«Ата Мұра» ұлттық ойындарында ерлерден еш кем өнер көрсетпеген нәзік жанды қол күресінен «Спорт шебері» екен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ел назары арқан тартысқа ерекше ауған соң тағы бір қызықты жағдайды соңына дейін назарда ұстадық. Қазақ күресін тамашалап отырғанда арқан тартыстың іріктеу кездесулері қызып жатқан еді. Сонда Өскеменнен барған «Шығыс 2» командасы сапында жауырыны қақпақтай жігіттермен қатарласа, жанталаса арқан тартып жүрген жалғыз қызды көрдік. Спортшы екені анық. Бірақ ол өнер көрсеткен команда жүлдеге ілікпеді. Оның себебі әралуан болуы мүмкін. Ал біз финал біткен соң білектілер арасында барын салған бұрымдыны әңгімеге тартып көрдік. Аты-жөні – Әйгерім Тоқтарова. Қол күрестен «Спорт шебері».
– Өзім Күршім ауданына қарасты Ақсуат ауылының тумасымын. Қол күреспен айналысамын. Арқан тарту спортына ден қойғалы бір жылдың жүзі. Аға жаттықтырушымыз Ерлан Уалиев ұсыныс айтқан соң осы жарысқа қатыстым. Әрине, ер адамдар мықты. Дегенмен біз де барымызды салдық. Командадағы салмақ 720 келіден аспауы тиіс болған соң салмағы жеңіл спортшы қажет болды. Менің салмағым – 50 келі. Дайындық кезінде тек шөп емес, құмда да арқан тарттық. Осы жарыста біздің команда орын алмаса да, «Шығыс 2» жігіттері жүлдегер үштігін түйіндеді, – деді Әйгерім.
Пікірлер