Жыл басынан бері ШҚО-да 4 бала менингококк инфекциясына шалдыққан

644
көрілім

Биылғы жылдың басынан бері елімізде менингит инфекциясымен 58 науқас тіркеліп, оның ішінде 12 адам қайтыс болған. Аса қауіпті бұл жұқпалы аурудан үрейленген бұқара халық әуре-сарсаңға түсуде. ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде баспасөз брифингін өткізген облыстық Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, біздің өңір тұрғындары арасында менингиттің қоздырғышы менингококк инфекциясына шалдыққандар жоқ емес. 2018 жылдың 5 айында бұл ауруды жұқтырған 7 жасқа дейінгі 4 бала тіркелген.

Шығыс Қазақстандағы ахуал қандай?

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова аймақ бойынша менингококк инфекциясының жағдайы тұрақты екендігін мәлімдеді. 2018 жылдың 5 айында облыста 4 бала аталмыш ауруға душар болған.

– Негізінен 7 жасқа дейінгі балалар менингококк инфекциясына шалдықты, – дейді Райфа Сафиоллинова, – Нақты айтсақ, олардың біреуі мектеп оқушысы болса, қалғандары балабақша жасына толмаған сәбилер. 4 оқиғаның үшеуі Семейде, біреуі Зырян ауданында тіркелген. Қазіргі уақытта балалардың барлығы тиісті ем-дом алып, сырқаттан құлан-таза айығып шықты. Сондай-ақ, олармен қарым-қатынаста болған 89 адамды медициналық тексеруден өткіздік.

Шығыс Қазақстан облыстық Қоғамдық денсаулықты сақтау комитеті менингококк инфекциясын жұқтырғандардың бар-жоқтығын күн сайын бақылап отырады. Сондай-ақ, мектептерде, жазғы лагерьлерде аурудың алдын алу шараларын жүргізіп, сол жерлердегі медицина қызметкерлеріне семинар өткізеді. Үйді-үйлерге ескертпе қағаздарын таратып, дүйім жұртты аурудың қауіптілігі жайында ақпараттандыру мақсатында да бірқатар жұмыстар атқарылуда.

– Менингококк инфекциясы ауа арқылы, сөйлескенде, түшкіргенде, жөтелгенде жұғады. Аурудың алғашқы белгілері – дене қызуының кенеттен 38-40 градусқа дейін көтерілуі, тамақтың қызаруы, мұрынның бітелуі, әлсіздік, бастың қатты ауыруы, тамақ ішуге байланысты емес құсу, денеде, санда және аяқта жұлдызша тәрізді бөртпелердің пайда болуы. Егер бұл белгілер байқалса, бірден 103 телефоны арқылы «Жедел жәрдем» шақыру қажет, – дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс аймақтық инфекционисті Назигүл Сапарғалиева.

Өңірімізде менингококк инфекциясына қарсы вакцина ектіруге болады. Оның құны – 21 мың теңге. Алайда бұл вакцина 12 жұқпалы вирустың тек төртеуінен ғана қорғайды.

– Менингококк инфекциясының вакцинасын облыс орталығының тұрғындары – Өскемен қалалық №2 емханада, семейліктер – Семей қалалық №2 емханада, аудан жұртшылығы – аудандық орталық ауруханаларда ектіре алады, – дейді ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова, – Бұл вакцина Ұлыбритания елінде жасап шығарылған. Оны ектірген адам менингококк ауруын жұқтыру қаупін 5-6 жыл бойы 70%-ға дейін азайтады. Егер вакцина облыс тұрғындарына жетпей жатса, тағы да тасымалдаушылар арқылы тапсырыс беріп жеткізе аламыз.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