Жаздың алғашқы күні, яғни 1 маусым кеншілер қаласындағы ұл-қыздар үшін айтарлықтай көңілді басталды. Балаларды қорғау күні қарсаңында әкімдік өкілдері мен белсенді жандар тыңғылықты дайындалыпты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Естеріңізде болса, мұның алдында Рябинушка дәмханасында ерекше қажеттілігі бар балалар үшін концерт өткен еді. Онда сыйлықтар да, балмұздақтар да таратылып, келгендер көп-көрім серпіліп қайтқан еді. Ал өткен жексенбіде Орталық алаңында ұйымдастырылған шара кезінде қалалықтар қарасы тіптен мол болды.
Таңғы бағдарлама сағат 10:00-да балаларға арналған «Таланттар кемпірқосағы» атты шығармашылық фестивальмен ашылды. Алаңда жәрмеңке өтті. Балалар бір-бірінің бетін әрлеп, сабын көпіршіктерін үрлеп, қызыққа батты. Осындай шаралардан қалмайтын көңілді аниматорлар кішкентай қонақтардың көңіл-күйін одан әрі көтерді. Сәлден соң балаларға тегін балмұздақ таратылды. Айта кетерлігі, бұл күні тек сауық-сайран емес, бүлдіршіндер арасында білімге бет бұрғандар үшін робототехника, балалар әдебиеті мен көркемсурет көрмесі де ұйымдастырылды. Street Workout бойынша спортшы жігіттер түрлі элементтер көрсетсе, ұлттық ойындар да ұлдарды бір жерге топтады.
Кешкі мерекелік бағдарлама мектеп түлектерінің вальсі, Мәдениет үйі жанындағы ансамбльдердің өнері, «Алтай» би ансамблі мен вокалдық топтардың қатысуымен әсерлі болды. Арнайы қонақ болып келген X-Factor жобасының жеңімпазы Мирас Ерболов, «Умберто» тобы және елімізге танымал әнші Маржан Арапбаева әуелете ән шырқап, мерекені қыздыра түсті. Кеш соңында түрлі-түсті отшашу түнгі қаланы ертегіге айналдырғандай әсер берді. Мерекелік шара Риддер жұртшылығы үшін көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас сәттер сыйлады.
Жадыра ТЕҢІЗХАНҚЫЗЫ
Фотосурет my-gorod-ridder.kz сайтынан
Пікірлер