A+ A A-

talgatzhan 46 29-05-2025, 16:30 0

Риддерде Балаларды қорғау күніне орай қайырымдылық концерт өтті

Риддер / ШҚО

Асыра айтып тұрғанымыз жоқ. Кәдімгі дәмханада, кәсіби әншілер емес, қаланың дарынды бүлдіршіндері өнер көрсеткен салтанатты жиын жыл өткен сайын көпті қызыққа батырып келеді. Бір жағынан 1-ші маусым – Балаларды қорғау күні келіп те қалды. Оны атап өту бүгіннен басталып кетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сөйтіп, тиісті хабарландыру таратылған бойда біз де өтетін орны деп бекітілген «Рябинушка» дәмханасына тура сағат 10:57-де бардық. Үш минуттан соң жарқын музыка үні жаңғырып, шараны тамашалағысы келгендер мекемеге іркес-тіркес кіріп жатты. Сөйтсе, бұл тұңғыш рет қолға алынып отырған шара емес екен. Ата-аналар да мамырдың соңында олардың басы қосылатынын жобалап жүреді. Айта кетер жайт, бұнда ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндер жиналған. Тағдыр қалауымен мүмкіндіктері шектеулі болса да, жүздері нұрланып, ән мен биге делебесі бірге қозды. Мұның өткізілуіне мұрындық болған – Риддер қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Галина Гильдерман. Қала әкімдігі қолдау білдіріп, қайырымдылық концерттің үздіксіз жалғасуына атсалысты. Бұл жолы 34 баланың басы қосылды. Барлығы алдыңғы қатарда, құрметті қонақтар болып отырды. Қала әкімінің орынбасары Ерболат Ошақбаевтың сөзінше, ерекше қажеттілігі балалармен әлі де кездеседі. Оған жоспар құрып қойған.
– Осындай берері мол шараның өтуіне негіз болған ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Бір-бір періште бағып отырған ата-аналарға да зор денсаулық, бақыт тілейміз. Басымыз тек қуанышта қосылсын,  – деді ол.
Уақыт өткен сайын концерт тамашалауға келгендер қарасы көбейе түсті. Алғашқы бір-екі биден кейін ең қызықтты сәттердің бірі – сыйлықтар таратуға кезек берілді. Әкімдік өкілдері, «Аманат» партиясы Риддер қалалық филиалының төрағасы Әсем Ағажаева мен Галина Гильдерман алдымен жұмсақ ойыншықтарды, сосын балмұздақ үлестірді. Бәріне жетті. Сыйлыққа ие болған қыздар қуаныштан жан-жағына шапалақтай көз тікті. 
Жалпы, көптің қошеметіне бөленген «Күнбағыс», «Чхун» билері мен Вера Черкасованың «Кикимора» әні есте ерекше сақталды. Арасында ерекше қажеттілігі бар балалар бағып отырған Наталья Владимирова мен Екатерина Черепановаға сөз беріліп, осындай концерт ұйымдастырған әрбіріне ризашылығын жеткізді.
Әділхан БОЛАТХАНҰЛЫ
Фотосурет автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив