A+ A A-

talgatzhan 39 Бүгін, 20:00 0

Алтынға құмарлық: Шығыс Қазақстанның табиғатына зиянын тигізіп жатқан «қара қазушылар» қандай пайда көруде?

Өзекті мәселе / Бүгін / ШҚО

Облыста елдегі алтын қорының 36%-ы орналасқан. Шамамен 2,4 мың тонна жалпы қордың 870 тоннасы ШҚО аумағында болуы мүмкін. Өңірде жыл сайын заңсыз алтын өндірушілер ұсталып, көбіне жеңіл айыппұлмен ғана құтылуда, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі informburo.kz сайтына сілтеме жасап. 

Заңсыз алтын өндірушілер — лицензиясыз немесе оның шарттарын бұзып алтын өндіретін заңбұзушылар. Мұндай әрекеттің салдарынан жер бедерін бұзып, өзен арнасын өзгертеді. Су мен топырақ ластанады. Мемлекет салықтан, ал бюджет миллиардтаған түсімнен айырылады. 
Соңғы жылдары аймақта мұндай оқиғалар күрт көбейді. Мәселен, биыл тамызда Шыбынды өзенінің аңғарында “EastGoldStone” ЖШС екі жыл бойы лицензиясыз алтын өндіргені анықталды. Олар өзен арнасын бұрып, 300 млн теңгеден астам экологиялық шығын келтірген. 6,7 келі алтын, ірі көлемде ақша тәркіленді. Ұйымдастырушылардың бірі «Азаматтарға арналған үкімет» филиалы басшысының орынбасары болып шықты. Қыркүйекте полиция 19 шетелдікті және екі өскемендікті ұстады. 
Қазан айының соңында Самар ауданында екі жыл бойы Құлынжон өзенін бұрып, заңсыз алтын өндіру дерегі анықталды. Шығын – 82 млн теңге. 
2024 жылы шілде айының соңында ШҚО Полиция департаменті тікұшақ пен дронның көмегімен екі топ алтын өндірушілердің екі тобын ұстады. Жеті адамнан тұрған бірінші топ Самар ауданының маңында әрекет еткен. Олардан 5-6 грамм алтын кесектері, қару-жарақ, оқ-дәрі және жүк тиегіш тәркіленді. Ал Үлкен Нарындағы 11 адамнан құралған екінші топтан техника, 20 грамнан астам алтын, алты металл іздегіш және рация тәркіленді.
Алтын өндірушілер түрме жазасынан құтылып, тек айыппұл төлейді: 139-бап: «Жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзу», 463-бап: «Тіркелмеген кәсіпкерлік» және 482-бап: «Қаруды заңсыз сақтау және тасымалдау».
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдан бері Күршім ауданына қарасты Маралды ауылының тұрғындары алтын өндіретін зауыттың салынуына қарсылық білдіріп келеді. Тұрғындар экологияға зиян тиюі мүмкін дейді, ал инвестор қауіпсіздік толық сақталады, жұмыс орындары ашылады деп сендіруде.
Былтыр қарашада Маралдыда жылына 250 мың тонна руданы өңдейтін “ВСАМ Продакшн” ЖШС фабрикасы іске қосылды. Компания 90,4352 гектар жер учаскесін 10 жылға жалға алды.
Бұдан бөлек, фабрика ауылға жол, жарық пен су тартып, әлеуметтік нысандарды жөндеп берді. 47 тұрғын жұмысқа қабылданды, жалпы 295 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бес жылда бюджетке 7,3 млрд теңге салық төлеуге уәде етілген. 
Биыл қыркүйекте екі күннің ішінде сегіз ірі қара малының өлімі тұрғындарды алаңдатты. Фабрикадан күмәнданған халықтың шағымы бойынша зерттеулер жүргізілді. Нәтижесінде инфекциялар мен токсиндер анықталмады. Эпизоотикалық жағдай тұрақты деген қорытынды шығарылды. 
Экология департаменті фабрикаға жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, заңбұзушылық табылмады. Зерттеулердің соңғы кезеңі желтоқсанда аяқталады.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив