
Жалдамалы пәтердегі жабырқау көңіл: Өскеменде «Күміс алқа» иегері 5 жылдан бері баспана ала алмай келеді
Алты баланың анасы, «Күміс алқа» иегері Жадыра Нұрғабденова осы уақытқа дейін қала әкімінің қабылдауына жазылу үшін бірнеше рет барып, тұщымсыз жауап алғанын айтты. Қазір тапқан-таянғаны пәтерақы төлеуге кетіп жатыр. Ол ұшырасқан жағдай туралы 2023 жылы жазған едік. Атқамінерлер тарапынан әлі еш шара қабылданбаған екен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Қыздарым қолғабыс етеді»
Осының анық-қанығын білейікк деп Өскемен әкімдігіне ресми сауалхат жолдаған едік. Олардың мәліметінше, Өскеменде бүгінде 50 «Алтын алқа» және 215 «Күміс алқа» иегері тұрады. Жыл басталғалы көпбалалы отбасы санаты бойынша бір ғана отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Ал Жадыра Нұрғабденова баспана мәселесін шешуге бірнеше жылдан бері талпынып келеді. Сөзінше, тұрғын үй кезегіне тұрғанына бес жылдан асқан.
– Алты қызым бар. Үлкені тұрмыста. Екінші қызым биыл колледж бітіреді, үшінші қызым бірінші курста оқиды. Қалғандары мектепте білім алып жүр. Үй кезегіне алғаш тұрғанда 585-орында болдым. Кейін кезек қайта қаралған уақытта 245-орынға дейін жылжыдым. Ал қазір барлық санат бойынша тұрған орным алыстап кетті, ал көпбалалы отбасылар санатында 39-орындамын, – деді кейіпкеріміз.
Өскемен қаласы әкімдігінің мәліметінше, Жадыра Советханқызы үй кезегіне 2021 жылдың 30 наурызында «Көпбалалы отбасылар» санаты бойынша тіркелген. Әкімдік дерегіне сүйенсек, ол кезекке алғаш тұрған кезде 583-орында болған және бес жыл ішінде оның кезегі 338 адамға алға жылжыды.
Көпбалалы ананың айтуынша, тұрғын үй мәселесін шешу үшін жергілікті билікке бірнеше рет барғанымен, қабылдауына кіре алмаған.
– Әкімдердің өзімен кездесу мүмкін болмады. Бірде жиналыста екенін айтты, енді бірде басқа мамандарға жіберді. Кейін қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы «Отбасы банкке» барыңыз деді. Банкке барсам, «алғашқы жарна ретінде үш миллион теңге жинасаңыз, ипотека рәсімдей аласыз, болмаса кезегіңізді күтіңіз» деп жауап берді. Өзімнің денсаулығым да сыр беріп жүр. Микроинсульт алғанмын, қан қысымым жиі көтеріледі. Соған қарамастан жұмыс істеп, балаларымды жеткізуге тырысып жүрмін, – дейді ол.
Әлеуметтік қолдаудың әбігері
Қала әкімдігі мәліметінше, 2026 жылы Жадыра Нұрғабденова тарапынан жазбаша өтініш түспеген. Қазір ол жергілікті кәсіпорындардың бірінде жұмыс істейді. Алайда көпбалалы отбасының негізгі табысының едәуір бөлігі жалдамалы пәтер ақысына кетіп жатыр.
– Қазір ай сайын пәтер үшін 150 мың теңге төлейміз. Коммуналдық төлемдерді қосқанда шығын 170 мың теңгеге дейін жетеді. Екі қызым жұмыс істеп, қолғабыс етеді. Соның арқасында күн көріп келеміз. Бұған дейін басқа пәтерде тұрдық, бірақ үй иесі сатылымға шығарған соң көшуге мәжбүр болдық, – дейді ана.
Оның айтуынша, бұрын мемлекет ұсынған субсидиялық бағдарлама арқылы баспана алуға әрекет жасаған. Алайда қаржылық қиындықтарға байланысты төлемдерді жалғастыра алмапты.
– Катонқарағай ауданынан (туған жері) көшіп келгенде тұрғын үй бағдарламасы ұсынылды. Бастапқыда төлемнің бір бөлігін мемлекет өтейді деген болатын. Бірақ кейін барлық төлем өз мойнымызға артылды. Көпбалалы отбасы үшін ол соманы төлеу қиын болды. Қазір несиелерім де бар, сондықтан күнкөріс қамымен жүрміз, – дейді ол.
Көпбалалы ана мемлекеттік қолдау шараларын алу барысында да түрлі қиындыққа тап болатынын жасырмады. Оның сөзінше, мектеп жасындағы балаларға берілетін әлеуметтік көмектер үшін көп құжат талап етіледі.
– Түрлі анықтама мен банк көшірмелерін қайта-қайта сұратады. Бір құжатты апарсаң, басқа талап шығады. Кейін мұндай көмектерден бас тартып, балаларымды өз күшіммен қамтамасыз етуге тырысып жүрмін, – дейді ол.
Алты қызын қатарынан жеткізу үшін еңбек етіп жүрген ана бүгінде ең алдымен тұрақты баспанасы болғанын армандайды.
– Әкімдіктен сұрайтыным да сол. Тым болмаса 2 бөлмелі пәтер табылса, жақсы болар еді. Кезек те мүлде баяу жылжып жатыр. Ал өз үйің болса көңілің тыныш. Ақша да көп кетпей, жиналатын еді. Қазір жалдамалы пәтерге табысымның жартысы кетеді, – дейді Жадыра Советханқызы.
Тұрғын үй мәселесі – бір отбасының ғана емес, қоғамдағы көптеген көпбалалы жанұяның ортақ мәселесі. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың нақты нәтижесі тұрғындардың тұрмысынан көрінуі тиіс. Ал кейіпкеріміз секілді аналардың басты тілегі – жылдар бойы күткен кезектің ақыры нәтижесін беріп, өз шаңырағына қол жеткізу.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Фотосурет: Еркежан ОРАЛҒАЗИНА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер