A+ A A-

talgatzhan 30 15-06-2025, 14:00 0

Риддерде медицина қызметкерлері күнін атап өтті

Риддер / ШҚО

Осыған орай Мәдениет сарайында салтанатты жиын ұйымдастырылып, талай жылдан бері денсаулық күзетінде жүрген ақ халаттылар марапат алып, көптің алғысына бөленді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қазір Риддерде медицина бағытында едәуір ауыз толтырып айтарлық жұмыс атқарылып жатыр. Жаңа емхана құрылысы жалғасуда. Жыл басында гемодиализ орталығы өз жұмысын бастады. Кейбір мықты дәрігер мұнда Өскеменнен келіп еңбектенуде. Дегенмен еңбек өтілі 20-30 жылға жететін, науқас жанына араша болған жергілікті ақ халаттылар да назардан тыс қалмаулары тиіс. Әкімдік өкілдері жуықта олардың еңбегін бағалап, марапаттау рәсімін өткізді. Алдымен қала басшысының орынбасары Ерболат Ошақбаев сөз алып, оларға алғысын білдірді. Оның сөзінше, ақ халатты деген тек ем көрсететін адам емес, адам жанына жылу төгетін ерекше адамдар. Ақжарма тілектің арты Алғыс хаттар табыстауға ұласты. Тізімде көп адам тұрды. Бәрі өз саласының үздіктері. Алдымен облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының грамотасымен он адам марапатталды. Олардың қатарында Риддер қалалық ауруханасы клиникалық-диагностикалық зертаханасының зертханашысы Шолпан Джангутинова, жалпы тәжірибе дәрігері Максим Александров, профкабинет мейіргері Шынар Каппасова, дәрігер акушер-гинеколог Дастан Қабдрашев және басқасы бар. 
Әрі қарай Денсаулық сақтау басқармасы басшысының Алғыс хаттарына лайық жандар ортаға шақырылды. Олардың ішінде жүргізуші Өмірбек Сағидолдинов, дәрігер травматолог Мансұр Хамидуллин, арнайы киім-кешекті жуу жөніндегі жұмыскер Елена Андреева және тағы үш адам бар.
Бұдан соң қала әкімінің Алғыс хаттары, Риддер қалалық ауруханасы бас дәрігерінің грамоталары табыс етілді. Салтанатты шараның ресми бөлігі аяқталған соң кезек концерттік бағдарламаға берілді. Ән де, би де төгіліп, балғын өнерпаздар барын салды.
Асыл АЙТБАЕВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив