A+ A A-

talgatzhan 42 Бүгін, 08:35 0

Өскеменде баспана мәселесі қалай шешілуде?

Өзекті мәселе / Бүгін / Басты / Өскемен

Баспанасы жоқ біршама адам қолайлы бағдарлама қашан әзірленеді, өз үйімде қашан алшаң басып жүремін деген ойдың жетегінде әлі жүр. Жыл өткен сайын жаңа талап, жаңа меже қойылып отыр. Тиімді бағдарлама жылт ете қалса, қолында аз-маз қаржысы бар жұрт соны қармап қалудың қамына кіріседі. Дей тұрғанмен жылдап кезекте тұрып, үмітін үзіп жатқандар да бар. Бұл мәселе Өскеменді де айналып өтпеді. Ендеше, үй алудың жолдары мен қиыныдықтары туралы осы мақалада толығырақ айтатын боламыз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кезекке қалай тұрамыз?

2025 жылы Отбасы банк мемлекеттік тұрғын үй алу кезегінде тұрған қазақстандықтардың жаңартылған тізімін жариялаған еді. Курсив сайтының былтыр ұсынған мәліметіне сүйенсек, кезекте 929 мың адам тіркелген. Ең көп кезек Түркістан облысында – (102 064 адам), ең азы – Ұлытау облысында (7 688 адам). Ал Шығыс Қазақстанда 25 285 адам кезекте тұр.

Заман дамып, «Цифрлы Қазақстан» деп ұран салсақ та, тұрғын үй кезегіне қалай және қандай санаттағы азаматтар тұра алатынын білмей жатамыз. Аталған сұраққа Отбасы банк қызметкерінен жауап алдық. Сонда еңбектеніп жатқан Жәния Досжанның сөзінше, кезекке тұру үшін ең алдымен Қазақстан Республикасының тұрғыны болу қажет.

– Соңғы бес жыл ішінде өзінің атына тіркелген тұрғын үйі болмауы керек. Сонымен қатар, өтініш беруші тіркелген елдімекенінде тұрақты тіркеуде болуы тиіс, – деді ол.

Маман сөзінше, кезекке мына санаттағы азаматтар тұра алады:

әлеуметтік осал топтар (көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жетім балалар);
мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйым қызметкерлері;
жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтар;
басқа да заңмен белгіленген санаттар.
Анығы сол, өтініш беру процесі қазір онлайн форматта жүзеге асады. Азаматтар «eGov.kz» порталы арқылы тіркеліп, қажетті құжаттарды жүктейді.

– Өтініш қаралған соң талаптарға сай келген азаматтар автоматты түрде кезекке қойылады. Кезек жылдар бойы сақталуы мүмкін, сондықтан азаматтар өз санатына байланысты баспана алу мерзімі әртүрлі екенін ескеруі тиіс, – деді банк қызметкері.

Қазақстанда ипотеканы тек Отбасы банк емес, тағы бірнеше екінші деңгейлі банк ұсынады. 2025 жылы танымал болған мемлекеттік бағдарламалардың бірі – «7-20-25», ол 7% мөлшерлемемен 25 жылға дейін несие береді және бастапқы жарна 20%-дан басталады. Сонымен қатар, әйелдерге арналған «Ұмай» бағдарламасы іске қосылып, 50 млн теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік туындады. «Жасыл ипотека» экологиялық стандарттағы тұрғын үйге беріліп, пайыздық мөлшерлемені 3,5%-ға дейін төмендетуге болады. «Наурыз» және «Отау» бағдарламалары бастапқы жарнасы 10-20% және мөлшерлемесі 7-9% болатын тиімді нұсқалар саналады. Екінші деңгейлі банктер де 0,1%-дан 25%-ға дейінгі мөлшерлемемен коммерциялық ипотека ұсынады.

