11-ші наурыз күні Риддерде тау шаңғысы спортынан жалауын көтерген Қазақстан Республикасының VI қысқы Спартакиадасында жергілікті спортшылар түрлі медальдар жиынтығын иеленіп үлгерді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Республиканың әр өңірінен келген қатысушылар «Эдельвейс» тау шаңғысы кешенінде бас қосты. Ол жақта қар қалың, тартысты бәсеке өрбітуге еш кедергі жоқ. Алдымен слалом бойынша үздіктер анықталды. Бірақ оған дейін сайыстың ашылу салтанаты өтіп, Риддер қаласы Мәдениет үйінің солистері өнер көрсетіп, алып қуыршақ боп киінгендер бәріне мерекелік көңіл-күй сыйлады. Кеншілер шаһарының танымал тау шаңғышылары: Игорь Закурдаев, Захар Кучин және Алексей Кулаков Қазақстан Республикасының Туын көтерді. Әрбірі түрлі жарыста топ жарып, жүлде алып жүргендер. Халықаралық додаларда облыс, ел намысын абыроймен қорғап келеді. Құрлықтық жарыстан асып, Олимпиада ойындарына қатысқандары бар.
Ашылу салтанатының соңына таман алғашқы жарыс күні үздік нәтиже көрсеткендер марапатталды. Спартакиада наурыздың 16-на дейін жалғасады. Еске сала кетейік, аталған кешенде тау шаңғысы спортынан ҚР жастар чемпионаты да өтіп жатыр. 12-ші наурызда олар слалом бойынша өзара шеберлік байқасты. Назарларыңызға сол бәсекеде риддерліктер ішінде кімдер олжа салғанын ұсынайық:
Алексей Кулаков – 2 орын (2007 жылы туған)
Богдан Иванихин – 2 орын (2009 жылы туған)
Даниель Жұмабаев – 3 орын (2010 жылы туған)
Яна Мелинг – 2 орын (2005 жылы туған)
Алина Калюжная – 2 орын (2010 жылы туған)
Анна Потапкина – 3 орын (2010 жылы туған)
Юля Епифанова – 1 орын (2011 жылы туған)
Пікірлер