«Риддер 1» капитаны Руфат Қадылбекұлының сөзінше, әр командаға жекелей тактика қоюға тырысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бірыңғай қара форма киген жігіттер. Олар финалға дейін айтарлықтай сенімді өнер көрсетті. Төреші Әділжан Дюсупов белгісінен соң қос тарап жұлқа тартады. Сол кезде жуан арқанның шытыр етіп керілген дауысы естіледі. Одан бұрын ең алдында тұрғаны оң аяғының өкшесін қара жерге ұрғылай қадап, қаққан қазықтай орнығуға тырысты. Ең соңында тұрғаны кәдімгі кемедегі зәкірдің қызметін атқарды. Ол қозғалмауы тиіс. Мол күш, ересен жігерге ие азаматты сол жерге арнайылап бекітеді. Арқан арқасына батпас үшін үйлесімді етіп тігілген қалың шүберекті киеді. «Риддер 1» капитаны Руфат Қадылбекұлының сөзінше, әр командаға жекелей тактика қоюға тырысты. Қалада арқан тартумен айнылысып жүргендеріне бір жыл болғанын ол да растады. Өзі Күршім ауданына қарасты Қойтас ауылының тумасы. 2006-шы жылдан бері осында тұрады, «Казцинк» зауытында жұмыс істеп келеді.
– Жоғары деңгейде өткен жарысты екінші орын алдық. Мұның алдында Өскеменде өткен жарыста «Ұлытау» командасын ұтқан едік. Ол кезде де дәл осы құрам. Дайындығымыз ойдағыдай еді, бірақ бағымыз жанбады. Бұйыртса, тамыздың 17-сі Өскеменде облыстық жарыс өтеді, соған қатысу жоспарда бар. Жалпы, бұл командалық спорт. Бірақ жігіттер әртүрлі жерде жұмыс істейді. Алдын ала хабарласып, жаттығу өтетін уақытты келісіп бекітеміз. Ауысыммен істейтіндері бар. Не де болса, аптасына кемі үш мәрте дайындалу керек, – деді Күршімнің тумасы.
Суретте: команда мүшесі Еламан Солтанғазин
Пікірлер