«Ата-Мұра» ұлттық ойындары шеңберінде өткен «Шырға тарту» бойынша 30-дан астам тазы жарысқа тіркелген болатын, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыс асып, республиканың бірнеше қаласынан тазысын әкелгендер бар. Былтыр күзде Риддерде ұйымдастырылған ұлттық спорт ойындарында Мақаншының жүйрік иті сенімді түрде топ жарған-тын. Бұл жолы 700 метрді қайсысы басқасынан бұрын жүгіреді деген сауал көптің көкейінде соңғы сәтке дейін байланып тұрды. Өйткені, жартылай финалға дейін көбінің жылдамдығы қарайлас болды. Фестиваль жүргізушісі финал басталады деп жар салғанда да, көбі ойнақшып, бастапқы қарқындарын үдететіндей көрінді. Дегенмен Жарма ауданына қарасты Қоңырбиік ауылынан келген Серік Слатовтың «Жолбарысы» қалғанынан қара үзіп, топ жарды.
– «Жолбарыс» қазір үш жасар. Бабын ақтады. Бұл оның алғашқы жеңісі емес. Бұған дейін Павлодар, Семей қалаларынан олжалы қайтқаны бар. Жалпы, дайындығы уақтылы, ас-суын бекітілген рационмен береміз. «Норма» деген болу керек. Малға шабу, кісіні қабу сияқты оғаш мінезі жоқ. Атпен жүрсем де, көлікпен жүрсем де ереді. Қуанышқа қарай, Риддер қаласына келіп, бірінші орын иелендік. Ұйымдастырушыларға зор алғыс білдіргім келеді. Жүлдеге жетпей сүрінген басқа тазыларға жеңіс жұғысты болсын деймін, – деді Серік Түсіпбекұлы.
Оның сөзінше, сәйгүлікті қалай жаратады, тазыны да солай баптау керек. Күнделікті салт мініп, ит асыраған адам мұны жақсы түсінеді.
– Өзіміз бала күннен асауға мініп, аңға шығып өстік. Соны нәтижесі ғой бұл. «Жолбарыс» соңғы рет 10-шы мамыр күні Астанада өткен халықаралық жарыста үздік шықты. Арысы Ресейден келіп қатысқан. Барлығы 148 тазы жүлдеден үмітті болды. Тірі аңға салса, жүгіретін қашықтық бір шақырымнан асады, – деді жармалық азамат.
Тағы бір сөзінде, қазір бұрынғыға қарағанда тазы өсіретіндер қатары сирегенін жеткізді. Соңғы жылдары үкімет тарапынан ұлттық спортқа көңіл бөлінгелі жағдай оңала түскен. Серік Слатовтың айтуынша, қазақтың құмай тазысы әлі де көбеюі керек. Ал «Жолбарыстың» ең үздік уақыты – 1 минут 3 секунд екен.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Пікірлер