«Жайлы мектеп» пилоттық Ұлттық жобасы аясында Белоусовка кентінде және Опытное поле ауылында жобалық қуаты 300 орындық мектептердің құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ауданда қанша мектеп бар, онда қанша мұғалім еңбек етуде, мектептердің жайы қандай, жас мамандардың саны қанша сынды сұрақтарға аудандық білім бөліміндегілер екі тілде толық жауап берген. Тіпті жас мамандарға берілетін көтермелеу жәрдемақысының сомасына дейін егжей-тегжейлі көрсеткен. Сұраухатқа берілген сандарға тоқталсақ:
✔Глубокое ауданы бойынша орта білім беру жүйесінде 28 мектеп жұмыс істейді. Соның ішінде: 2 бастауыш мектеп, 3 негізгі мектеп, 23 орта мектеп.
✔Аудан мектептерінде 949 педагог қызмет етеді.
Ресми ақпаратқа сәйкес аудан мектептеріне 27 жас маман жұмысқа қабылданды.
– Ауылға келген мамандар үшін жақсы жағдайлар (әлеуметтік пакет) қарастырылған: толық оқу жүктемесін қамтамасыз ету, ауыл табысының 25% үстемақы төлеу, көмір сатып алуға субсидия беру, жұмыс істейтін студенттерге оқу демалысын төлеу, демалыс үйлері мен санаторий жолдамаларына жеңілдік (төлем 50%) беру. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келген жас мамандарға тұрғын үймен қамтамасыз етуге 15 жыл мерзімге жылдық 0,001 пайызбен бюджеттік несие беріледі, – делінген ресми ақпаратта.
2024 жылы несие сомасы 1500 АЕК-тен аспайды немесе ауылдық жерде жұмыс істеуге және тұруға 5 538 000 теңгеден аспайды. Көтермелеу жәрдемақысы 100 АЕК немесе 369 200 теңге.
Глубокое ауданында апаттық жағдайда тұрған мектептер жоқ көрінеді. Тіпті, күрделі жөндеуді де ешбір ғимарат қажет етпейді. Аудандағы ең ескі мектеп – 1950 жылы Березовка ауылында салынған «Верх-Березовка бастауыш мектепбалабақша кешені».
– Бүгінде Глубокое ауданында «Жайлы мектептер» пилоттық ұлттық жобасы аясында Белоусовка кентінде және Опытное поле ауылында жобалық қуаты 300 орындық мектептердің құрылысы жүргізілуде. Ал Прапорщиково ауылындағы жаңа мектеп құрылысы 2025-2026 жылдарға жоспарланған, – деді білім бөлімінің мамандары.
Пікірлер