 

Баға шарықтап тұр

Баспана бағасы деген қазіргі нарықты қарқ қылғанмен, елдің есін шығарып, бұқара жұрттың жинағанын басынан бақайшағына дейін шешіп алатын дүниеге айналды. «Аспаннан киіз жауса да кедейге ұлтарақ бұйырмайды» демекші, пәтерді көптеп салғанымен, жұртқа жетпей жататыны тағы бар. Осыған орай Қазақстанның ірі мегаполистері мен шағын қалаларындағы пәтер бағасына үңіліп көрдік. Бас қала Астанада екі бөлмелі пәтердің құны шамамен 28-42 млн теңге аралығында. Алматы қаласында мұндай баспана 25-40 млн теңге болса, Шымкентте 18-30 млн теңге шамасында. Өңірлік қалаларға келсек, Павлодарда пәтер бағасы 15-35 млн теңге аралығында болса, Семейде 13-25 млн теңге шамасында, ал Өскеменде 20 млн – 35 млн теңге. Айта кету керек, тұрғын үй бағасы ең алдымен пәтер орналасқан ауданға, үйдің сапасы мен құрылыс компаниясына байланысты өзгеріп отырады.

Баспанаға кезекке тұрғандардың көбі «кезек жылжымайтынына» шағымданады. FACTCHECK.KZ сайтының ақпаратынша, 2021 жылы Астанада бір топ ана қалалық әкімдік маңындағы Конгресс хол сарайының алдына жиналып, билікке бірнеше талап айтты. Оның ішінде көпбалалы отбасыларға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналарға арзан бағамен несиеге баспана беру мәселесі де көтерілді. Сол кезде «Үй кезегі неге ақырын жылжиды? Баспана мәселесі шешілсін!», «Отбасы шағын мемлекет. Отбасы жоқ болса, мемлекет те жоқ» деген жазуы бар плакат ұстаған әйелдер өз мұңдарын шаққан еді. Аталған мәселе Өскеменде де бар. Қала тұрғыны Нұршат Кәрімқызының айтуынша, көпбалалы ана ретінде тұрған санаты ауысып, кезегі әлі жылжымай жатыр.


Әкімдік жауап әзірлеп үлгермеді ме?

Өзі төрт баланың анасы. 2023 жылы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне барып, статусын ауыстыру туралы айтқан.

– Мен кезекке тұрғанда «көпбалалы ана» санатында тұрған едім, олар мені «толық емес отбасы» санаты бойынша қойып тастапты. Кейін соны ауыстыра алмай қанша жүгірдім. Соңында «жарайды, әйтеуір баспаналы болсам екен» деп үміттендім. Бірақ үй кезегім әлі жылжымай тұр. Күте-күте сарғайдым, үміт те үзіле бастады. Соңғы қарағанымда 1251 орында тұрдым, – деді Нұршат Кәрімқызы.

Көпбалалы ана қала шетіндегі саяжайда шиттей балаларымен 11 жылға жуық тұрғанын, қазір әр босағадан пана іздеп, пәтер жалдауға мәжбүр екендігін жеткізді. Осындай олқылықтарды негізге алып, кезек баяу жылжып жатқаны жөнінде қала әкімдігіне сауалхат жолдаған едік.

– Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабы 1-тармағына сәйкес, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары азаматтарға олардың табыс деңгейіне және есепке қойылған күніне байланысты ұсынылады. Осыған байланысты, кезектің жылжуы өңірдегі тұрғын үй қорының қалыптасуына, яғни жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй салуына немесе сатып алуына тікелей байланысты. Сонымен қатар, тұрғын үйді бөлу «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» ақпараттық жүйесі арқылы автоматтандырылған режимде жүзеге асырылады. Бұл процестің ашықтығын қамтамасыз етіп, өтініштерді жеке тәртіпте қарастыру мүмкіндігін болдырмайды, – делінген ресми жауапта.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, 2026 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша Өскемен қаласында тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте 17 090 азамат тіркелген, оның ішінде 1 680 – көпбалалы отбасылар. Біз жолдаған басқа сұрақтарға жауап берілмеді. Атап айтсақ, соңғы үш жылда (2023-2025) қанша отбасы баспанамен қамтамасыз етілгені және 2026 жылы қанша әлеуметтік баспана беру жоспарланып отырғаны туралы ақпарат берілмеді. Не де болса, әкімдік өкілдері бәрін Отбасы банкке сілтеп, шабан жауаппен шектелуді жөн көрген сияқты.


Биыл баспаналы болғандар

Өскеменде баспанаға қол жеткізіп жатқан жандар да бар. Қала тұрғыны Ғалия Досболсынова бір жыл бұрын жаңа пәтерге ие болғанын айтты.

