23-24 мамыр күндері облыс орталығында “East Podium” халықаралық сән көрсетілімі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Биылғы сән алаңының басты тақырыбы — көшпенділер коды мен ұлттық мәдениет. Іс-шара барысында дизайнерлер заманауи сәнді қазақтың дәстүрлі нақыштарымен ұштастырып, ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген киім үлгілерін көпшілік назарына ұсынды.
Коллекцияларда көшпелі мәдениеттің рухы, этностиль элементтері, табиғи маталар мен ұлттық символика кеңінен көрініс тапты. Сән көрсетілімінде камзол үлгісіндегі заманауи киімдер, кестелі шапандар, оюлы көйлектер мен ұлттық нақыштағы аксессуарлар ерекше назар аудартты.
— Біз ең алдымен Шығыс Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрін, көшпелі өркениеттің ерекшелігін көрсеткіміз келеді. Бұл — біздің тарихымыз бен рухани мұрамыз. Жоба бірнеше күнге жоспарланған. Алдымен қатысушылар келіп, кастинг ұйымдастырылды. Кейін негізгі сән көрсетілімі өтті. Сонымен қатар дизайнерлердің шоурумы, шеберлік сағаттары мен арнайы қонақтардың кездесулері өтуде. Биыл Қазақстанның түрлі өңірлерінен бөлек, Тәжікстан, Иран, Грузия, Ресей және Татарстаннан дизайнерлер келді. Подиумға шамамен 50 модель шығады. Олардың барлығы — Өскемендегі “Eurasian Fashion School” модель агенттігінің түлектері. Арнайы қонақ ретінде мәскеулік стилист Алексей Сухарев шақырылды, — деді жоба маркетологы Айжан Нұрланова.
Өскемен қаласы әйелдер қауымдастығының төрайымы Елена Березинскаяның сөзінше, мұндай жобалар бұған дейін де ұйымдастырылған. Алайда қазір өңірдің өзіндік сән бренді қалыптасып келеді.
— Бұл бастама әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға және оны халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған. Сондай-ақ көрсетілімде жергілікті модельдердің өнер көрсетуі — маңызды жетістік. Бұрын мұндай іс-шараларға модельдер Алматы мен Астанадан шақырылатын. Қазір Өскемендегі модель мектептері халықаралық деңгейдегі подиумдарға шығатын мамандар даярлай алатын дәрежеге жетті, — деді ол.
Жобаның бағдарламасы екі күнге жоспарланған. Алғашқы күні негізгі сән көрсетілімдері өтсе, екінші күні дизайнерлердің шоурумы, сән индустриясына арналған кездесулер және стилист әрі тележүргізуші Алексей Сухаревтің қатысуымен public talk ұйымдастырылды.
Пікірлер