A+ A A-

talgatzhan 44 17-03-2025, 14:30 0

Риддерліктер киіз үй тігіп жарысты

Риддер / Бүгін

Наурыздың 17-сі күні Ұлыстың Ұлы күнін атап өтер алдындағы шаралар тізбегінде «Этно-Fest» ұйымдастырылды. Атауы таныс болса да, нақты не екені кейбіріне беймәлім болар. Бірнеше мекеме өкілдері киіз үй тігіп, сол бойынша үздіктер анықталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Газеттің өткен нөмірінде жазылғандай, наурыздың 15-нен бастап Орталық алаңмен өтер жол жабылды. Қалалықтарға айналма жолдарға иек артып, барар бағыттарын өзгертуге тура келді. Наурыздың 16-сы күні Мәдениет сарайында әр сәбидің өміріндегі ең әсерлі және маңызды салт-жоралардың бірі – тұсау кесу рәсімі өтті. Салтанатты атмосферада тәй-тәй басқан 22 баланың тұсауы кесілді. Рәсім кезінде оларға ақсақалдар кеңесінің мүшелері алдағы өмірлеріне ақ жол тілеп, батасын берді.
17-ші наурыз күні Орталық алаңда музыка әуелеп, бірнеше этнос өкілі ұлттық киімдерін киіп, мейрамды бастап кетті. Бұған қала әкімдігі мұрындық болған. «Этно-Fest» делінген соң әр мекеме бір уақытта киіз үй тігіп, өзара жеңімпазды анықтауы тиіс еді. Қатысушылар сөзінше, әу баста екі мекемені күтуге тура келді. Кереге, уықтан бастап, туырлық, шаңырақ, түндікке дейін дайындап қойған. Шарболат күн шақырайып, әр жердегі шыңылтыр мұзды жібітіп үлгерген. Тасжол бойындағы еңіс жермен қар суы жылғаға айналып ағып жатты. Сағат тілі 10:30-ды көрсеткенде, қазылар тарапы «баста» деген белгі берді.

Жастар ресурстық орталығының басшысы Назгүл Бақытбекқызының сөзінше, «Этно-Festке» Риддер аграрлық техникалық колледжі, Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, қалалық білім бөлімі, сондай-ақ ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінен қатысты. Қызығы сол, азаматтар кереге құрып жатқанда, сол мекеменің нәзік жандылары Наурыз көже, палау сияқты тағамдар әзірлеп жарысты. Аспаздар бәсекесі бірнеше сағатқа созылды. Киіз үйдің қорытындысы талтүсте белгілі болды. Бәрінікі бірден сәтті шықты дей алмаймыз. Көбі шаңырағын көтеріп, уығын қадар кезде жаңылысты. Тартқан белбаулары босап, кей тұстарда уықтары жетпей жатты. Бұл ретте Риддер аграрлық техникалық колледжі басқалардан озды. Қазылар тарапы да лайықты бағасын беріп, жеңімпаз деп таныды. Екінші орын білім бөліміне бұйырса, Нұрболат Мағзұмов бастаған Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жігіттері үшінші орынға ие болды. Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөліміндегілер төртінші орынға тұрақтады. 
Енді ұлттық мейрам қыза түсетін Наурыздың 22-сі күніне дейін төрт киіз үй кеншілер қаласының Орталық алаңы көркін кіргізбек. Мұнымен қоса, оның дәл ортасында 12 қанатты киіз үй тігілетіні, бұған барлығы біркісідей атсалысатыны айтылды. 
Киіз үй тігіліп, қазан көтеріліп жатқанда ұлттық киім киген ақ жаулықты әжелер өзара қауқылдасып, кейбірі қыстай жиналған әңгіме тиегін ағыта отырды. 97 жастағы Тамара Бедарева да көппен бірге қазақы нақыштағы әндерді ұйып тыңдап, шуақты күні шын қуанды.

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив