Өскеменде Қазақстан Премьер-лигасы аясындағы 11-турда жергілікті «Алтай-Өскемен» көкшетаулық «Оқжетпес» клубы ойыншыларына қарсы тұрды, деп хабарлайды
8500 адамға шақталған «Восток» стадионы лық толмаса да, 6000-ға тарта адам жиналды. Өскемендік команданың фан-секторы «Өз отыңды өшірме» деген жазуы бар жалауды желбіретіп, тоқтаусыз ұрандатты. Айтуларынша, қатары әлі де толығуы тиіс. Ішінде әр саланың белсенділері, ұстаз, журналист, студент те бар. Айтып тұратын ұрандары бірыңғай қазақ тілінде.
1-ші таймның басы алма-кезек шабуылмен жалғасып, ойынның 10-шы минутына қарай «Оқжетпес» алаң иелерін қыспаққа ала бастады. Сөйткенше болған жоқ, 13-ші минутта қонақтар есеп ашып үлгерді. Бірақ өскемендіктер ары қарай алақандарын ысқылап, алға ұмтылумен болды. Тіпті, Тимур Реджепов қақпашымен бетпе-бет шығып, есепті теңестіруге шақ қалды. Матч қарқыны да, соққан жел қарқыны да үдеп, екі тараптан сары қағаз алғандар тіркелді.
Өкінішке қарай, ойын соңына дейін 0:1 есебі сақталып, көкшетаулық ұжым жеңіске жетті. Ойыннан кейінгі баспасөз конференциясында команда бас бапкері Ринат Әлеуетов әу баста шәкірттеріне шабуылда ойнауға пәрмен бергенін айтты. Шиеленісті ойын көрсеткен «Алтай-Өскемен» жігіттерінің қазіргі бабын бөле-жара айта кетті. Ал өскемендік команданың жаттықтырушысы Вахид Масудов қарсылас стандарт ойындарын өрбіткенде гол салып кеткенін күрсініспен айтты.
- Жалпы, өз командама бәлендей айып таға алмаймын. Гол салатын біршама мүмкіндік болды. Ендігіде қақпашымен бетпе-бет келгенде сенімді ойнап, мүмкіндікті голға айналдыру керек. Бірақ қорғаныстағы сауатты ойынды да айта кетуге болады. Кейде жақсы шабуылдап, бірақ нүктесін қоя алмай жатамыз, - деді Вахид Масудов.
Бүгінгі ойыннан «Алтай-Өскемен» турнир кестесінде 13-орнын сақтап қалды.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет автордікі
Пікірлер