Екі айлық сенбілік аясында түрлі мекеме, бөлімдер, одан бөлек, кәсіпкер, спортшы сияқты жеке тұлғалар да белгіленген аумақтарды тазалап, маңайды жинастырады, деп хабарлайды Вuqara.kz сайтының тілшісі.
Сөйтіп, бүгін кеншілер қаласындағы Республика алаңында 5000-нан астам адамды біріктірген ауқымды экологиялық акция өтті. Іс-шараға этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жастар белсенділері, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, спортшылар және, әрине, қала тұрғындары қатысты.
Акция бірлік пен туған өлкеге деген қамқорлық атмосферасында өтті. Қатысушылар аумақтарды тазалауға, аулалар мен саябақтарды абаттандыруға белсенді қатысты. 30-дан астам арнайы техника қала тазалығын сақтауға тартылды.
Айта кетер жайт, қала әкімдігінің бастамасымен «Үздік аула» байқауына баса назар аударылды. Оның мақсаты сол, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және абаттандыру мәдениетін дамыту. Байқаудың жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайды, ол балалар мен спорт алаңдарын салуға, жеңімпаздардың аумақтарын көгалдандыруға және абаттандыруға бағытталатын болады.
«Эталон» фирмасының директоры Рамиз Ибрагимовтің сөзінше, жиналған барлық қоқысты уақтылы шығаруға кепілдік береді.
- Біздің компания тұрғындар мен ұйымдардың өтінімдерін қабылдайды. Біз қаланы тәртіпке келтіруге және одан әрі абаттандыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Риддер тазалық пен жауапкершіліктің үлгісі болсын! - деді ол.
Директор акция кезінде қоқыс шығаруды және логистикалық тұрғыда қолдауды қамтамасыз етуді жауапкершілігіне алды.
Қала жастары да бұған қатысты өз ойларын білдірді.
- Риддер жастары Президенттің «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын өткізу бастамасын қолдауда. Бүгінгі сенбілік - бұл туған қаламыздың болашағына қосқан үлесіміз. Біз таза, жасыл және жайлы Риддерде өмір сүргіміз келеді. Ол үшін қатысуға ғана емес, өзгерістердің бастамашысы болуға да дайынбыз! - деді Риддердегі жастар активінің өкілі Дарья Ляпунова.
Сондай-ақ, экологиялық қозғалыстың белсенді қатысушысы, қала тұрғыны Айжан Серікбаева мұндай акциялардың дәстүрге айналуы өте маңызды екенін алға тартты.
- Қаламыз келбеттеніп, көркейе түссе шабыттанамыз. Тазалық саулық кепілі. Бұл шара балалар үшін де маңызды, - деді ол.
Пікірлер