A+ A A-

talgatzhan 65 19-03-2025, 14:50 0

Риддерде 5000 бөтелкеден ерекше құмыра жасалды

Риддер / Бүгін

Қаланың Орталығында қолға алынған тірлікке өткен-кеткен адамдар да атсалысып, әз-Наурыздың ойдағыдай өтуіне тілекші болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ұйымдастырушылар сөзінше, «Наурыз» логотипіндегі арт-нысан құрылысына дайындық 15-ші наурызда басталып кетті. Содан бері түрлі мекеме өкілдері мен тұрғындар сусын бөтелкелерін әкеле бастады. Бірақ шыны емес, пластикалық. Сағат 14:00-ге жоспарланған шара аяқ асты ерте басталып, арт-нысан туралы ақпарат сағат 12:00 шамасында беріле бастады.
– Бұл жоба ең алдымен экология және тұрақты тұтыну мәселелеріне назар аударуға бағытталған. «Наурыз» сөзін қалыптастыру үшін пластикалық бөтелкелерді пайдалану дәстүр мен қазіргі заман арасындағы байланысты бейнелейді. Тазалық тақырыбы қазір едәуір өзекті. Осы арқылы пластикалық қалдықтар мәселесіне аударғымыз келді, – делінген әкімдік мәліметінде.
Құмыра іспетті арт-нысанды құрап бітуге шақ қалғанда Мәдениет сарайы, Достық үйі, Жастар ресурстық орталығы сияқты мекеме өкілдері оны бояуға кірісті. Арнайы материалардан әзірленген гүл кескіні сол құмыраға салынды. Қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Данияр Батиновтың айтуынша, «Наурызнама» онкүндігі аясындағы шараны өткізу үшін 5000-нан астам бөтелке жиналды. Бұған негізінен мектептер үлес қосты. 
– Ұлттық нақыштағы құмыра ерекше әдіспен дайындалды. Риддерде түрлі этностар тұрып жатқандықтан мұндай әдіс бірлігімізді көрсетеді, – деді бас маман.
Мәлім болғандай, кеншілер қаласында осындай бастама биыл тұңғыш рет қолға алынды. Қызығы сол, кім көп бөтелке әкелді соларға сыйлық берілмек. Есеп-қисабы бүгін кешке шығарылады. Достық үйі қызметкерлерінде тұрғындар мен мекемелерден қанша пластикалық әкелінгені жазылып тұр. Айта кетер жайт, бұл бірнеше адамның күш салуымен біткен жоқ. Таңертең сағат 9:30 шамасында басталған. Өткен-кеткен адамдар көмекке келіп, көп болып атсалысты. Тіпті бір адам 300-ге тарта бөтелке әкеліп, экологиялық акцияны қолдай түскен. Құмыраның биіктігі – 2 метр, өзін қолмен қозғалту мүмкін емес.
Әділхан ЕСІМХАНОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 1 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив