
Риддер әкімі моноқалаларды дамыту бойынша өткен семинар-кеңеске қатысты
Министрлік тарапынан соңғы жылдары моноқалаларға мән берілуі тегіннен емес. Статистика мен ресми ақпараттар бүккен «суық» хабарға сенсек, жеті қала аталған статустан айырылды. Оның ішінде Шығыс Қазақстанға қарасты Серебрянск бар. Жуықта Премьер-министр Олжас Бектенов кеңес өткізіп, шаһар басшыларын жинады. Риддер әкімі Думан Рахметқалиев те қатысып қайтқан болатын. Жалпы, жиында қалаларды дамытудың бірнеше тетігі бар екені айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазір қанша моноқала бар?
Осы мәселеге қатысты ресми деректің бәрі Олжас Бектеновтің Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары барысында айтылды. Республикалық семинар-кеңес «Моноқалалардың болашағы: оң тәжірибе және тұрақты даму» атты тақырыпта өрбіді. Жиынға өңірлер мен моноқалалардың әкімдері, сондай-ақ өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары және сарапшылар қоғамдастығының өкілдері қатысты. Сәйкесінше, Президент тапсырмасын ескере отырып, моноқалаларды дамытудың жаңа тәсілдері қаралды.
Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің баяндамалары тыңдалды.
Қазіргі уақытта елімізде шамамен 1,5 млн адам тұратын 20 моноқала бар. Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша олардың үлесіне өнеркәсіп өндірісі көлемінің үштен бірінен астамы тиесілі – 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 36,4%-ды құрады.
Мемлекет басшысының 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауындағы моноқалалардың экономикасын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде 78 көрсеткіш негізінде әлеуметтік-экономикалық дамуға талдау жүргізілді. Индустриалды аймақты құру, жеңілдікпен несиелеу және басқа да жұмыстардың нәтижесінде моноқала мәртебесінен шыққан Саран қаласының оң тәжірибесі ескерілді. Нәтижесінде моноқалалар үш топқа жіктелді, олардың әрқайсысы үшін басым шаралар айқындалды. Олардың қатарында инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, өркендеудің жаңа бағыттарын анықтау, IT, АӨК, туризм және ғылым салаларынындағы инвестициялық жобаларды іске асыру, көлік дәліздері бойындағы сервистік қызметті дамыту, индустриялық және шағын өнеркәсіптік аймақтар қалыптастыру шаралары бар. Жаңа өндірістік қуатты орнықты жүктеуге бағытталған отандық өндірушілермен ұзақмерзімді келісімшарттар мен офтейк-келісімдер тетігін одан әрі дамытуға және қолдануға ерекше назар аударылды.
Премьер-министр Екібастұз қаласы экономикасын көтерудің және әртараптандырудың орнықты серпінін атап өтті. Бұл ретте 800-ден астам жұмыс орнын аша отырып, құны 138,4 млрд теңге болатын ферроқорытпа зауытын салу жобасын іске қосу, сондай-ақ индустриялық аймақ қалыптастыру маңызды рөл атқарды.
– Моноқалалар «өсуге ықпал ете алатын» аймақтарға айнала алады. Біз бұған «жасыл» технологиялар мен цифрлы инфрақұрылымның немесе креативті экономиканың даму мүмкіндіктері ретінде қарауымыз керек. Болашақ индустриясы осындай шағын қалаларда бастау алуы керек. Моноқалалардың экономикасын әртараптандыруға баса назар аудару қажет. Бұл олардың экономикасын көтеруге және моноқалалар қатарынан шығуына мүмкіндік береді. Мысалы, қазіргі уақытта Екібастұз экономикалық құрылымы әртүрлі, көпсалалы қалаға айналуда. Яғни, ол үшін моноқала мәртебесі өзекті емес. Заманауи стандарттарға сәйкес келетін жаңа инфрақұрылымдық саясат құру бойынша жұмысты күшейту қажет, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Әкімдік қолданған әрекет қорытындысы
Сондай-ақ Премьер-министр тұрақты дамудың негізгі шарты жұмыс орындарын құру және кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау екеніне тоқталды.
– Ең басты мәселе – моноқалаларға инвесторлар тарту. Біз әрине әрбір қалада аурухана, мектеп, стадион және басқа да әлеуметтік нысандар сала аламыз, бірақ жұмыс болмаса, ешкім ол жақта тұрмайды. Сондықтан инвесторлар тартуымыз керек, оларға қажетті жағдай жасау қажет. Оларға бос тұрған ғимараттарды, жер телімдерін ұсынып, жаңа кәсіпорындар ашуға жағдай жасау керек. Егер мұндай тәсіл болмаса, онда ешқандай даму болмайды. Сондықтан ең басты мәселе – инвесторлар тарту. Біз қазір Саран, Екібастұз және басқа қалаларда нәтижелер бар екенін көріп отырмыз, бірақ бұл бағытта белсендірек жұмыс істеу керек, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Риддер басшысы Думан Рахметқалиевтің сөзінше, осындай жиындарда тиімді әдістер табуға мүмкіндік мол. Оған қоса, әр шаһардың басшысы өзара тәжірибе алмасып, моноқалаларды дамытуға біркісідей бас қатырады.
– Атқарылып жатқан жұмыстың бір көрінісі – сондағы демографиялық жағдай. Егер халықтың тұрақты өсімі бірқалыпты болып, қабылданған шаралар нәтижесінде өмір сапасы арта бастаса, демек жұмыстың дұрыс жүргізіліп жатқандығы. Әлі де жаңа әдістер іздестіру қажет деп ойлаймын, – деді Думан Есдәулетұлы.
Кеңес барысында көбінде Орталық және Батыс Қазақстандағы қалалар жағдайы талқыға салынды. Нақты Риддерге қатысты кесімді сөз кабинет ішін аралай қоймады. Бірақ бұл әкімдік өкілдері жайбарақат жүруге болады дегенді білдірмейді. Жоғарыда жазғанымыздай, елде моноқалалар азайды. Мәселен, 2023-ші жылдың 21-ші қарашасында ҚР Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен моноқалалар тізбесі бекітілген болатын. Оған: Абай, Ақсу, Алтай, Балқаш, Жаңаөзен, Жітіқара, Лисаковск, Қаражал, Кентау, Курчатов, Риддер, Рудный, Сәтбаев, Степногорск, Теміртау, Хромтау, Шахтинск және Екібастұз кірді.
Алайда бұл тізімге жеті қала кірмеген. Айталық, Арқалық, Жаңатас, Жезқазған, Қаратау, Сарань, Серебрянск және Текелі. Неге деген сұрақ туындайды. Экономикалық зерттеулер институты сарапшыларының ақпаратынша, осыған дейін моноқалаларға жатқызылған бұл қалалар экономикалық өзгерістер мен табиғи ресурстардың сарқылуына байланысты өз «мәртебелерінен» айырылды.
Риддер әкімінің орынбасары Болат Акужанов жуықта Өскеменде өткен жиында халықты жұмыспен қамту жағы бірқалыпты екенін алға тартты. Әйтеуір үдере көшіп жатқан жұрт жоқ. Жыл басталғалы жұмыспен қамту бөліміне берілген 900-ден астам өтініштің жартысына жуығы мақұлданып, 435 адам нәпақа табу мәселесін біржақты еткен. Яғни, Бектенов айтқан тармақтың бірі саналатын жұмыс орындарын ашу тапсырмасы сәтті орындалып келеді. Одан бөлек, қаланың Бас жоспарында бірқатар ауқымды жоба бар. Ол туралы нақты жұмыс қолға алынғанда айтыла жатар.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет primeminister.kz сайтынан
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

{calendar}
Пікірлер