A+ A A-

talgatzhan 24 11-10-2024, 11:30 0

Глубокое ауданында апатты жағдайдағы баспана тұрғындар зәресін алып отыр

Глубокое / Бүгін

Осы ауданға қарасты Белоусовка кентінде қабырғасы қаусап, апатты жағдайда тұрған бірнеше үй бар. Юбилейная көшесінде орналасқан. Көпшілік облыстың экс-басшысы Даниал Ахметовтың кезінде берген уәдесінен күдер үзіп, енді шарасыздан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзіне шағым түсірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Техникалық сараптама жүргізілуі тиіс»
Қолдарында көпқабатты үйдің адам өміріне қауіпті екенін растайтын құжаттары бар. Қызыл кірпішпен көмкерілген баспанада жарық пайда болғанын, салдарынан ғимарат екіге бөлініп кетуі мүмкін екенін алға тартты. Бірнеше күннен кейін сол аулаға аудан әкімі Эльдар Тумашинов келді. Оны лезде көп адам қаумалап, Өскеменнен барған тілшілердің көзінше жағдайдың қаншалықты ушығып кеткенін айтып берді. Эльдар Лұқбекұлы болса, Мемлекет басшысының атына жолданған шағымнан соң мәселе бақылауға алынғанын айтып сендірді. Сол басқосуда дауыс көтеріп, кемшіліктерді өршелене жеткізген ешкім байқалмады. Бірнеше адам ғана сөйлеп, қалғаны терезеден бақылап тұрды. Сірә, тоқ етерін WhatsApp желісіндегі ортақ «чаттан» біле салуды жөн көрді.
– Осы жерде тұрғындармен қалыптасқан апатты жағдайға байланысты жиналып отырмыз. Кездесу барысында тұрғындардың ойын тыңдап, бір шешімге келдік. Енді біз аз уақыт ішінде құрылыс-техникалық сараптама жүргіземіз. Оның қорытындысы қолға түскен бойда, тұрғындарды хабардар етеміз. Көпшілік ойын білген соң, әрі қарайғы қадамымыз белгілі болмақ. Қазірдің өзінде оларды басқа жаққа көшіру бойынша бірнеше нұсқа бар, – деген болатын аудан басшысы.
Бұдан бөлек, көпқабатты үй тұрғындары үшін бірнеше көмек түрі қарастырылған. Бірі – басқа үйге көшіру, екіншісі – өтемақы қоса отырып, мүлкін сатып алу. Әкімдік тиімді ипотекалық бағдарламалар арқылы үй табуға қолұшын береміз деп отыр. Кейін анықталғандай, тұрғындардан өтініш-шағым жазылған хаттар түскен жоқ. Бірақ соған қарамастан әкімдік өкілдері бұл мәселеден бейхабар болды деуге сену қиын. Себебі, кент тұрғындары да өзара жиі айтып жүрген. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мәліметінше, шамамен он жылдан астам уақыт бұрын сараптама жүргізілді. Сол кезде көпқабатты үйдің екі подъезі апатты деп танылып, тұруға жарамсыз болды. Оның шешімі ретінде осы үйдегі 34 пәтердің тұрғындары басқа үйге көшірілді. Қазір тағы бір техникалық сараптама жүргізілуі тиіс. Соған қарап нақты бір шешім шығарылады. 
Айта кетер жайт, 2015 жылы дәл осы мәселе бойынша өңірдің экс-басшысы Даниал Ахметов бір топ шенеунікті ертіп, көпшілікпен кездескен болатын. Тоғыз жыл бұрынғы жүздесуде пәтер иелері егер баспаналары аяқ асты жермен-жексен болса, түксіз қалатындарын айтты. Олардың сөзінше, «үйінді астында қалғыларыңыз келмесе, тезірек кетіңіздер» деген де ұсыныстар естіген. Бірақ Ахметов осының бәрін тыңдап тұрып, халықты бай-балам салмауға шақырды. Сөйлеп тұрып, бірқатар уәдесін де берді.
– Сіздерді ешкім мәжбүрлеп кетірмейді. Үйдің техникалық жағдайын бағамдап, қорытындысын шығару үшін арнайы комиссия жұмыс істейтін болады. Егер соның нәтижесінде көшіру туралы шешім шықса, онда солай ету қажет. Облыс бойынша мемлекеттік сәулет құрылыс бақылауы басқармасы мен «Мемсараптама» РМК облыстық филиалы өкілдері толық тексеріс жүргізіп, 15 күн ішінде қорытындысын шығарсын, – деп еді ол.

Жер сілкінсе, жағдай мүшкіл
Енді осы айтылғандардың орындалуын Эльдар Тумашинов қадағалайды. Тоғыз жыл ішінде аталған кентте интернет сапасы жақсарды. Ал үйге қатысты барлық шағым әкімге уақтылы жетіп отырса, уәдеден нақты қадамдар жасауға өзі де талпынады. Тіпті, екі подъезі апатты деп танылған үйді телефондарына түсіріп, қоғам белсенділерін шақырса да, әкімдік өкілдері аулаға қайтадан келуі мүмкін. Ал жуықта ғана Президентке жолдаған бейнежазбада Марина есімді тұрғын алда-жалда жер сілкінсе, ғимарат жермен-жексен болатынын жеткізді.
– 1-ші, 2-ші подъезд тұрғындары алаңсыз ғұмыр кешіп жатыр. Біз күнде қорқа қадам басамыз. Қарттар бар, балалар бар, мүмкіндігі шектеулі адамдарға да қиын. Жағдай ушықса, дені сау адам бірнеше секунд ішінде киініп, сыртқа шығып үлгереді. Ал қариялар қалай жан сақтайды? Үйге жылу баратын жертөледе су, кәріз жүйесі орналасқан. Ғимарат құлай бастаса, зардабы  1-ші, 2-ші подъезд тұрғындарына да тиеді, – деді ол.
Көпшілік өтініші сол, осы айтқандары «Президент құлағына жетіп, республика деңгейіндегі комиссия келсе екен». Жергілікті әкімдік бұл тұрғыда көмек беріп отырмаған сыңайлы. Галина Мельникова есімді тұрғынның сөзінше, кетеуі кеткен нысанға алыстан көз тіксең, ешкім тұрмайтын сияқты. Мойын бұрып, қолұшын беруге ұмтылған ешкім жоқ көрінеді. Бұған қатысты аудан басшылығы жуық арада тағы бір ақпаратпен бөлісіп, тұрғындармен бір ымыраға келуі тиіс.
Асыл АЙТБАЕВ
Фотосуретті түсірген Еркежан Оралғазина

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив