Бүгін қала әкімі Думан Рахметқалиев, қоғам белсенділері және ата-аналар алтыншы шағын аудандағы жаңа білім ошағының құрылысымен танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған нысан құжатына көз жүгіртсек, құрылыс биыл қаңтардың 17-сі күні басталды. Аяқталатын уақыты деп 2026-шы жылдың 17-ші шілдесі көрсетілген. Бірақ облыстық Білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева жуықта Өскеменде өткен брифингіде мектепті осы жылдың соңына дейін салып бітеді дегені бар. Кімдер салып жатыр мұны? Құжатқа сәйкес, тапсырыс беруші – Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы, бас мердігер – «ЭЛХОН» ЖШС.
Мердігер мәліметінше, қаржыдан тапшылық байқалмайды. Темірді «Евразия сталь» компаниясынан алдырып отыр. Шілдеге дейін бірінші қабатын салып біткен соң су құбыры тартылады. Бірақ та жұмыстың басы-қасында жүргендер құрылысты уақытынан бұрын емес, межелі мерзімде тәмамдаймыз деп отыр. Не де болса, қара жұмыстың бәрі жыл біткенше орындалып, келер жылға тек абаттандыруды қалдырмақ.
– Мектептің аман-есен салынуын талай ата-ана күтіп отыр. Сол үшін сапаға мән беріңіздер. Бір жерде ағаттық кетіп, оны реттеу қажет болса, сол күйі әрекетсіздік танытпай, әр тұста мұқият болу қажет, – деді Думан Есдәулетұлы.
Мердігерлер сөзінше, «Казцинк» ЖШС құрылысшылары мен техникалық бақылауға жауапты адамдарды шақырады.
– Қазақ мектебі жақсы салынып жатыр деген ойдамыз. Әкімдік өкілдері де мұны қадағалауына алып отыр. Жұмыс көз алдымызда жалғасып жатыр. Бастамасы жақсы, – деді тұрғын Еркебұлан Төлеуханов.
Қалалық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабир Кагармановтың сөзінше, бұл жерде бірнеше буын, болашағынан зор үміт күттіретін оқушылар білім алады алдағы уақытта. Қала әкімі де, мердігер де мұның коммерциялық жоба емес, игі жұмыс екенін растады.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Пікірлер