Көпшілік Мәдениет сарайы жанындағы субұрқақ маңына жиналып, көк байрақты біркісідей желбіретті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазір шаһар халқы ұлттық мерекелер мен атаулы күндер аясында әркез рухы биік, ауызбіршілігі қалыптасқан орта ретінде көрсетіп келеді өздерін. Алысқа бармай-ақ кеншілер қаласында әр жылы Наурыз мерекесін асыға күтетіндер қарасы молайып келе жатқанын, қазақы салт-дәстүрдің ерекшелігіне қызығушылық танытқандар қатарының арта түскендігін мысал етуге болады. Осы жолы әкімдік пен әр мекеме өкілдері, мектеп оқушылары мен ұстаздар, әскерилер, қоғам белсенділері шара басталардан бұрын едәуір ерте келіп, реттілікпен сап түзеді.
Ұйымдастырушылар әуелі рәміздердің авторларына тоқталып, оны қорғау, маңызын дәріптеу Отанға деген махаббаттың алғашқы қадамы екенін жеткізді. Ондағы ою-өрнектер мен қазақ мифологиясындағы жануарлардың қандай мәртебеге ие екендігін айтып берді. Сәлден соң қала басшысы Думан Рахметқалиев сөз алып, тұрғындарды қазақ даласының тарих беттерінде өзіндік орны бар ерекше күнмен құттықтады.
– Бұл халқымыздың тәуелсіз ел ретінде танылып, өзінің дербес Ту, Елтаңба, Әнұраны бекітілген тарихи күн. Мемлекеттік рәміздер күні ұлт рухын, халық бірлігін және болашаққа деген сенімін білдіретін айтулы мереке, – деді Думан Есдәулетұлы.
Айта кетерлік жайт, көпшілік мұны маңызды күн деп санағандықтан болар, ұзын-сонар концерттік нөмір ұсынылмады. Жергілікті өнерпаздар орындауындағы «Атамекен» әні шырқалып жатқанда риддерліктер көк байрақты жігерлене желбіретті.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Пікірлер