– 8 баланың анасымын. Жасым 75-те. Үй кезегіне балаларым қояр да қоймай тұрғызған. Қартайған шағымда баспана аламын деп ойламаппын. 2024 жылдың соңында Әл-Фараби даңғылынан үй берді. Сапасына көңілім толады. Қаладан алыс демесеңіздер, жақсы, – дейді ол.

Үй берілуін беріліп жатыр. Мәселен, жақында ғана Зайсан ауданы Қаратал ауылында 18 отбасы «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында жаңа үйлердің кілтін алып, қоныс тойын тойлады. Ал 14 наурыз Амал мерекесіне орай Өскеменде ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов 20 пәтер иесіне кілт табыстады. Аймақ басшысы өз сөзінде тағы 132 пәтер берілетінін айтқан еді.

– Президент тапсырмасымен үкімет, жергілікті атқарушы органдар, мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар әзірлеп, іске асырылуда. Осының арасында ел көлемінде құрылыс, тұрғын үй саласында үлкен-үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгін біз 20 пәтер берсек, жақын күндері тағы 132 пәтер кілті табысталмақ. Алдағы уақытта осы тұрғындар өз отбасын сақтап, көңіл бөліп, үйлерінде той болсын дегім келеді. Бұл көпқабатты үй Мемлекет басшысы тапсырмасы негізінде әзірленген бағдарламалар аясында салынды, – деді аймақ әкімі.

20 пәтердің 15-і – әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін. Оның ішінде, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен I топтағы мүгедектер бар. Қалған бесеуі – дәрігерлерге бұйырды. Ресми ақпаратқа сенсек, биыл Шығыс Қазақстан бойынша 47 (3167 пәтер) аз қабатты тұрғын үй, алты несиелік және 41 коммерциялық пәтерді қолданысқа бері жоспарға енді.

1) «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша – 94 пәтер құрылысы;

2) Тұрғындар қаржысы есебінен 83,1 мың шаршы метр жекелей тұрғын үй құрылысы жоспарланды.

 

Жастарға қолайлы бағдарлама қайсы?

Ал жастарға арналған баспана мүмкіндіктеріне келсек, «Отбасы банк» қызметкерінің айтуынша, бүгінде бірнеше тиімді бағдарлама бар. Атап айтқанда, жастарға бағытталған жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар қарастырылған.

– Бүгінде жастар үшін баспана алуға бірнеше мүмкіндік бар. Ең тиімділері – әкімдіктермен бірлескен өңірлік бағдарламалар (мысалы, «Алматы жастары», «Елорда жастары»), онда пайыздық мөлшерлеме төмен және бастапқы жарна шамамен 10%. Сонымен қатар, «Наурыз» және «Отау» сияқты республикалық бағдарламалар да қолжетімді. Егер бұл бағдарламаларға іліне алмасаңыз, ең дұрыс қадам – Отбасы банкте депозит ашып, тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы төмен пайызбен несиеге шығу, – деді Жәния Досжан.

Ал жақында облыс әкімдігінде өткен жастар ісі жөніндегі кеңесте жас буын өкілдері баспана мәселесін көтерген еді. Қазір өңірде жастарға бағытталған жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама жоқ. Өңір басшысы 2024 жылы өңірде «Шығыс маманы» атты аймақтық жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама іске қосылғанын еске салды.

– Экономика басқармасы басқа облыстардың тәжірибесін зерделесін. «Шығыс маманы» аясында немесе жеке бастама ретінде жаңа бағдарлама дайындау керек. Бюджет мүмкіндіктеріне қарай тек энергетиктер мен құрылысшыларды ғана емес, басқа да саладағы мамандарды қолдау тетіктерін қарастырып, келесі жылға жоспарға енгізу қажет, – деді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов.

Жыл сайын түрлі ипотекалық бағдарлама қарастырылғанымен, инфляцияның өсуі, тұрғын үйдің қымбаттауы халықтың меселін қайтарып, ниетін төмендетіп отырғаны анық. «Өз үйім – өлең төсегім» демекші, біздікі әр қазақтың басында баспанасы болса деген тілек қана.

 

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив