A+ A A-

talgatzhan 44 20-05-2025, 14:00 0

Риддерліктер Мария Баймұқанқызына құрмет көрсетті

Риддер / Бүгін

Ардагер журналист Айтмұхамбет Қасымов өзінің «Үміт патшалығына саяхат» кітабында бүлдіршіндерге мейірімін төгіп отырған мекеме туралы жан-жақты жазған еді. Қаламгер Өскемендегі Балалар үйін меңзеген. Сол мекемеде талай жыл еңбектеніп, асыл жүректі ана атанған Мария Бейсеқанованың педагогикалық қызметіне 50 жыл толды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мәдени шараның көбі әдеттегідей Мәдениет сарайында ұйымдастырылады. Тұрғындар салтанатты жиынның куәсі атану үшін межелі уақытта, сағат 11:00-де фойеге жиналды. Кім үшін, не үшін келді? Көбі Мария Баймұқанқызының жүріп өткен жолынан, атқарып отырған жұмысынан хабардар. Риддерде түрлі ұлт өкілдері тұрады. Бірақ соған қарамастан барлығы шара қонағына шын тілекші екендерін көрсетіп, құттықтауларын аямады. Ұйымдастырушылар сөзінше, педагогикаға байланысты оның еңбектері түрлі жинақтарға енген. 
– 2003-ші жылы оның авторлығымен мемлекеттік тілге тәрбиелеу туралы әдістемелік жинақ жарық көрді. Ол түрлі облыстық, республикалық деңгейдегі ғылыми конференцияларға қатысты. Соған сәйкес алған марапаттары біршама. «Үміт» Балалар үйін дамыту жолында облыс әкімінің атынан берілген Құрмет грамотасынан бастап «Ерен еңбегі үшін» медалін мысал етуге болады, – деді ұйымдастырушылардың бірі.
Мәдениет сарайы фойесінде ине шаншар жер болмады. Орын таппаған кейбірі екінші қабатқа көтеріліп, болып жатқанның бәрін биіктен тамашалады. Аздан соң қала әкімінің орынбасары Ерболат Ошақбаев сөз алды.
– Арамызда «қазақтың Мариясы» деген атаққа ие болған апайымыз отыр. Бір бағытта аттай елу жыл тер төгіп келесіз. Қазақта «Елу жылда ел жаңа» деген сөз бар. Халыққа жасаған жақсылығыңыз үшін Риддер халқы атынан, қала басшысы Думан Есдәулетұлының атынан зор алғыс білдіреміз. Қаншама бала қамығып жүргенде махаббатыңызды төктіңіз. Бұл кісінің қамқорлығындағы балапандар сахна төріне шыққанда көрермен қауым мейірлене көз тігіп отыратын. 600 орындық зал 1000, 2000 орынға дейін толған кездер аз емес. Оны өзім барып қатысқанда көрдім. Жалпы, Балалар үйінің ұжымы да барлық мақтауға лайық, – деді Ерболат Құмарқанұлы.
Бұл күні көптің алдында бүлдіршіндердің өнер көрсетпеуі әбестік болар. Бағдарламаға сәйкес «Томирис» хореогрфиялық тобы мен «Совушки» бишілері барын салды. Бас-аяғы бір сағат ішінде әсерлі құттықтаулар, ән де, би де көрерменге жол тауып, марапаттауларға кезек берілді. Соның ішінде, №14 мектеп оқушылары «Ана» әнін орындап, кей адамның көзінен жас ыршып кетті. 
Ұйымдастырушылар сөзінше, Мария Баймұқанқызының өмірлік ұстанымы – «Ұлт боламын десең – ұрпағыңды тәрбиеле». Бағып-қағып, бағдар берген бүлдіршіндердің уақыт өткен сайын ел игілігі үшін қызмет етер буынға айналатынына №5 мектеп директоры Есілхан Қанапиянов та күмән келтірмеді.
– Қаншама жеткіншек Балалар үйінің босағасына жылап кіріп, күліп шығып жатты. Солардың бәрін бір-бірінен бөліп жармай, біркісідей бауырына басты. 50 жыл еңбек өтіліңіз сіздің табандылығыңыз бен қайсарлығыңызды көрсетеді. Әлі де талай балаға ана орнына ана болатыныңызға күмән жоқ, – деді де, жанына жақындап сый-сыяпатын көрсетті.
Әрі қарай қалалық мәслихат депутаты Евгения Нужных, «Аманат» партиясы Риддер қалалық филиалының төрағасы Әсем Ағажаева сөз алып, ізгі тілектерін жеткізді. Бәрі құр қол емес, Мария Бейсеқановаға тартуы мен алғысын арқалап әкелген. 
– 50 жылдық еңбек өтіліме байланысты көп шара өтіп жатыр. Бірақ дәл Риддерде көңілім ерекше толқыды. Мұндағы халықтың мінезі де жайдары, табиғаты да көркем. Тамаша шара өткізген қала әкімдігіне алғысымды жеткіземін. Уақыт тығыз болса да, үлкен-кішісі қалмай келіпті. Бір жағынан, елу жыл еңбек өтіліне ие жалғыз мен емес. Әр бағытта еңбек сіңірген азаматтар мен нәзік жандылар көп. Еңбегіміз еленіп жатса, біз де қуанамыз. Бүгінгі ұйымдастырылған концерттік шара да өте үйлесімді болды, – деді «Үміт» Балалар үйінің директоры.

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив