
Риддердегі «Ата Мұра» ұлттық ойындары республикалық деңгейде ұйымдастырылды
Ұйымдастырушылар қала іргесіндегі ипподромды бір мезетте бірнеше сайыс қатар өтетіндей етіп дайындап, көрермен қауым қамсыз тамашалайтындай мүмкіндіктер қарастырған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Апталап жауған жаңбыр көліктер тоқтайтын орынды батпаққа айнылдырып үлгеріпті. Темір тұлпар моторы ажылдап, кейбірі аз уақытқа батып қалды. Ал өткелдің ары жағында рухты көтерер әуен ойнап, фестиваль басталуына аз қалғанын ескерткендей болды. Аздан соң құрғақ жермен қосымша жол тапталып, көліктер қозғалысы ширады. Бәрі орындарын тапқан соң ипподром алаңы қалың нөпірге лезде толды. Шара басталатын уақыт деп сағат 10:00 бекітілгенімен, қосымша әзірлік пен қатысушыларды тіркеп, түгендегенше тағы 10-15 минуттай өтті. Кең сахнаға көтерілген жүргізушілер ұлттық ойындардың мән-маңызын айта бастағанда қатысушылар мен қонақтар өздігінен айқындалды.
Сонымен Риддер жерінде тұңғыш рет қолға алынған «Ата Мұра» ұлттық ойындары облыс асып, республиканың бірнеше аймағын қамтыды. Әншейін қатысушылар емес, арасында ірі бәсекелерде топ жарып жүрген спортшылар бар. Әсіресе, 3000 шақырым жер жүріп келген Батыс Қазақстан облысы мен Орал қаласының өкілдері көптің назарын аударды. Шалғайдан шығыстың тоғайлы түкпіріне табан тіреген меймандар арқын тартысқа ерекше ден қойыпты.
Одан бөлек, Астана, Алматы шаһарларынан, Ұлытау облысынан, Орал және Көкшетау қалаларынан, Абай облысы, Өскемен, Риддер қалалары, одан бөлек, Күршім, Тарбағатай, Алтай, Катонқарағай және Ұлан аудандарынан келген. Арада көп уақыт өтпей, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов сөз алып, ұйымдастырылған ұлттық ойындар тек жарыс емес, бабалар мен батырлар рухына тағзым екенін алға тартты.
– Бұл өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір. Өңірімізге республиканың түкпір-түкпірінен келіп жатқан қатысушылар фестиваль деңгейін одан әрі арттырып отыр. Мықты спортшының талайы осында. Табиғаты тұмса, Шығыс өңірінің көркем келбеті саналатын Риддер қаласы талай ірі жарыс өткізіп үлгерген өңір. Келген қонақтар да әдемі көрініс тамашалап, әр сайыста барын салатындықтарына сенеміз, – деді ол.
Көпшілік арасында шығармашылықтың адамдары да жүрді. Ақын Ершат Қайболдин арнай шақырылып, арнауын айтып, қатысушыларды жігерлендіре түсті. Себебі, санаулы минуттан соң арқан тартыс, қыз қуу, шырға тарту, қазақ күресі, жүгіру, садақ ату және аударыспақ сияқты спорт түрлерінен үздіктер анықталады. Құттықтау сөз айтылып жатқанда, кейбірі сыбырласып, жарысқа жоспар қойып та жатты.
Қала әкімі Думан Рахметқалиевтің сөзінше, ауқымды шара кеншілер қаласы жұрты үшін атаулы күн, тарихи сәт. Осы арқылы келер буын мен жастар тарапы ұлттық құндылықты бойына сіңіре түседі, дәстүрмен жақынырақ танысады. Бұдан былай фестиваль шеңбері одан әрі кеңейе түсетіндігіне сенім білдірді.
Салтанатты ашылу аяқталған соң жүйрік мінген шабандоздар сөреге қарай суыт жүріп кетті.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер