A+ A A-

talgatzhan 42 4-11-2024, 11:30 0

Глубокое ауданында бүтін бір көше су астында қалуы мүмкін

Глубокое / Бүгін

Глубокое ауданына қарасты Прапорщиково ауылында тұрғын үйлер орналасқан жағалауды Ертістің суы шайып жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Осылай жалғасып жатқанына төрт жыл болды. Су астына 20 метрден астам құнарлы жер кеткен. Үйлерден бөлек, өзен уақыт өткен сайын электр желілеріне жақындап барады, жеткен шақта мәселе одан әрі ушығуы мүмкін.
- Сіздер қазіргі жағалаудың жайын көріп, біраз уақыттан кейін қайта келіп қарасаңыздар территорияның өзгергенін байқайсыздар. Ал біз бұл құбылысты мезгіл сайын көреміз. Ауыл тұрғындары алаңдаулы, қолымыздан ештеңе келмейді. Бұл жағдайды тиісті басқармалар білсе де, қол қусырып қарап отыр, - дейді ауыл тұрғыны Нина Ефимова.
Биыл жазда Прапорщиково ауылының тұрғындары өз наразылықтарын білдіріп, жағдай реттеледі деп үміттенген. Ауыл адамдарының айтуынша, табиғи ресурстар басқармасынан жағалауды нығайту жұмыстары 1-ші қазанға дейін жалғасады деген қағаз да келді. Алайда іс жүзінде бірде-бір алдын алу шаралары жасалмаған, сол уақыт ішінде су тағы бірнеше метр жерді шайып кетті.
- Шыттай киінген бірнеше шенеунік келіп, істің мән-жайын түсінген кейіп танытып кетті. Келгенде аумақты бір рет фотосуретке түсіреді, баннер іліп қайта түсіреді. Одан артық ешнәрсе істелмегенін байқамадық, тек құр уәде. Жағдай ушықпаса, жақсарғанын көрмедік, - деді ауыл тұрғыны Михаил Далиев.
Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, олар қажетті құрал-жабдықтардың шекарадан өтуін күтіп қалған. Сондай-ақ кедендік рәсімдеу, техниканы баптау және мамандарды оқыту сынды жұмыстар да біраз уақыт алатын көрінеді. Есеп-қисабы жүргізілген соң жағаны бекіту жұмыстары келесі жылға ауыстырылған.
- Жақын арада үшінші кеме, яғни қажетті құралдармен жабдықталған, қиыршық тасты топырақты 300 метрге жеткізіп, тасымалдай алатын үшінші снаряд келеді, - деді мердігер Ғалымжан Хуантаев
Ауыл тұрғындары жағалаудың  су астына кетуі жыл мезгілдеріне байланысты емес екендігін айтты. Дегенмен қыс айларында табиғи апаттар үдей түседі. Эрозия мен топырақтың шөгуі әлдеқайда тез жүреді. Қыс қайтып, күн жылынған уақта ауыл адамдарының қорқынышы арта түсері анық. Айтпақшы, әлі күнге дейін қауіпті аймақты ешкім қоршаған жоқ.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив