Сайыс деңгейі біршама биік болғанын осыған қарап бағамдауға болады. Жиырмаға енді іліккен жігіттерден бөлек, қырықтың қырқасындағы «кәрі қасқырлар» да бозкілемге беттеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Ата-Мұра» ұлттық ойындары аясында ашық аспан астында тартысты белдесулер өтті. Бұрын соңды өтпеген бәсеке екенін ұйымдастырушылар растады. Сілбілеген жауын жарысқа кедергі болмасын деп бозкілемнің төбесін жапқан. Сайысқа жауапты әрі қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұрболат Мағзұмовтың сөзінше, ұзын-саны 30-ға тарта палуан жиналды. «Өгіз палуанды» (70 келіге дейін) анықтау үшін 20 шақты, «Түйе палуан» (70 келіден жоғары) атануға 10 спортшы өз мүмкіндігін байқайды.
– Мұнда 2021-ші жылғы «Қазақстан барысы» Дәурен Нұралинов, Әлем чемпионы Талғат Әміренов, «Шығыс барысы» Жасұлан Мұхаметханов, одан бөлек, жеті-сегіз Қазақстан чемпионы бар. Қысқасы, біраз мықтының басы қосылды. Әр палуан жеңген сайын қарсыласы иығына іліп шыққан қасқырдың терісін өзіне еншілейді. Осындай деңгейде өткізу үшін көп дайындық жүргіздік, – деді ол.
Екі салмақ дәрежесінде де топ жарғаны 1 миллион теңгеден қанжығалайды. Екінші орынға – 700 мың теңге, үшінші орынға – 500 мың теңге беріледі. Риддерліктер арасында 70 келіге дейінгі салмақта бірнеше палуан жарыс жолына шықты. Мұхамедәли есімді еркін күрестен ел чемпионы да қатысқан еді, бірақ іріктеу белдесулерінде астаналық палуанға есе жіберді. Нұрболат Мағзұмовтың сөзінше, кеншілер шаһарында қазақ күресі енді-енді қарқын ала бастады.
Алыптар арасындағы белдесулер біршама тартысты өтті. Көбі Дәурен Нұралинов тұғырдың ең биігіне көтеріледі деген еді. Алайда шығысқазақстандық Жасұлан Мұхаметханов оның ырқына көнбеді. Жартылай финалда негізгі уақытта жеңімпаз анықталмады. Бірақ қоян-қолтық белдесуде Мұхаметханов мүмкіндігін мүлт жібермей, әдіс жасап кетті. Сөйтіп, финалдағы қарсыласын күтті. Тағы бір жартылай финалда Талғат Әміреновтің бабы келісіп, алтынға бір табан жақындады. Аздаған үзілістен соң үшінші орын иегерлері анықталды. «Түйе палуандар» арасында Дәурен Нұралинов қарсыласынан басым түсіп, қолаға қол созды. Ал шешуші белдесуде Жасұлан Мұхаметханов Талғат Әміреновтің осал тауып, чемпион атанды.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Пікірлер