A+ A A-

talgatzhan 41 4-06-2025, 10:20 0

Риддер ЖЭО-ға жаңа құбырлар әкелінеді

Риддер / Бүгін

Риддердегі жылу жүйесінде ауқымды жөндеу жүргізу үшін биылғы маусым айында миллиардтар бөлінеді делінген болатын. Күні кеше қала әкімі Думан Рахметқалиев аталған нысанда қазір қандай жұмыс атқарылып жатқандығымен танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Мұндағы мамандар қалалықтар жаурап қалмас үшін бар күштерін салатындықтарын жеткізді. Ең әуелі шіріген, ескірген құбырларды тізімнен шығару керек. Кейбірін жаңартады. 
– Қазіргі уақытта 14 дәнекерлеуші бар. Ішінде Өскеменнен келген мамандар да еңбектенуде. Олар үнемі біздің компанияда жұмыс істейді. Тиісті дипломдары бар. Технолог та білікті маман, еңбек өтілі – 15 жыл. Қажет құбырларды «Первоуральский новотрубный завод» (Ресей) арқылы аламыз. Батыс Қазақстанға жақын. Қазірдің өзінде 15 пайыз ақшасын төлеп, тапсырыс беріп қойдық. Алғашқы бөлігі маусымның ортасында келеді, – деді ЖЭО қызметкерлері. 
Думан Рахметқалиев олардан дәнекерлеушілер құбырлар жеткенше, яғни маусымның ортасына дейін басқа қандай жұмыстар атқаратындарын сұрады. Мәлім болғандай, одан бөлек жұмыс ауқымы аз емес. Мәселен, құрылғылар мен шнектерді (иірме) жөндеу, темірлерді бөлшектеп, оны қауырт жұмысқа икемдеу сияқты шаруалар шаш етектен. Кейбір желдеткіш те сынып тұрған көрінеді. Соларды жөндеу керек. Қысқасы, қала тұрғындары қыстың аязынан жаурамас үшін жылу электр орталығындағылар аянып қалмақ емес. Думан Есдәулетұлы да уақыттан ұтылмай, сападан шашау шығармауды тапсырды. 
Жалпы, үш мекеме жұмыс істеп жатыр. Әрбірі керек жылу құбырының жұмысына, олардың уақтылы ауыстырылып, тапсырыс берілсе ойдағыдай жеткізілуіне жауапты. Риддерліктер Өскемендегі «МашЗавод» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен үнемі байланыста. Суық түссе алдымен 6-шы қазандықты, сосын біртіндеп 3-ші қазандықты іске қосады. 
Думан Рахметқалиевтің сөзінше, жұмысшы тапшылығы байқалып, қандай да бір өзгеріс болса, осы бастан айтқандары жөн. Бәріне үлгереміз деп жүргенде күз де келеді. Әзірге жұмыс жоспарға сай жалғасуда, қажеттілік туындаса жігіттер екі ауысымда еңбектенуі мүмкін. 
– Шамотты кірпішті тікелей Магнитогорскідегі зауыттан, жеңілдетілген кірпішті Солтүстік Қазақстаннан алдырамыз. Бәрі вагонмен жеткізіледі. Келісімшартқа сәйкес, оларды Риддерге әкеліп бір-ақ түсіреді, – деді ЖЭО өкілдері.
Әділхан ЕСІМХАНОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив