ШҚО Туризм басқармасының басшысы Ержан Сембиновтың сөзінше, туристік маусым басталғанда келушілер ағынының өсуі байқалады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Осы уақытта шетелдік тіркеуі бар көлік құралдарының саны артады.
- Туристік бизнес өкілдерінің ақпаратынша, жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің шетелдік жүргізушілермен өзара іс-қимылының жеткілікті деңгейде дұрыс болмауының жағдайлары кездеседі. Осыған байланысты заңнама шеңберінде туристермен дұрыс және сыпайы қарым-қатынас жасауға баса назар аудара отырып, жеке құраммен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл фактордың өңірдің туристік имиджіне әсері бар екені атап өтіледі, - деді Ержан Сембинов.
Ал облыстық және республикалық маңызы бар тасжолдар бойында туристік нысандарға бағыттайтын жол көрсеткіштерін орнату жөніндегі облыс әкімінің тапсырмасы әлі де толық пысықталмаған күйінде қалып отыр.
- Туристерді жолда бостан-босқа тоқтатуға болмайды. Мүмкіндігінше, түсіністікпен қарау керек. Әр турист бізге алтындай қажет. Кейін артынан «Шығысқа барсаңдар, әр көшеде тоқтады, дәм етеді, бірдеңе сұрайды» деген сөздер болады. Шетелде жүргізушілерді тоқтатып, қандай көмек керек деп сұрап, шығарып салады. Қызметкерлер сондай мақсатта жұмыс істесе, туристер де қорықпай келетін болады. Сол жағын ойластырып қараңыздар, - деді өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов.
Пікірлер