A+ A A-

talgatzhan 39 8-05-2025, 15:00 0

Риддер әкімі қаладағы жалғыз соғыс ардагерін құттықтап, тыл еңбеккерінің батасын алды

Риддер / ШҚО

Аймақта қарт жауынгерлердің қатары сиреп барады. Дегенмен майдангерлердің де, тыл еңбеккерлерінің де ерлігін кейінгі ұрпақ​ ұмытпайды. Жеңіс мерекесіне орай қолға алынған түрлі шаралар соның айғағы, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Биыл ерекше дата. Ұлы Жеңіске – 80 жыл. Осыған байланысты облыс басшысы Нұрымбет Сақтағанов аудандарға жасаған ресми сапарында қанды қасапта толарсақтан саз кешіп, тылда тауқымет тартқан қарттарға сый-сыяпат көрсетіп, мерейтойлық медальдарын табыс етті. Жасыратыны жоқ, кей ауданда жаудың бетін қайтарған ардагер де қалмады. Әлі күш-қуаттары кеми қоймағанда жау шебінде бастан кешкен әңгімелерін тыңдауға болар еді. Әрбірі бір кітапқа татитындай. 
Осы ретте мамырдың 8-і күні облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Баяхметов Риддер қаласына жұмыс сапарымен келді. Ол қала әкімі Думан Рахметқалиевпен бірге шаһардағы Ұлы Отан соғысының жалғыз ардагері — 101 жастағы Павел Альбоханы құттықтады. Ардагерге ерлігі мен жанқиярлығы үшін шынайы алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар табысталды. 
Мұның алдында ғана Риддер әкімінің орынбасары Ерболат Ошақбаев батырға 5 млн теңгенің сертификатын табысталатынын алға тартқан еді. Бұл ғана емес, Бақытжан Баяхметовтің сапары аясында Жеңіске сүбелі үлес қосқан тыл еңбеккерлері де назардан тыс қалған жоқ. Оларға медальдар, сертификаттар және естелік сыйлықтар табыс етіліп, еңбектеріне құрмет көрсетілді.
Жалпы, бүгінде ғасыр жасаған қарт – Павел Альбоха 4-ші ауданда тұрады. Жас күнінде тауқымет тартып тартса да, әлі тың. Майдан шебінен аман-есен оралған қария Ресейдегі Самар облысына қарасты Выселки ауылының тумасы. Әскерге 1942-ші жылы шақырылды. Әскери училищеде оқу оқып, ұшақтағы радиобайланысқа қызмет көрсету маманы болып шықты. Әрі қарай бірден майданға тартты. Украина, Польша, Германия және Чехословакия жерін жаудан азат етуге қатысты. 2-ші, 4-ші Украина майданында жою-шабуылдау бөлімінде қызмет етті.
Әскерде жүріп өткен жолы үшін Отан соғысы Ордені және төрт медальмен марапатталды. Павел Альбоха – Риддер қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы.
Бүгінде батырға Риддер емханасының медбикесі Мөлдір Адимова қамқорлық жасап, денсаулығын бақылуда ұстап жүр. Тұрақты келіп-кетіп, дәрі-дәрмегін әкеліп береді, қан қысымын өлшейді. Кейде емен-жарқын әңгімелеседі. 
 – Бұл кісінің табандылығына таң қалмасқа болмайды. Көп нәрсені көрсе де, әлі мейірімді, өзін мығым ұстайды, – дейді ақ халатты.
Иә, Риддер үшін ол нағыз мақтаныш әрі аңыз адам. Оның тағдыры өз алдына тарих, ерлігі елге мәлім. Соның арқасында бейбіт күн кешудеміз десек артық айтпағанымыз.
Асыл АЙТБАЕВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив