Бұл туралы ШҚО Туризм басқармасының басшысы Ержан Сембинов мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыс орталығындағы «Самал», «Котлованы», «Көгілдір бұғаз» үш коммуналдық жағажай бар.
- Абаттандыруға 500 млн теңге бөлінген «Самал» саябағы шеңберінде жағажай аумағын санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіліп, бастапқы құтқару инфрақұрылымы орнатылды. Алдағы уақытта беседкалар, бейнебақылау камералары, су қорғау аймағындағы белгілер орнату, санитариялық тораптар мен душ кабиналарын жөндеу, құтқарушылар штатын жасақтау жоспарлануда. Сонымен қатар жағажай аумағындағы су ағысының қарқынын төмендету мақсатында гидротехникалық жұмыстар жүргізу көзделген, - деді Ержан Сембинов.
Бұдан бөлек, былтыр «Котлованы» жағажайында 140 орындық автотұрақ ұйымдастырылды. Жарықтандыру жүргізіліпі, ұңғымалар есебінен сумен жабдықтау қамтамасыз етіліп, құм төселіп, жағажай аумағы қалыптастырылды.
- Осы жылы нысанды абаттандыруға 70 млн теңге қарастырылған: шомылуға арналған понтондық конструкция, беседкалар, шатырлар, жаяу жүргіншілер жолы, қоқыс жәшіктері мен санитарлық тораптар орнату көзделген. Дегенмен бейнебақылау камераларын, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлерді, душ кабиналарын, құтқару бекеттері мен медициналық көмек пункттерін орнату мәселелері әлі де пысықталмады, - деді басқарма басшысы.
Ал «Көгілдір бұғаз» жағажайының аумағы судағы қауіпсіздік қағидаларына сәйкес жабдықталған. Алайда 2025 жылдан бастап жағажай санитарлық себептерге байланысты жабық тұр.
- Онда тазарту жұмыстары жүргізілді. Мамыр айының соңына дейін су сапасына сараптама жүргізіліп, жағажайдың жаздағы жұмысына қатысты шешім қабылданады, - деді спикер.
Пікірлер