Финалдық кездесу біткен соң білекті жігіттердің бірімен кеңінен әңгімелесіп, жарыста қолданған әдісі, дайындық барысы туралы сұрадық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазір Шығыс Қазақстан ғана емес, ел көлемінде арқан тартыс спорты құлашын кеңге жайып келеді. Оған «Ата-Мұра» ұлттық ойындары кезекті рет дәлел болды. Арнайы алаң әзірленіп, көрермен қауым қос қапталда қаз-қатар тұрып тамашалады. Алаңға алшаң басып кіргенде кешегінің батырлары сияқты, маңғаз жүріспен қадамдайды. Бажайлай көз тіккен адам ең бірінші және ең соңғы тұрған адамның қимылына мән береді. Көп жағдайда команда жеңісі солардың қимылымен ұштасады. Барлығы сегіз адам. Ережеге сәйкес барлығының салмағын қосқанда 720 келіден аспауы қажет.
Түс ауа кімдердің жартылай финалға шыққандығы анықталды. Олар: «Риддер 1», «Ұлытау», «Шығыс 1» және Батыс Қазақстан облысының «Көктерек» командасы. Алдымен ұлытаулықтар «Шығыс 1» жігіттерінен басым түссе, «Риддер 1» батысқазақстандық команданы ұтты. 5-10 минут үзіліс өткен соң шешуші кездесулер басталды. «Шығыс 1» «Көктерек» командасын қапыда қалдырып, жүлдегерлер үштігін түйіндеді. Финалды көрермен асыға күтті. Кеншілер қаласы тұрғындары өздері үміт артқан «Риддер 1» жігіттерінің тілеуін тіледі. Айтарлықтай мықты құрам жиналған. Дегенмен 1500 шақырым жерді бағындырып, топ жарамыз деген мақсатты желкен еткен «Ұлытау» командасы екі ретте де сенімді жеңіске жетіп, чемпион атанды. Команда капитаны Шәмшиддин Мырзабектің сөзінше, мұндағы сайысқа арнайы дайындалды.
– Арқан тарту спортын былтыр өткен Көшпенділер ойындарынан кейін қолға алдық. Бір жылдай болды. Ұлытау облысында қазір арқан тарту федерациясы бар. Осы жолы жас жігіттерді де әкелдік. Негізі республикалық жарыстарда Шығыстың командасына үнемі есе жіберетінбіз. Әйтеуір кезекті ұлттық ойындар жарқын жеңіске жол бастады. Фестиваль өте жақсы ұйымдастырылған. Бізді күтіп алып, жатын орнымызды қамдап, тамағын тосып, қонақжайлықтарын танытты, – деді капитан.
Ол жартылай финал да, финал да оңайға соқпағанын жасырмады. Соны айта келе 3000 шақырымды бағындырып жеткен Батыс Қазақстан облысы командасына тілеулестігін білдірді. Дайындықтарын күшейтсе, жүлде алатындықтарына сенімді.
– Риддерліктердің арқан тартып жүргендеріне көп болған жоқ. Бірақ сонда да тамаша нәтиже көрсетті. Бұл спорт сырттан қарағанда жеңіл сияқты көрінеді. Шындығында, төзімділік керек, аяқ жүгіріп тұрады. Мұнда алда тұрған екі адам тіреуші, артқы үшеуі тартушылар. Ортадағылар көмек береді. Тез шаршап қалмас үшін, дайындықта 5-10 шақырым жүгіреміз, – деді Шәмшиддин Темірғалиұлы.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Пікірлер