A+ A A-

talgatzhan 30 30-05-2025, 14:00 0

Риддер тұрғындарына пәтер кілттері табысталды

Риддер / Бүгін

Ботаника ауданындағы қуанышты шараға жиналғандар үшін арнайы сахна да құрылып, бәрі салтанатты түрде жалғасты. Аталған құрылыс «Бірқататты Шығыс» жобасы аясында қолға алынған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұл жоба облыстың барлық дерлік қала, ауданында іске асырылып келеді. Бұдан бөлек, «Бақытты отбасы» бағдарламасын да айта кеткен орынды. Қаншама жанұя көптен күткен арманына жетіп, қоныс тойын тойлатты. Енді сол дәстүр кеншілер қаласында жалғасын тапты. Ұйымдастырушылар алдымен үйлі болатындар тізімін түгендеп алды. Бәрі келген. Қала әкімінің орынбасары Қаныбек Төлеуханның сөзінше, мұндай қауырт жұмыс мемлекеттің халық тұрмысын жақсартуға деген нақты қадамы.
– Осы жылдың жоспарына сәйкес барлығы 43 пәтер қолданысқа берілуі тиіс. Бірақ алдағы уақытта қосымша үйлер саламыз ба деген ой бар. Бүгін «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасына сәйкес он отбасыға пәтер кілттері табысталып жатыр. Жалпы, қала бойынша 1200-ден астам адам үй кезегінде. Әрине, бәрі баспаналы болып, сол тізімге әп-сәтте өзгеріс енсе үлкен қуаныш. Алайда бәрі қаражатқа байланысты, қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Ешкім кезекті тұрмай, бәрі жайлы баспанада тұрса екен дейміз, – деді жауапты тұлға.
Бірнеше күн ауа райы суып, тұрғындар жылы киімдерін мәжбүр болған екен. Көтеріңкі көңіл-күйі мен көптің ізгі ниетінен болар, шарболат күн шуағын шашты. Әкімдік өкілдерінен бөлек, басқа да мекеме басшылары қуаныштың куәсі атануға келді. Ал ата-аналар болса, армандарының орындалуына мүмкіндік сыйлаған осындай мемлекеттік бағдарламаның барына ризашылықтарын жеткізді.
– Үй кезегінде жеті жылдан бері тұрған едік. Әйтеуір кілті қолымызға тиді бүгін. Жүрегіміз толқып та тұр. Бұл жақтың ауасы таза, орналасқан жері ыңғайлы. Қала әкімдігі өкілдеріне рахмет. Қажет кезде ол кісілермен кеңесіп отырдық. Енді көрші-қолаңмен осы мекенжайда тату-тәтті тұрамыз, – деді көпбалалы ана Екатерина Бутина жымиып.
Неге дәл мамырдың 30-ы күні ұйымдастырылды деген сұрақ туындауы мүмкін. Шара жүргізушісі мұны қала күніне орайластырылғанын жеткізді. Үшінші шағын аудан жұрты ауқымды құрылыстың куәсі атанды. Арада уақыт өткенде әлеуметтің осал топтары қолдарына пәтер кілттерін алды. Арасында жалғызбасты қариялар да бар. «Аманат» партиясы Риддер қалалық филиалының төрағасы Әсем Ағажаеваның сөзінше, бар жобаның іске асырылуы да үлкен жұмыс. Қалалық мәслихат депутаты Евгения Нужных құрылыс жұмыстары бірнеше жылға созылғанын алға тартты. Ендігісі, әр тұрғын өмірінің жарқын сәттерін осы жерде өткізсе дейді. 
Асыл АЙТБАЕВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив