Облыстық Экология департаменті мәліметінше, қалдықтарды есепке алу, сақтау, тасымалдау және кәдеге жарату жөніндегі талаптар сақталмаған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әлеуметтік желілердің мониторингі нәтижесінде Глубокое ауданының Белоусовка кентінде қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының өртенгені белгілі болды.
- Экология департаментінің мамандары жергілікті полиция қызметі өкілдерімен бірлесіп, оқиға орнына жедел барды. Бұзушылық фактілері расталды. Жүргізілген тергеу қорытындысында «Белоусовка кенті әкімінің аппараты» ММ полигонды басқару кезінде экологиялық нормалардың бұзылуын, оның ішінде өрттің алдын алу жөніндегі шаралардың болмау фактілерін тіркеді. Одан бөлек, қалдықтарды есепке алу, сақтау, тасымалдау және кәдеге жарату жөніндегі талаптар сақталмаған. Бұл әрекеттер Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 238, 319, 320, 350, 351 және 365-баптарының талаптарына сәйкес келмейді және өрт қаупін тудырады, - делінген ақпаратта.
Мәлім болғандай, анықталған бұзушылықтар негізінде қалдықтармен жұмыс істеуге жауапты әкімдіктің лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімдік атына анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым да шығарылды.
Фотосурет ашық дереккөзден
Пікірлер