Кеше қала әкімдігіндегілер Тоқтаров көшесіндегі қарбалас жұмыс барысымен танысып қайтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бірақ әлеуметтік нысан басшылығындағылар қай бұрышта, қай қалтарыста нендей кабинеттер болуы мүмкін екенін ашып айта алмады.
– Қазір 500 адамға шақталған емхана құрылысы жүріп жатыр. Қолымызда жоспар жоқ. Ол қолымызға тиген бойда, нақтысын айта айтуға болады, – деп қысқа қайырды аурухана басшылығындағылар.
Оған дейін бірнеше нысанды аралап шыққан қала басшысы Думан Рахметқалиев бас дәрігердің орынбасарына жұмысқа қатысты барлық ақпарат осы бастан сақадай-сай әзір тұруы керектігін баса айтты. Ғимараттың бірінші қабатында не болады, құрал-жабдықтар қалай орнатылады – осы бастан анықталуы тиіс. Кейін аурухана қолданысқа беріліп жатса, ағаттық кеткені туралы күңкіл сөз көбеюі мүмкін.
– Жауапты жұмыс өз алдына, ғимарат ауласында балалар алаңқайы да болуы керек. Оны қай жерге орнатуға болады? Қазір ойластырмасаңыздар, кейін өздеріңіз бас қатырасыздар бұған. Себебі, ол науқастарға да, жедел жәрдем көлігіне де кедергі келтірмеуі тиіс, – дед қала басшысы.
Қысқасы, әкімдік өкілдері емханаға келген ата-аналар дәрігер шақырғанша дәлізде зерігіп отырмас үшін қолайлы орын болғанын қалайды. Соның орны бекітілсе, инклюзивті балалар алаңы орнатылуы мүмкін. Бірақ осының бәрін талқылау үшін бас дәрігердің келмеуі әкім жадында бірнеше сауал туындатты.
Риддер басшысының орынбасары Қаныбек Төлеуханның сөзінше, жасалған ескертулерге сәйкес жауапты тұлғалардың қазірден ұсыныстар дайындағандары жөн. Түзейтін жері болса, тағы бір кеңеседі. Даладағы басқосудан соң біртіндеп екінші қабатқа көтеріліп, бірнеше палатаға кірдік. Мердігер сөзінше, күндізгі стационар палатасы төрт адамға шақталған. Ал тиісті жабдықтар әкелінсе, қасбетін орнатуға кіріседі. Бастысы, бәрін сатып алып қойған.
– Маңайын абаттандыруға кірісіп кеттік. Көлік тұрағын дайындаймыз жақында. Тамызға дейін аулаға асфальт төсеп, ауыр техникаларды шығарамыз. Сылақ жұмыстары да таяу арада тәмамдалады, – деді жұмысқа жауаптылар.
Құрылысты осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Пікірлер