
Нақты қай жерде өтті десеңіздер көпшіліктің шоғырлануына қолайлы, әрі қаланың орталық тұсы деп бекітілген «Апельсин» дүкенінің алды таңдалыпты. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Отан қорғаушылар күніне орайластырған шағын концерт түс ауа басталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кейде жабық кешеннен гөрі далада ұйымдастырылған шара әлдеқайда қызық. Жаңғыра шыққан музыканы естіп, келімді-кетімді тұрғындар қонақтар қатарын толықтыра береді. Кездейсоқ өтіп бара жатқанда мойын бұрып, күйбең тірлігін тоқтата тұрады. Екі бірдей мейрамды желкен етіп, Өскеменнен арнайы жеткен Полиция департаменті хоры қалалықтар алдында сап түзеді. Екі қатар, олардан жеке дара, бірақ қарама-қарсы бағытта дирижер белгі беріп, әуен ырғағын реттеп тұрды. Дегенмнен алдымен құттықтау сөздер айтылып, ұйымдастырушылар ашық аспан астындағы концертке молынан жиналған риддерліктерге алғыстарын білдірді. Хордың көркемдік жетекшісі Лейла Солтанова мен солист, халықаралық байқаулардың жүлдегері Әсел Қыдырханованы жұртқа таныстырып болған соң қала әкіімінің орынбасары Ерболат Ошақбаев жиналған қауымға құттықтауын жеткізді.
– Ұлы Жеңіс күнін ардагерлер мен тылда тек төккен қарттарымызсыз елестету мүмкін емес. Солардың табандылығы мен ерлігі арқасында бүгін бейбіт ғұмыр кешіп жатырмыз. Көгімізде қыран құсы қалықтап, Тәуелсіз ел болып отырмыз. Сондықтан ауызбіршілігіміз нығайып, Қазақстанымыз көркейсін деймін, бір ту астында тұрып жатқан барлығыңызға зор денсаулық тілеймін, – деді Ерболат Құмарханұлы.
Осыны айтты да Полиция департаменті хорына ерекше алғысын жеткізді. Бұл уақытта кей тұрғын дүкенге сауда жасауға келгендерін ұмытып, ән айтып тұрған әскерилерге аңтарыла қарап тұрып қалды. Соны байқады ма екен, концерт жүргізушісі «Құрметті қонақтар, «Апельсиндегі» сауда тоқтаған жоқ, керек-жарақтарыңызды ала беріңіздер» деп қысқаша хабарландырумен бөлісті.
Ерболат Ошақбаев сөз арасында тың ақпараттармен де бөлісті. Анықталғандай, осы уақытқа дейін 300-ге тарта, нақты айтсақ, 277 тыл ардагерін құттықтады. Ешбірі назардан тыс қалмайды дейді. Бұл ретте қолдауын аямаған шаһардағы кәсіпкерлер мен кәсіпорындарды атап өтті. Көпшілікке белгілі, қазір Риддерде жалғыз соғыс ардагері қалды – Павел Альбоха. Қала әкімі орынбасарының сөзінше, мамырдың 8-і күні ардагерге облыс және Риддер әкімдігі атынан арнайы барып, 5 млн теңгенің сертификатын табыстайды. Одан бөлек, сыйлықтар беріледі.
Әрі қарай «Тасып жатыр бойда батыр рух» әні салтанатты жиынның тиегін ағытып, дирижер бәріне бағдар беріп тұрды. Жанды дауыста шырқалған әндер қашан да құлаққа жағымды, көңілге қонымды. Жеңіс күніне арналған әннің бәрі дерлік шырқалды. Әсіресе, «Әлия», «Смуглянка» сияқты туындылар қонақтар көңіл-күйін көтерді. Хор деп аталғанымен ішінде домбырашы да, небір ерекше дауыс иелері де бар. Қысқасы, қала басшылығы биыл Жеңіс күнін ауқымды деңгейде атап өтуге ниетті.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер