дене жарақатын алған ер адам ауруханада жантәсілім еткен.

2018 жылы Өскеменде такси жүргізушісіне күш көрсеткен 3 ер адам оның көлігін айдап кеткен.

Қыркүйек айының ортасында түс кезінде 51 жастағы такси жүргізушісіне қырғидай тиген жігіттер оны буындырып, көліктен лақтырып кеткен. Осыдан кейін автокөлікке отырған 3 ер адам белгісіз бағытқа тайып отырады. "Daewoo" көлігінің иесі бір сағат өткеннен кейін ғана полицияға хабарласуға мүмкіндік алды. Көп ұзамай жедел əрекет еткен тəртіп сақшылары 20, 22 жəне 23 жастағы үш күдіктіні қолға түсірді.

Биылғы жылы Өскемен қаласында алдын ала сөз байласқан екі еркек такси жүргізушісін өлтірген.

Сағат 21.00-дер шамасында түнгі клубтан шыққан Андрей мен Дмитрий (есімдері толықтай өзгертілген) ақша табудың амалын ойластырады. «Такси тонайық» деп ұсыныс тастаған Андрейді досы бірден қолдай кеткен. Осылайша алдын ала жоспар құрып, өз міндеттерін белгілеп алған екеуі Тәуелсіздік даңғылында тұрған такси жүргізушісінің көлігіне қарай барады. Жұмыстан кейін жолаушы тасымалдап қосымша ақша табатын Жанболат екі орыс жігіті «Бізді Прапорщиково ауылына жеткізіп тасташы» дегенде ойына еш секем келмей келісімін берген.

Діттеген жерге жеткенде Дмитрий жүргізушіге «танысыма кіріп қайта шығамын» дегенді айтып көліктен түсіп қалады. Ал осы уақытта Андрей көліктің артқы орындығында отыра берген. Даладан темір арматура тауып алған Дмитрий қайтып келе жатқанда, оның сыбайласы Жанболатты мойнынан эластикалық бинтпен буындыра кетеді. Жүгіріп жеткен екінші қаскөй жүргізушінің есігін ашып, арматурамен жәбірленушіні бас тұсынан соққылай жөнеледі. Осының салдарынан ер адам сол жерде жантәсілім еткен.

Қылмыстық ойларын жүзеге асырған қаскөйлер марқұмның қалтасы мен көлік ішін тінте жөнеледі. Он мың теңге ақша, күміс жүзік пен 60 мың теңгеге бағаланған «IPhone5S» маркалы ұялы телефонды иемденген қарақшылар мәйіттен құтылмақ болады. Риддер қаласынан 20 шақырымдай жерде орналасқан Журавлиха өзенінің жағасына жеткен екеуі мәйітті тастап, қайтадан жолға шығады. Бірақ Риддер қаласында олар бағдаршамда тұрған «Рено Дастер» автокөлігімен соқтығысып, жол-көлік оқиғасына тап болған.

Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімі бойынша Андрей Беляев 19 жылға, Дмитрий Владимиров 17 жылға бас бостандықтарынан айырылды.