Мамырдың 8-і күні атырдың кеудемүсіні орнатылған аумақта майдан лебін сездіретін көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұлан ауданы топырағында өмірге келген Төлеген Тоқтаров соғыс жылдарында Отанын қорғау жолында ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсетті. Жеке ерлігі мен батырлығы үшін көптеген марапаттарға ие болды. Оның ерлігі туралы естеліктер өңір тұрғындарының жүрегінде мәңгі сақталып, Төлеген Тоқтаровтың есім-сойы – ерлік пен отансүйгіштіктің символына айналды.
Салтанатты шара өткен жерде батырдың өмірі, жауынгерлік жолы мен Ұлы Жеңіс туралы баяндайтын тақырыптық көрмелер ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары архивтік материалдармен, фотосуреттермен және тарихи құжаттармен танысып, бейбіт өмірдің қандай құрбандықпен келгенін тағы бір мәрте еске алды.
Шараның ашылуында сөз алған қала әкімінің орынбасары Ерболат Ошақбаев биыл қолдау тапқан бастама келер жылы басқа көшелерде де қолға алынатынын алға тартты. Риддерден бөлек, Өскеменнен өнерпаздар шақырылып, деңгейін арттыру жоспарланған. Ал Тоқтаров көшесіндегі жиынға шаһардағы әкімдік өкілдері, барлық мектеп, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі ШҚО бойынша Риддер қалалық филиалы» басшылығы, Риддер тарихи-өлкетану музейі және басқасы біркісідей қатысты.
Шарадағы ерекше сәттердің бірі — жас кадеттердің салтанатты шеруі болды. «Шаңырақ» мектебі жанында ашылған «Жас сарбаз» сыныбының ұл-қыздары саптық жүрісті сәтті көрсетіп, тыңғылықты дайындықтарын байқатты. Әсіресе, жиналған жастар мен балалар таң-тамаша болды бұған. Мектеп оқушылары флешмобқа қатысып, патриоттық әндерге ырғақты қимылдады.
Пікірлер